Үкімет • 11 Қазан, 2022

Бірі жұмыс, бірі жұмысшы таппай...

231 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстан Республикасының 2022 жылғы қаңтар-қыркүйек айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды.

Бірі жұмыс, бірі жұмысшы таппай...

Іскерлік белсенділікті ынталандыру керек

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров есепті кезеңде республика экономикасының өсу қарқыны 2,8%-ды құрағанын баяндады. Салалар арасында ауыл шаруашылығы (6,9%-ға), ақпарат және байланыс (6,7%), құрылыс (5,1%), көлік және қоймалау (4,8%), өңдеу өнеркәсібі (4,6%), сауда (4,3%) және тау-кен өнеркәсібі (0,1%) оң динамиканы көрсетіп отыр.

Сыртқы сауда айналымы 36,3%-ға ұлғайып, 86,3 млрд долларды құрады. Атап айтқанда, экспорт бойынша көрсеткіш 50,6%-ға (56 млрд доллар), өңделген тауарлардың экспорты 36,5%-ға (6,6 млрд доллар) өсті, тауарлар импорты 30 млрд долларды құрады. Жалпы, оң сауда балансы 26,4 млрд долларға жетті.

Өңдеу өнеркәсібі де оң өсу қарқынын сақтап отыр. Қаңтар-қыркүйек айларында өндіріс көлемі 4,6%-ға өсті. Сонымен қатар есепті кезеңде 10,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,9%-ға артық.

Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, мемлекеттік бюджеттің кірісі 11 трлн 177 млрд теңгені құрады (жоспар 104,8%-ға орындалды). Атап айтқанда, республикалық бюджетке шамамен 7,5 трлн теңге (101,9%), жергілікті бюджеттерге 3,7 трлн теңге (111,2%) түсті. Мемлекеттік бюджет шығыстары 96,2%-ға, республикалық бюджет шығыстары 96,3%-ға, жергілікті бюджет шығыстары 97,9%-ға орындалды.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің мәліметінше, осы жылдың 9 айында АӨК-тің жалпы өнімінің көлемі 6,9%-ға өсіп, 6,8 трлн теңгені құрады. Бұл өсім өсімдік шаруашылығындағы өндіріс көлемін 11%-ға және мал шаруашылығындағы өндіріс көлемін 1,1%-ға ұлғайту есебінен қамтамасыз етілді.

Аталған кезеңде азық-түлік өнімдерін шығару 3,7%-ға өсіп, 2,1 трлн теңгені құрады. Жалпы, қант (49,8%-ға), жарма (40%), өсімдік майы (39,9%), балық (20,3%), ұн (10,2%), өңделген күріш (8%), макарон (5,8%), тауық жұмыртқасы (5,3%), шұжық өнімдері (4,9%), сиыр сүті (1,8%) және тірі салмақтағы ет (0,7%) өндірісі артқан.

Дәнді дақылдарды жинау – соңғы сатыда. 10 қазандағы жағдай бойынша 15,9 млн гектардың өнімі жиналды, орташа өнімділігі гектарынан 13,5 центнерден айналып, бункерлік салмақта 21,6 млн тонна астық бастырылды.

Сонымен қатар Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев және Энергетика министрі Болат Ақшолақов баяндама жасады.

Премьер-Министр жыл соңына дейін іскерлік белсенділікті ынталандыру және экономиканың барлық саласында өсу қарқынын арттыру жөніндегі жұмысты күшейту қажет екенін атап өтті.

«Ірі кәсіпорындарға өндірістік жос­парларын іске асыруы үшін қолдау көрсетуді күшейту керек. Мәселені жан-жақты талдап, олардың айналым қаражаты, инфрақұрылым, логистика және өнімді сату бойынша проблемалық сұрақтарын шешуді қамтамасыз ету қажет», деді Ә.Смайылов.

Оған қоса, Үкімет басшысының айтуынша, шикізаттық емес секторларда, соның ішінде өңдеу өнеркәсібінде, ауыл шаруашылығында, көлік, логис­тика IT, туризм және басқа салаларда инвестициялық жобалардың санын арттыру керек.

