«Таза Қазақстан» • Бүгін, 13:32

Жауапкершілік мәдениетінің бүгінгі белесі

10 мин
оқу үшін

Тазалыққа ұмтылған елдің тіршілігі жаңарады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен осы елдік мақсатта қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық жобасы көшені сыпырумен ғана шектелетін науқан емес, қоғамның ішкі мәдениетін, табиғатқа, туған жерге, ортақ құндылықтарға деген көзқарасын өзгертетін азаматтық қозғалыс. Осы тұрғыда «Таза Қазақстан» тақырыбы – экологиялық ақпараттық науқан емес, қоғамдық мінез-құлық, салиқалы сана қалыптастырудың тиімді тетігі.

Жауапкершілік мәдениетінің бүгінгі белесі

Тұтас елдің табиғи тұмары

Жүрген жерін, тұрған орнын, өскен өлкесін таза ұстау – жана­шырлықтың шынайы көрінісі, жауапкершілігі жоғары адамның ғана қолынан келетін игі іс. Жас ұрпаққа тәрбиені нақты іспен, ұдайы үлгі етуді насихаттайтын бұл бастаманың маңызын Прези­дент әрдайым айтып келеді. Ұлт­тық құрылтайдың IV отырысында: «Таза Қазақстан» әр адамның күнделікті дағдысы, өмір салты болуы қажет» деп, бұл бастаманың уақытша акция болмай, ұлттың жаңа мәдени нормасына айналуға тиіс екенін нақты атап өтті.

Өзендер өрнектеген өлке – Жетісу жерінің табиғаты баға жетпес байлық, түптеп келгенде тұтас елдің экологиялық тірегі. Іле Алатауының баурайы, Қапшағай жағалауы, Шарын шатқалы, Көл­сай мен Қайыңды бағытындағы ту­ристік ағын, Жетісудың өзен-көл­дері. Осы байлықтың бәрін саф күйінде сақтау, келесі ұрпақ­қа табыс­тау табиғатқа деген жауап­кершілікті талап етеді. Табиғатқа салғырт қарау бұл өңірде тек эколо­гиялық емес, экономикалық мәсе­леге де айналуы мүмкін. Себе­бі туризмнің тынысы да, ауыл шаруа­шылығының болашағы да, халық­тың өмір сапасы да қоршаған ор­та­ның тазалығымен тікелей байланысты.

Әсіресе, туризм дамыған өңір­де тазалық мәдениеті – аса маңыз­ды заңдылықтардың бірі. Бүгінде әлемдік тәжірибеде ­туристер табиғаты бүлінген жерден гөрі мәдениеті қалыптасқан ортаға көбірек барады. Барған күннің өзінде ондағы жергілікті жұрттың тазалық сақтауына қарай сыйластық танытады, соған сай өздері де әрекет етеді. Сон­дық­тан Алматы облысында таби­ғат­ты қорғау тек мемлекеттік меке­мелердің емес, жергілікті халық­тың да, ішкі туризмнің дамуы­на үлес қосып жүрген отандас­тарымыздың да азаматтық ұста­ны­мына айналуы қажет. Көл жаға­сына қалдырылған бір бөтелке немесе тау бөктеріне тасталған қоқыс ертеңгі ұрпаққа жасалған қиянатпен тең. Осы орайда кәсіби гидтердің, туристік ұйымдардың, демалыс аймақтары иелерінің де жауапкершілігі айрықша сезіледі. Қазір әлемде гид тек жол көрсетуші емес, экологиялық мәдениетті насихаттаушы саналады. Туриске таби­ғаттың тарихын айтып қана қоймай, оны аялаудың әдебін үйрету – өркениетті туризмнің талабы.

