Медицина • 12 Қазан, 2022

Зергерлікке пара-пар операция

285 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елордада биыл операция жасау көрсеткіші былтырға қарағанда 10%-ға өсті. Жоғары технологиялық медициналық көмек қолдану арқылы МӘМС бойынша 10,2 млрд теңге сомасына қосымша 3 888 қызмет көрсетілді. Мұндай операциялар қазіргі уақытта да жалғасып жатыр. Жуырда Ұлттық нейрохирургия орталығында 6 жасар балаға зергерлік жұмысқа пара-пар өте күрделі операция жасалды.

Зергерлікке пара-пар операция

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«Әлеуметтік медициналық сақ­тан­дыру қоры» КеАҚ елорда филиалы баспасөз қыз­ме­тінің хабарлауынша, Ұлттық нейрохирургия орталығына Алматы облысынан келген 6 жасар қыздың ата-анасы медициналық көмекке жүгінді. Ата-ана кішкентай науқастың қо­лы мен аяқтарының әлсіз, қозға­лы­сы шектеулі және мойнын өз бетінше ұстай алмайтыны жөнінде шағымдарын жеткізді.

МРТ-да дәрігерлер мойын-желке омыртқа­ла­рының дамуындағы туабіткен ауытқуды анықтады. Ней­­ро­хирургия орталығының дәрі­гер­лері консилиум өткізіп, емдеу­дің одан әрі тактикасы мен әдісін анықтады. Жағдайдың күрделілігі сол, қыздың бірнеше омыртқа де­не­­лерінің болмауынан, бала басын толық ұстай алмай, басы алды­на қарай ығысып кетіп қалады.

Жұлын нейрохирургиясы, шет­кі жүйке жү­йе­сі­нің патологиясы бөлім­шесінің меңгеру­шісі Талғат Керімбаевтың айтуынша, күр­де­лілігі мен қауіптілігіне бай­ла­ныс­ты мұндай операциялар тек же­текші мамандандырылған кли­ни­­каларда жасалады және ай­тар­­лықтай сирек кездеседі.

«Біз балаға аса күрделі операция жасадық. Қыз балада мойын-желке омыртқаларының көп­теген туабіт­кен ақаулары болды. Сол себеп­ті жұлын мен ми бағанасы қысылған. Осыған байланысты, 6 жасқа дейін бала өздігінен жүре алмады, еркін қозғала алмады, киі­ніп, шал­қасынан жата алмады. Нев­рологиялық симп­томатология­ны және МРТ зерттеу нәти­же­лерін ескере отырып, нейрохирургтер то­бы­ның шешімі бо­йынша бас пен мойынның қалыпты анатомиялық арақатынасын қалпына келтіре отырып, мо­йын-желке аймағының омыртқаларын қалпына келтіру, содан кейін С1, С2, С3, С4, С5, С6 омырт­қаларын трансартикулярлы, транскортикальды бекіту операциясы жасалды», деп түсін­дір­ді Т.Керімбаев.

Қыздың анасының айтуынша, бес жасқа дейін қыз толық жүре алмаған, балерина сияқты аяқтың ұшымен жүрді. Алты жасында, қыздың бойы күрт өскен кезде, аяқтың ұшымен жүруді тоқтатып, толығымен төсекке таңылды.

«Біз баламыздың туабіткен патологиясы тура­­­­лы білген кезде бұған дейін де осы орталыққа жү­гінген едік. Бірақ дәрігерлер сүйектердің аздап нығаюы үшін біраз уақыт күту керектігін айтты, опера­ция кейінге қалдырылды. Енді осы орталыққа операция жасатуға келдік. Мұнда операцияға арнайы дайындық шаралары өтті. Бір апта бұрын балама операция жасалды. Жүруге әлі ерте, де­ген­мен қазір баламның ая­ғын­да жиы­рылу жоқ екенін байқадым. Аяқ­тың табаны босаңсыған, бұ­рын­ғыдай тартылып тұрған жоқ. Енді қызымыздың алғашқы қадамдарын жасай алатын сәттерін асыға күту­де­міз!», деді кішкентай нау­қас­тың анасы.

Балалар нейрохирургиясы бө­лім­­шесінің нейрохирург дәрі­гері Сапарбек Сейітбековтің айтуынша, операция кезінде негізгі міндет қы­сылған жұлынды сәтті босату, физиологиялық лордоз жасау және мойын омыртқасын бекіту болды.

«Операция кезінде омырт­қа­лардың ауытқуы техни­калық тұр­ғыда қиындық туғызды. Ми бағанасының, жұлын мен қан тамырларының зақым­дану қаупі өте жоғары болды. Осы өмір­лік ма­ңызды орталықтар зақымданған жағ­дайда пациент сал ауруына шал­дығуы мүм­кін немесе, тіпті пациент өлімімен аяқталуы да әб­ден мүмкін еді. Бақытымызға орай, бәрі ойдағыдай өтті. Баланың қимыл-қозғалысқа бейімделуі реттеле бастады, қазір жиырылу регрессиясы және аяқтың бұлшық еттерінің күш алу динамикасы байқалады», деді С.Сейітбеков.

МӘМС аясында жүргізілген опе­рация 4 сағатқа созылды. Опера­цияны профессор, ҰЖҒА ака­демигі Талғат Керімбаев, прак­тика­лық жұмыс өтілі 30 жылдан астам, нейрохирург дәрігер, PhD Виктор Алейников және Балалар нейро­хирургиясы бөлімшесінің нейрохирург дәрігері Сапарбек Сейітбеков жасады.