Премьер-Министр шағын және орта бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, жаңа жұмыс орындарын құруды ынталандыру бойынша нақты шараларды пысықтауды, сондай-ақ бюджеттен қаржыландырылатын инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалар бо­йынша қаражатты толық әрі тиімді игеруді қамтамасыз етуді тапсырды.

Электрондық хабарлама арқылы вакансия ұсынылады

Сондай-ақ Үкімет отырысында халықты жұмыспен қамту мәселелері қаралды. Негізгі баяндаманы жасаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың хабарлауынша, 2016-2020 жылдары жұмыс күші жылына орта есеппен 36,4 мың адамға өссе, бұл көрсеткіш былтыр 2 есе өсіп, 76 мыңға жетті.

«Оларды жұмыспен қамту мәселесіне келсек, аталған кезеңде жалдамалы жұмыскерлер саны 68,8 мың адамнан 23,5 мың адамға дейін азайды. Бұл жағдай жұмыс орындардың жеткіліксіз болуына байланысты туындап отыр. 2000 жылдардан бастап дүниеге келген балалардың саны артты. Сол балаларымыз ержетіп, қазір еңбек нарығына қосылуда. Сол себепті, алдыңғы жылдары біртіндеп азайып келе жатқан өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны қайтадан өсіп, 51 мың адамға көбейді», деді Т.Дүйсенова. 

Биылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 654 мыңға жуық адам жұмысқа орналас­ты. Оның 225,5 мыңы немесе 34,5%-ы Ұлттық жобалар аясында, 203,9 мыңы  немесе 31%-ы – Мемлекет басшысының «10 мың адамға 100 жұмыс орны» тапсырмасының аясында құрылған жұмыс орындары; ал 224,3 мыңы немесе 34,3%-ы – жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындары.

Жұмысқа орналасқан осы азамат­тардың 67%-ы қазір 10%-дық зейнетақы аударымдарын тұрақты аударып жатыр немесе өздерінің жұмыс істеп жат­қандарын растап мәлімет берді.

Біріншісі, бұл 10 Ұлттық жобаның аясында құрылып жатқан жұмыс орындары. Осы бағыттағы жоспарлы көрсеткіштер орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен келісілген. Бүгінгі таңда бұл жоспар 75,6%-ға орындалды. Мемлекет тарапынан субсидия берілетін жұмыс орындарын ескергенде 203,3 мың жұмыс орны құрылды. Шаралардың ойдағыдай атқарылуына «Кәсіпкерлікті дамыту», «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» және «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту» сияқты Ұлттық жобалардың табысты жүзеге асуы септігін тигізді. Жаңадан ашылған жұмыс орындарының 92%-ы осы 3 жобаның еншісінде. Ал басқа жобаларда ең азы – 492, ең көбі 6,2 мың жұмыс орны құрылды. «Ұлттық жобалар аясында өңірлерде құрылған жұмыс орындарының 55%-ы – тұрақты. Онда жұмыс істейтін азаматтардың 46%-ы міндетті зейнетақы жарнасын төлеп отыр. Бұл ретте, тұрақты жұмыс орындарын құру бойынша ең төменгі көрсеткіш үш өңірде тіркелді: Қостанай облысында – 39%, Ақтөбе облысында – 37% және Ақмола  облысында – 33%. Осы орайда, Қызылорда облысының өте жақсы нәтижеге қол жеткізгенін атап өткен жөн. Облыста құрылған жұмыс орындарының 88%-ы – тұрақты жұмыс орны. Олардың 84%-ы зейнетақы аударымымен расталған», деді Т.Дүйсенова.

Ұлттық жобалардың тағы бір бағыты – субсидия берілетін жұмыс орындарын құру арқылы жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу. Қазір бұл бағыттағы жос­парлы көрсеткіш орындалды. Субсидия берілетін жұмыс орындарына қамтылған 152 мыңнан астам азаматтың 41%-ы – жастар. Осы шаралардың нәтижесінде жастар нақты машықтар мен дағдыларды игеріп, әрі қарай тұрақты жұмысқа орналасады. Алайда өңірлердің көпшілігі бұл бағдарламаларға қатысқан тұрғындарды тұрақты жұмысқа орналастырмаған. Ел бойынша жоспар 34,8%-ға ғана орындалды. Ең жоғары көрсеткіштер Ақмола, Жамбыл, Қызылорда және Алматы облыстарында тіркелді.  Ал ең төменгі көрсеткіштер Шымкент қаласында – 8,9%, Түркістан – 13,5% және Павлодар – 25,1% облыстарында.

