Экономика • 13 Қазан, 2022

Зауыттағы жаңғырту жұмыстары

230 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақтөбе ферроқорытпа зауытында №1 және №2 балқыту цехтарының аспирациялық жүйелерін жаңарту жұмысы басталды. Бұл іс ойдағыдай аяқталса қатты зат шығарындылары 30 пайызға кемімек. «Қазхром» трансұлттық компаниясы ауқымды экологиялық жобаны іске асыруға 12 млрд теңгеден аса қаражат бағыттаған.

Зауыттағы жаңғырту жұмыстары

Зауыттың №1 және №2 балқыту цехтары кәсіпорын ашылғалы бері жұмыс істеп келе жатыр. Цехтарды жаңғыртудың компания үшін ғана емес, аймақ үшін де стратегиялық маңызы бар. «Қазхром» трансұлттық компаниясы даму стратегиясын қайта қарастыра келе 600-ге жуық адам жұмыс істейтін ескі цехты жаңғыртуды ұйғарған. Бұл ретте өндірістік қуатты арттыру ғана емес, сонымен қатар газ тазарту жүйесін жетілдіруге басымдық беретін экологиялық жобаларды жүзеге асыру да ерекше маңызды. 

– Цехтарды жаңғырту Ақтөбе облысының табиғат қорғау жобаларын жүзеге асыру бойынша Жол картасына енгізілді. Біз бұл жұмыстарды дер кезінде тыңғылықты орындаудың маңызын түсінеміз және ол үшін бар күшімізді салып жатырмыз. Қазіргі күні жобалау толық аяқталды, негізгі технологиялық жабдық сатып алынған. Геологиялық ахуалға байланысты мердігер мекеме кеш анықталды. Қазір мердігер ұйым жобаны іске асыруды бастап кетті. №2 балқыту цехының газтазартқышын жаңарту жыл соңына дейін, ал №1 балқыту цехында келесі жылдың бірінші жартыжылдығында аяқталады деп жоспарланып отыр, – дейді «Қазхром» трансұлттық компания­сы» АҚ президенті Сергей Прокопьев.

Жобаны іске асыру барысында электрлі сүзгілер жеңдік сүзгілерге ауыстырылады. Олар алдыңғы­сына қарағанда екі есе тиімді. Сондай-ақ цехтардың ішіндегі газ құбырлары жүйесі жаңғыртылып, жаңа сүзгілерге газдарды бұрып жіберу үшін төмен­гі зонттар қондырылады. Бұдан өзге жоғары қуатты түтінтартқылар мен қосымша қосалқы станса тұрғызылады.

Аспирациялық жүйені «ЭнергоМашЭкология» (Украина) инжинирингтік компаниясы әзірлеген. Аталған компания ферроқорытпа өндірісіндегі аспирациялық жүйелерді өндіру саласында көш бас­тап келеді. Ал Ақтөбе металл құрастыру зауытына қарасты «ҚазЭнергоМашЭкология» мамандары құрастырумен айналысты. 

– Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде балқыту цехтарының жұмыс кеңістігінен шаңды іріктеу жақсарады. №2 балқыту цехының электр сүзгілерін жаңартудан өзге, шығарынды шахталары мен газ құбырларының аспирация жүйесін, №1 және №2 балқыту цехтарының пеш қақпақтарын тығыздау жұмыстары қолға алынады. Бұл жұмыстар газтозаң­дық шығарындыларды оқшаулау мақсатында жүргізіледі. Жобаның нәтижесінде, 2024 жылы шаң шығарындыларын орташа есеппен 1 830 тоннаға дейін қысқарту көзделіп отыр. Бұл қоршаған ортаға жүктемені кемі 30 пайызға азайтуға сеп, – дейді «Қазхром» трансұлттық компаниясы» АҚ бас экологі Светлана Мащенко.

Қазіргі күні жеңдік сүзгілер мен газ құбырларының, түтінтартқының астына тіреуіштер орнатылып, іргетастар қаланған. №2 балқыту цехындағы жұмыс кеңістігінен шаңдарды қармауға арналған төменгі зонттар қондырылып жатыр.