Кейінгі бір жылда Алматы об­лы­сына келген туристер саны 29,8 пайызға өсіп, 658 мың адамға жетті. Оның ішінде шетелдік турис­тер саны 147 мыңға көбейіп, өңір республикада алғашқы үштікке енді. Туризм саласынан бюджетке түскен салық көлемі 25,8 пайызға артып, 11,2 млрд теңгені құрады. Қазірде жалпы құны 638,2 млрд теңгені құрайтын 30 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл Алматы облысында туризмнің жай демалыс саласы емес, экономиканың нақты қозғаушы күшіне айналғанын көрсетеді. Табиғатты қорғау бүгін­де тек экологиялық міндет емес, өңір экономикасының табысын сақтайтын стратегиялық қажеттілік.

Алайда мәселенің екінші жағы да бар. Кейбір туристік бағыттарда стихиялық қоқыс орындары, жағалауда қалдырылған пластик қалдықтар, демалыс мәдениетінің төмендігі әлі де кездеседі. Демек мәселе сенбіліктің санынан гөрі, әр азаматтың ішкі мәдениеті мен күнделікті мінез-құлықтың өзгеруіне келіп тіреледі.

 

Сөзден іске көшкенде

Бұрынғыны былай қойғанда, тәуелсіздік тарихының өзінде елі­мізде құрғақ сөз жүзінде қа­лып қойған жобалар болды. Нау­­қан кезінде жанып, жылдам өш­­кені одан да жетіп артылады. Мұның бәрі сөздің іске айналуы жолындағы қиындықты еңсермеудің, табандылық таныт­паудың белгісі. Тазалық әрбірімізге керек қажеттілік болғандықтан, «Таза Қазақстан» бастамасы өмір­шең дүниеге айналып отыр. Өйткені бұл жобаның маңызын кез келген адам толық түсінеді. Айталық, ауасыз, сусыз тіршілік жоқ, болмайды да. Сол ауа мен судың таза болғаны – бәрімізге ортақ қажеттілік.

Бұл жұмыстардың жүйелі жүзеге асуына облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев ерекше мән беріп отыр. Өңір басшысы тазалық мәдениетін бір реттік акция емес, тұрақты қоғамдық дағдыға айналдыру қажеттігін әр деңгейдегі кездесулерде атап өтіп, экологиялық бастамалардың нақты нәтижеге жұмыс істеуін басты міндеттердің бірі ретінде белгіледі.

Алматы облысы кейінгі жылдары экологиялық мәдениетті қа­лыптастыруды тек сенбілік дең­гейінде қалдырмай, жүйелі қоғам­дық үрдіске айналдыруға күш салып келеді. Салалық басқар­малардың былтырғы жылдың мәліметіне сәйкес, облыста «Таза Қазақстан» акциясына 849 мың адам, 8,8 мың кәсіпорын мен ұйым қатысты. Нәтижесінде 17,5 мың тонна қоқыс жиналды. Өңірдің орман қорының жалпы аумағы 2,2 млн гектардан асады, оның 1,2 млн гектары орманмен көмкерілген. Жыл басынан бері 103 мыңнан астам ағаш отырғызылды, оның бір бөлігі 429 мектептегі оқушылардың қатысуымен жасалды.

Облыста су ресурстарын сақтау мәселесіне де айрықша назар аударылып отыр. Іле, Талғар, Түрген, Есік секілді өзендер мен Қапшағай су айдыны – өңірдің экологиялық тепе-теңдігін сақтайтын басты арналар. Еліміздегі су ресурстары жөніндегі деректер платформаларында климаттық өзгерістер мен су тапшылығы мәселесі бүкіл ел­ге өзекті екені көрсетілген. Сол тұр­ғыда жағалау аумақтарын тазар­ту, өзен арналарының сани­тар­лық жағдайын бақылау, су айдын­дарын қорғау бағытындағы акциялар қоғамдық қолдауға ие болды.