Жастарды жұмысқа орналастыру мәселесі бойынша да ахуал дәл осындай сипатта болып отыр. Аталған 3 облыс мұнда да көш соңында тұр. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрінің айтуынша, бүгін­гі таңда Ұлттық жобалардың бәрі цифр­ландырылған. Сол себепті, Электрондық еңбек биржасында жұмыс орындары мен зейнетақы аударымдарына мониторинг жүргізіледі. Бұл шара Еңбек кодексінің нормаларына сәйкес, еңбек шарттарын тіркеу мәселесін де қамтиды. Бұған дейін 112,6 мың электронды келісімшартқа мониторинг жүргізілді. Оның төрттен біріне жуығы 12 айға дейінгі мерзімге жасалғаны анықталды.

Электрондық еңбек биржасының тағы бір артықшылығы – еңбек ресурстарының ел ішіндегі қозғалысына мониторинг жүргізуге мүмкіндік бар. Соңғы 3 айдың өзінде ұлттық жобаларда көрсетілген 28,3 мың бос жұмыс орнының 4 мыңнан астамын басқа өңірлерден келген адамдар иеленген. Еліміздің өзге аймақтарынан еңбек күшін тарту бойынша көш басында Алматы қаласы мен Қарағанды облысы тұр. Өңірлер арасындағы ауыс-қиыстың
58%-ы осы бағыттардың еншісінде. «Бұған дейін Электрондық еңбек биржасына шығарылған бос жұмыс орындарының 87%-ын адамдар иеленіп үлгерді. Бір сөзбен айтқанда, Электрондық еңбек биржасы халықты жұмыспен қамту мәселесін шешудің тиімді құралына айналып келеді. Сондықтан оны жергілікті атқарушы органдар белсенді түрде қолдануға тиіс», деді Т.Дүйсенова.

Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің келесі шарасы – Президенттің қалалар мен аудандарда тұратын 10 мың адамға 100 жұмыс орнын құру жөніндегі тапсырмасы.  Жұмыс орындарын құру жоспары Солтүстік Қазақстан (84%) және Павлодар (99%) облыстарынан басқа барлық өңірде асыра орындалған. Алайда Мемлекеттік кірістер комитетінің деректеріне жүгінсек, облыстарда тапсырманың орындалу деңгейі біркелкі емес. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысындағы 14 ауданның 11-інде жұмыс орындарын құру жоспары 60%-дан төмен, Мағжан Жұмабаев ауданында жоспар небәрі 22%-ға орындалған. Павлодар облысындағы 13 ауданның 7-інде жоспар орындалған жоқ.

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

 

Квоталар толық игерілмеді

Жұмыспен қамту ауқымын кеңейтудің тағы бір шарасы – азаматтарды жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы аймақтарға қоныстандыру бағдарламасы. Т.Дүйсенованың айтуынша, бүгінге дейін бұл бағыттағы жоспарлы көрсеткіш 71%-ға орындалды. Дегенмен қыста күн суыған кезде оңтүстік өңірлерден келетін көш тоқырайды. Сол себепті, квоталар толық игерілмей қалуы мүмкін. Қазір Павлодар облысында 1 мыңнан астам квота игерілген жоқ. Ал Солтүстік Қазақстан облысына 500 адам, Қостанайға 362 адам жоспардағыдан аз келді.

Бұдан бөлек, көшіп келген отбасы­лардың еңбекке қабілетті мүшелерін жұмысқа орналастыру ойдағыдай болып жатқан жоқ. Үш өңірде, атап айтсақ, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында жұмысқа орналасу үлесі – 58,5%-дан 67%-ға дейін. Тіпті жұмысқа орналасқанның өзінде олардың 54,4%-ы ғана зейнетақы аударымын жасап отыр. 

