Суретті түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ
Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясы ұйымдастырған бұл байқау осымен үшінші мәрте өтіп отыр. Байқауға Маңғыстау, Қарағанды, Қостанай облыстарынан, Астана, Шымкент, Атырау қалаларынан, Батыс Қазақстан облысы аудандары мен жергілікті Орал қаласынан келген 21 өнерпаз қатысып, бақ сынады.
Танымал сазгер, Ақжайық өңірінің гимніне айналған әйгілі әннің авторы Донеділ Қажымовтың шығармашылығын насихаттайтын жас әншілер байқауына Алматы қаласынан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Мұхтар Шәмшіұлы Қалдаяқов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, композитор, Қазақстан композиторлар одағының төрағасы Серікжан Әбдінұров, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Қосанова, Ақтөбе саз колледжінің директоры, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Аманжол Исмағұловтар арнайы келіп, қазылық етті. Алқа құрамында сондай-ақ Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі Еркін Нұрымбетов, мәдениет саласының үздігі, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі Жаскелең Ғайсағалиевтер де болды. Донеділ Қажымовтың өзі төрағалық еткен қазылар алқасы астаналық Армат Амандықовты бас жүлдеге лайық деп таныды. Байқаудың бірінші орын жүлдесі батысқазақстандық Тарас Жауынбаевқа бұйырды.
Ақтөбелік Нұртас Омаров пен маңғыстаулық Серіжан Масжанов жүлделі екінші орынға ие болса, Маңғыстау облысынан келген тағы бір өрен Ерхат Жақашев, оралдық Мұрат Ахметов және атыраулық Бақтоты Кәкімова үшінші орынды өзара бөлісті. Ал Түркістан облысынан келген үміткер Өсербай Бөріханов пен қарағандылық Динара Дүйсембаева, қостанайлық Әжібай Тасқын дипломант атанды. Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданынан қатысқан квартет мүшелері Райымбек Кәрімов, Асылан Боранбаев, Әсем Ғайнулина және Шынар Қайыпова «Көрермен көзайымы» сыйлығымен марапатталды. Байқауға қатысқан өзге қатысушыларға да Алғысхат пен естелік сыйлық табысталды.
Байқаудың соңы «Донеділ достарын шақырады» атты концертке ұласты.
Батыс Қазақстан облысы