«Таза Қазақстан» бастамасы аясын­да облыста экологиялық road-эстафеталардың, жастар акция­ларының, тарихи орындар мен туристік бағыттарды тазарту жұмыстарының ұйымдастырылуы да – жаңа қоғамдық көзқарастың көрінісі. Тазалық ендігі жерде тек коммуналдық қызметтің міндеті емес, елдік сана мен ортақ жауапкершіліктің өлшеміне айналды. Мәселен, Тарғап ауылы маңында басталған «Taza Qazaqstan» road-эстафетасы бірнеше өңірді қамтып, мың­даған жасты табиғатты қорғау идеясына жұмылдырды. Ұйым­дастырушылар бұл іс-шараның негізгі мақсаты қоғамда жаңа экологиялық мәдениет қалып­тастыру екенін атап өтті.

 

Экономика мен экология – егіз ұғым

Алматы облысында бүгінде эко­номикалық өсім мен табиғатты қорғау мәселесі қатар өріліп отыр. Бұл – өңір әкімі Марат Сұлтанғазиев ұстанған даму саясатының бас­ты басымдықтарының бірі. Ин­вестиция тарту, өндірісті кеңейту, экологиялық тепе-теңдікті сақтау өңір дамуының өзара сабақтас үш тірегіне айналып келеді.

Өңірдің ел экономикасындағы орнын нығайтып, 10-орыннан 5-орынға көтерілді. Облыстың экономикалық көрсеткіші жоға­ры­лап, инвестиция тартатын жетек­ші аймақтардың біріне айналды. Мұны нақты экономикалық көрсеткіштер де айғақтайды. Бүгінде облыста 250-ден астам инвестициялық жоба жүзеге асып жатыр. Мұндай қарқын табиғатты сақтау мәселесіне деген талапты да күшейтеді. Себебі экономика өскен сайын қоршаған ортаға түсетін салмақ та артады. «Таза Қазақстан» акциясы – бұл жерде экология мен экономиканың арасындағы тепе-теңдікті сақтайтын маңызды қоғамдық ұстаным.

Өңірде экологиялық инфрақұ­рылымды жаңғырту мәселесіне де ерекше көңіл бөлініп келеді. Соңғы мәліметтерге зер салсақ, облыста қалдықтарды қайта өңдеу саласында 148,8 млрд теңгені құ­райтын 8 ірі инвестициялық жоба іске асырылмақшы. Олардың қатарында қоқысты сұрыптау кешендері, биоэлектр стансалары, тағам қалдықтарын өңдеу өндірістері бар. Бұл жобалар тек қоршаған ортаны қорғауға емес, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өңірдегі экологиялық экономиканы қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар облыста жыл басынан бері 103 мыңнан астам ағаш отырғызылып, 20-дан астам экопарк жұмыс істеп тұр.

Бүгінде тазалық ұғымы біртін­деп тұрмыстық деңгейден қоғам­дық жауапкершілік деңгейіне көтеріліп келеді. Бұрын сенбілікке міндет ретінде қараған жұрт енді туған жердің тазалығын ортақ абырой деп қабылдай бастады. Бұл – санадағы өзгерістің белгісі.

Табиғат адамзатқа үнсіз әрі тынымсыз қызмет етеді. Таулар талмайды, өзендер тынықпайды, ормандар шағымданбайды. Бірақ олардың тағдырына адамның мәдениеті тікелей әсер етеді. «Таза Қазақстан» бастамасының ең үлкен жетістігі де осында – ол айналаны ғана емес, адамның жанын тазартуға, ішкі жауапкершілігін көтеруге жол ашты. Табиғатқа жанашырлық бар жерде келешекке деген сенім де жоғары болады. Туған жердің тазалығын сақтау – болашақ ұрпақ алдындағы аманат. Ендеше, аманатқа қиянат жасамауды бәрінен биік қоятын ұлт екенімізді әрдайым жадымызды ұстайық.

 

Ерлан ЖҰРЫНБАЕВ,

«Өлке тынысы»

ЖШС директоры

Соңғы жаңалықтар

Жауапкершілік мәдениетінің бүгінгі белесі

«Таза Қазақстан» • Бүгін, 13:32