Ақсуда қатарынан екінші жыл жүзеге асырылған «Tugan Qala» бағдарламасы тұрғындарды қаланы көркейтуге жұмылдыруды көздейді. Тетігі өте қарапайым: тұрғындар арнайы порталда өз жобасын ұсынады, одан соң дауыс беру арқылы жүзеге асырылатын үздік жобаларды анықтайды. Оған қажетті қаражат ERG мен Павлодар облысы әкімдігі арасында жыл сайын жасалатын меморандумда қарастырылған. Былтыр жеңімпаз деп танылған 16 жоба биыл іске асырылды.
Атап айтқанда, мұнда жаңадан балалар және спорт алаңдары, жаяу жүргінші жолдары, көлік және велотұрақтар, аялдама павильоны мен қоғамдық әжетхана салынып, қайық стансасы мен қалалық жағажай абаттандырылды. Әсіресе жағалау осы жазда адам танымастай өзгерді. Тұрғын Максим Дундуков ұсынған жоба арқылы Ертістің арнасы тазартылды. Бұл істе ЕурАзия энергетика корпорациясы көмек қолын созды. Балшық сорғыш кеме беріп, құм тасып, ағаш тапшандар мен шайынатын кабиналар орнатты.
Ал Асыл Әміровтің жобасының нәтижесінде жағажай аумағы инклюзивті сипат алды. Арбаға таңылған жандар бұрын жағажайға сирек келетін. Енді жағдай өзгерді.
– Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін жағажайға келіп, қыздырынып жатуына мүмкіндіктер қарастырылмаған еді. Арбада отырған қала тұрғындарының лайықты демалысына жағдай тудыру керек екенін жобамда көрсеттім. Оның үстіне бұл үшін көп дүние қажет емес еді, жолдар мен шезлонгтер алаңын жабдықтап, суға қарай еңіс жасаса жетіп жатыр. Біз бұл мүмкіндіктерді іске асырдық. Сонымен қатар қауіпсіздік үшін қоршауы бар қосымша аймақ қарастырдық, – дейді жоба авторы Асыл Әміров.
Құпталып, өміршең етілген жоба авторларының басым бөлігі – ERG кәсіпорындарының қызметкерлері. Ақсу ферроқорытпа зауытының директоры Валентин Чичихиннің сөзіне қарағанда, осының бәрі кезінде Инноваторлар форумындағы «әлеуметтік жобалар» бағытынан басталған. Бүгінде ол еліміздің бес қаласында жүзеге асырылатын «Tugan Qala» деп аталатын тұтас бағдарламаға айналды.
– Біздің сәулетті шаһарымызда белсенді, қала өміріне бейжай қарамайтын адамдар тұратыны қуантады. Компания көпшіліктің ынтасын жақсы түсініп, тұрғындардың өздері таңдау жасайтын жобаларға мұрындық болғаны көңілімізді марқайтты. Бұл – «Tugan Qala» жобасының алғашқы қарлығаштары, мұндай жобалар әлі де көбейетініне сенімдімін, – дейді Ақсу қаласының әкімі Нұрлан Дүйсембинов.
Қазір металлургтер шаһарында «Tugan Qala» жобасының екінші маусымы өтіп жатыр. Үздік бастамаларды анықтау үшін қала тұрғындары дауыс беруді бастап кетті. Жеңімпаз жобалар 2023 жылы іске асырылады. Компания бір Ақсудың өзіне 100 млн теңге бөлмек.
Павлодар облысы,
Ақсу қаласы