Сонымен отандық бизнес-қауымдастық жаңа Салық кодексінен қандай өзгеріс күтеді? Нендей ұсыныстары бар? «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Facebook-тегі ресми парақшасындағы талқылау барысында кәсіпкерлер қауымы жетілдіруді талап ететін негізгі бағыттарды атады.
Ұлттық палатаның басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркеновтің айтуынша, ел Президентінің салық мәселесіне баса назар аударуы бизнес үшін өте маңызды. Өйткені мемлекет кәсіпкерлік саласындағы проблемаларға айрықша мән беруге дайын. Сондықтан кәсіпкерлер отандық бизнестің дамуына кедергі келтіріп отырған мәселелерді жоғары жаққа жеткізу үшін осы мүмкіндікті тиімді пайдалануы керек.
Кәсіпкер Максим Барышев маңызды құжатқа өзгеріс енгізбестен бұрын барлық салық пен басқа да міндетті төлемдерге талдау жүргізу керек деп санайды.
– Алдымен салық төлеушілер кім және салықтар қалай әкімшіліктендіріліп жатқанын анықтап алу маңызды. Өйткені әкімшіліктендіруі өзінен қымбат салықтар бар. Салықтар мен басқа да міндетті төлемдер санын қысқарту қажет. Бұдан бөлек салықтық кэшбэк енгізуді ұсынамын. Осылайша, кәсіпкерлер өзінің әр фискалды чегі үшін салық әмиянына бонус жинайды да, оның есебінен басқа салықтарын төлей алады. Бизнестен түскен тағы бір ұсыныс –
6 төлем түрін бірыңғай салыққа біріктіру. Төлейтін салығы әр түрлі азаматтардың түрлі санатын салық мөлшерлемелері бойынша бір санатқа біріктіру керек. Ал салық төлеудегі ақшалай айырмашылығын әр санат кэшбэк түрінде картасына алып отырар еді, – деді М.Барышев.
«Қазақстан салық консультанттарының қауымдастығы» өзін-өзі басқарушы ұйымының басқарма төрағасы Сәкен Қарин салықтық әкімшілендіру проблемасына тоқталды.
– Салық кодексінде салық төлеушінің адалдық қағидаты көзделген. Кәсіпкердің адалдық презумпциясы Кәсіпкерлік кодексте де бар. Қазіргі кезде салықтық бақылаудың бүкіл жүйесі, атап айтқанда, салық төлеуші өзінің адалдығын дәлелдеуіне негізделген. 2020 жылы пандемия кезінде кәсіпкерлерге 240 мыңнан астам камералдық бақылау хабарламасы жіберілгенін статистика көрсетті. Олардың жартысы түсіндірмемен қайтарылды, яғни іс жүзінде салық төлеуші заңды бұзған жоқ. Бұл мәселені тәуекелдерді басқару жүйесін жақсарту арқылы шешуге болады. Рас, аталған жүйенің жиі сынға ұшырайтыны жасырын емес. Деректер көп жағдайда құпия әрі Кәсіпкерлік кодекстің нормаларына қайшы келеді. Жүйені пысықтап, жұмысқа кәсіби аудиторлар, адвокаттар, салық кеңесшілерін тарту қажет. Сонда салық органдарымен арада даулар аз болады, ал салық міндеттемелерін орындау сапасы артады, – дейді С.Қарин.
Рестораторлар жаңа кодексте тамақтану саласы қосылған құн салығынан босатылса екен деп үміттеніп отыр. Қазақстан қоғамдық тамақтану қауымдастығы төрағасының кеңесшісі Вероника Нұрпейісованың айтуынша, рестораторларда қосылған құн салығына кіретін кіріс жоқ. Сондықтан қосылған құн салығы сатылымдардан түскен салық ретінде аударылады. Мұндай жағдайда кәсіпкерлер бағаны көтеруге мәжбүр.
– Экономикалық жағдай жақсарып жатқан жоқ. Сондықтан біз бизнесті бөлшектеуді бастаймыз. Егер бұрын бізде бір мейрамханаға екі-үш заңды тұлға ретінде тіркеу болса, қазір бұл сан еселене түсті. Заңды тұлғалардың кірісі мен шығысын реттейтін бухгалтерлер саны да артты, – дейді В.Нұрпейісова.
«Астана-Нан» ЖШС бас директоры Ырысбек Исаев кәсіпкерлерге көп жағдайда бәсекелестермен емес, заңнама талаптарымен күресуге тура келетінін атап өтті. Мысалы, нарықта пестицидтер өндіру саласында 5 зауыт бар еді, қазір екеуі ғана қалды. Бұл ретте кәсіпкерлер үнемі салық төлейді, бірақ қолдау көрмейді.
– Биыл бізге фермерлер жүгінді. Олардың импорттаушы серіктестері қиындықтар орын алды деп міндеттемелерін орындамаған. Біз қиындықтар мен шикізат түріндегі қосымша жүктемеге қарамастан өндірісті 80 пайызға ұлғайттық, қосымша қызметкерлерді жұмысқа алдық. Бірақ мемлекет тағы да импортталатын пестицидтерге субсидия енгізіп, отандық өндірісті елемей отыр, – дейді Ы.Исаев.
Қазақстан астық өңдеушілер одағының президенті Әлихан Талғатбек шикізат пен дайын өнім бойынша сараланған қайтарылатын қосылған құн салығын қайта енгізуді ұсынды.
– Елде өндірілетін шикізатты қайта өңдеуді ынталандыру және өңделген өнімді экспорттау үшін бұл ыңғайлы әрі тиімді құрал. Өкінішке қарай мұндай мүмкіндік қолданыстағы кодексте қарастырылмаған. Елден шикізат арзанға кетіп жатқанын айтып жүргенімізге 5-6 жыл болды. Қазіргі кезде экономика шикізатты экспорттау тиімді болатындай етіп құрылған, – дейді Ә.Талғатбек.
Қазақстанның сауда кәсіпорындары қауымдастығының Қарағанды облысы бойынша өкілдігінің директоры Марина Бошель микро бизнестің тартымсыз кәсіп болып қалғанын атап өтті.
– Егер кәсіпкер өз табысын есептейтін болса, онда кәсіпті тастап, жұмыссыз ретінде жұмыспен қамту орталығына барып тіркелу оңайырақ болады. Қазір біз шағын дүкендерді сақтап, қосылған құн салығының шегін 30 мың теңгеге дейін арттыруға тырысуымыз керек, – дейді ол.