Қазір қоныс аудару бағдарламасын қайта қарау жоспарлануда. Алдағы уақытта азаматтар бос жұмыс орны бар өңірлерге ғана көшетін болады.

Алдағы жылдары еңбек нарығын қолдау үшін Отбасының цифрлық картасын пайдалана отырып, жұмыспен қамту саласында белсенді қызметтер көрсетуге және жыл сайын кемінде 100 мың жасты оқыту, жұмысқа орналастыру және өз ісін ашу үшін мемлекеттік қолдау шараларымен қамту жоспарланған.

Аталған тақырып бойынша Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев және Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов баяндама жасады.

Премьер-Министр Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасы бойынша мемле­кеттік органдар мен барлық деңгейдегі әкім­дердің жұмысы жаңа жұмыс орындарын құру көрсеткіші бойынша бағаланатынын атап өтті.

«Еңбек нарығында қандай маман­дыққа сұраныс көп, соған сәйкес жұмыс жүргізу қажет. Аса маңызды мәселе – халықтың әлеуметтік осал топтарын жұмыспен қамту», деді Ә.Смайылов.

Оның айтуынша, биыл Ұлттық жобаларды іске асыру шеңберінде 269 мыңнан астам жұмыс орны құрылуға тиіс. Қазір 203 мыңнан астам адам жұмысқа орналас­ты. Бірақ олардың 175 мыңы – уақытша жұмыс.

«Біз тұрақты жұмыс орындарын кө­бейтуге күш салуымыз керек. Ол үшін цифрлық технологияларға сүйену ма­ңызды. Мемлекеттік органдардың жүйелерін толық интеграциялай отырып, жұмыспен қамту сервистерінің барлығын цифрландыру қажет», деді Премьер-Министр.

Сондай-ақ ол Отбасының цифрлық картасы, Электрондық еңбек биржасы мен Жұмыс орындарын құру­дың интеграцияланған картасын бірік­тір­геннен кейін, жұмыссыз жүргендерге электрондық хабарламалар арқылы вакансиялар ұсынуға болатынын айтты.

«Жұмыссыздарға өтініш жазбай-ақ бос жұмыс орындарын ұсыну маңызды. Мұндай қызметтерді смартфон арқылы қолжетімді ету қажет», деді Ә.Смайылов.

Премьер-Министрдің айтуынша, жас­тарды жұмыспен қамтудың жаңа тәсілдері мен механизмдерін енгізуге ерекше назар аудару керек. Жыл сайын еңбек нарығына 300 мыңға жуық жастар шығады. Олардың жұмыс тәжірибесі жоқ. Ол бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша NEET санатындағы жастардың саны Ұлытау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Жамбыл және Алматы облыстарында көп екенін атап өтті. Ал бұл өңірлерде мамандарға сұраныс көп.

«Аталған облыстардың әкімдіктері жастарды оқытып, жұмысқа орналас­тыру мәселесін жеке бақылауға алсын. Жастарға жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары туралы жеткілікті ақпарат берілмейді. Сондықтан осы бағытта ақпараттық-түсіндіру жұмысын күшейту қажет», деді Премьер-Министр.

Отырысты қорытындылай келе, Ә.Смайылов халықты жұмыспен қамтудың жаңа тәсілдерін әзірлеуді және оны еңбек нарығын дамытудың кешенді жоспарының жобасына енгізуді, тиісті қызметтер көрсетуді автоматтандырып, қарау мерзімдерін қысқартуды тапсырды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Цифрлық даму, Инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері мен әкімдіктерге жұмыспен қамту саласының инфрақұрылымын жаңғыртуды қамта­масыз ету және жұмыспен қамту орта­лықтарының қызметін толық цифрландыру тапсырылды.

«Біз жұмыспен қамту идеологиясын, қоғамдағы еңбекке деген көзқарасты өзгертуіміз керек. Еңбек адамының оң имиджін, барлық кәсіптердің құндылығын қалыптастыру мәселелерін пысықтау қажет», деді Ә.Смайылов.