Кеше Бас прокуратураның кезекті алқа мәжілісі өтіп, онда жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері, сондай-ақ жекелеген мемлекеттік органдардағы әкімшілік заңдарды қолданудағы заңдылықтың жай-күйі қарастырылды. Оған Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің, Жоғарғы Соттың өкілдері, Әділет, Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Төтенше жағдайлар министрліктерінің жауапты адамдары және басқалар қатысты.
Құзыретті органдардың қолданып отырған шараларына қарамастан, автомобиль қозғалысы саласында апатты жағдайлар мен адам шығындары түбегейлі жойылмай отыр. Осыған орай, алқаға қатысушылар қаралып отырған мәселенің және оған қатысты заңдарды одан әрі жетілдірудің, уәкілетті мемлекеттік органдардың қызметтерінің тиімділігін көтерудің өзектілігін атап көрсетті. Жол полициясы органдарының апаттылықтың жалпы көрінісін беретін есепке алу-тіркеу жұмысындағы елеулі кемшіліктері де қадап айтылды.
Сондай-ақ, алқаға қатысушылар жол полициясы, Кеден комитеті, Төтенше жағдайлар министрлігінің өрт қадағалау, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарының әкімшілік заңдарын қолдану кезіндегі азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету мәселелерін де талқылады. Бас Прокурор Қ.Мәми уәкілетті органдардан жол қауіпсіздігінің жоғары деңгейін қамтамасыз етуді, ведомстволық актілерде орын алып отырған олқылықтар мен қарама-қайшылықтарды жоюды, сондай-ақ әкімшілік материалдарды қарау барысында заңдылықтың бұзылу фактілерін болдырмауды талап етті. Осының нәтижесінде жол қозғалысы саласындағы есепке алу-тіркеу тәртібін жетілдіруге, осы бағыт бойынша ведомстволық бақылау мен прокурорлық қадағалауды күшейтуге, сондай-ақ әкімшілік өндіріске тартылған азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған шешім қабылданды, деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.