Астана экономикалық форумы: 2-ші күн
Елордада өтіп жатқан Астана экономикалық форумы кешегі күні одан әрі жалғасты. Бұл күні де осы халықаралық деңгейдегі ірі басқосу аясында бірқатар конференциялар мен форумдар және сессиялар болып өтті. Солардың маңызды бірі «Әлемдік экономика болашағы: қаржылық жаһандану немесе қаржылық бөлшектену» атты сессия отырысы болды. Оның жұмысына аттары әлемге танымал қаржыгерлер мен саяси қайраткерлер қатысты. Сессия жұмысын Бреттон-Вудсты жаңғырту жөніндегі комитетінің атқарушы директоры Марк Узан жүргізіп отырды.
Форумның күн тақырыбында келтірілгеніндей, халықаралық қаржы жүйесі болашақта бір-біріне қайшы екі бағытта дамуы мүмкін. Оның біріншісі – үлкен интеграциялану бағыты болса, екіншісі сегменттелу немесе өзара тұйықталу бағыты болмақ. Үлкен интеграциялануға бағытталатын бірінші жол неғұрлым пайдалы болып табылады, бірақ сонымен бірге, үлкен міндеттемелерді қажет етеді. Бұл интеграциялану түрінің тағы бір артықшылығы капиталды бөлудегі тиімділіктің көтерілуімен қатар елдер арасындағы әркелкі дамушылық көрінісі азая түспек. Ал сегменттелу жолы дамудың мүлдем қарапайымдалу көрінісі ретінде қарастырылады. Осындай қауіп-қатер халықаралық қаржы жүйесінде, әсіресе, оның банк секторында қазірдің өзінде көрініс беруде. Әзірге, сегменттелу үдерісі әлемдік дамуға өз көлеңкесін тигізе бастайтындығына қанша уақыт кететіндігі түсініксіз қалпында қалып отыр. Аталған басқосуда сөз алған ғалымдар мен қаржыгерлер осы мәселе төңірегінде ой өрбітті.
Мәселен, Халықаралық қаржы қорының батыс елдері бойынша департамент директорының орынбасары Джон-Мария Милези-Феретти дамушы рыноктарды қазіргі күні екі түрлі қауіп-қатердің күтіп тұрғандығын атап көрсетті. Соның біріншісі елдердің жүргізіп отырған монетарлық саясатына қатысты болып отыр. Осы саясаттың ықпалымен соңғы кездері дамушы рыноктарға бағытталып келген капиталдар мен инвестициялар көлемі едәуір дәрежеде азая түсті.
Демек, деді осы мәселеге байланысты шешен, дамыған елдердегі жағдай қайта қалпына келгенге дейін дамушы елдердің бірқатарында байқалып отырған ұлттық валюта тұрақсыздығы жойыла қоймауы мүмкін. Міне, осындай жағдайда бірқатар елдер үшін жинақталған зейнетақы қорлары инвестицияның жаңа көздеріне айнала бастағандығы сезіледі. Тіпті, кейбір елдердің жинақтаушы зейнетақы қорлары қазіргі күні халықаралық рыноктарға да шыға бастады.
Ғалым соңғы жылдары әлемдік қаржы дағдарысының әсерімен содан қорғанудың бір жолы ретінде өңірлік даму банктерінің пайда бола бастағандығын да атап көрсетті. Бірақ, оның пікірінше, бұл тәсіл дағдарыс салдарымен күресудің белсенді құралына айнала алмайды. Өйткені, олардың қуаттылық көлемі халықаралық қаржы ағымдарына төтеп бере алмайды.
Келесі кезекте сөз сөйлеген Экономика профессоры, Оснабрюк университеті халықаралық экономикалық саясат бөлімінің басшысы Франк Вестерманн, Оңтүстік Калифорния университетіндегі экономика және халықаралық қатынастар жөніндегі Доксон факультетінің деканы Джошуа Айзенман, Global Sovereiqn Markets, UBS Global Asset Manaqemment аға стратегі Массимиллиано Кастелли, Италияның бұрынғы премьер-министрі Романо Проди, Нобель сыйлығының лауреаты Кристофер Писсаридес, Австрияның бұрынғы канцлері Альфред Гузенбауэр, ҚХР қаржы институтының бас директоры Джин Жонгсия сөз алып, әлемдік қаржы жүйесін сенімді түрде қайта қалыптастыру жолдары туралы өз ой-пікірлерін білдірді. Бұл басқосу білікті сарапшылардың көзқарастарына негізделген тартымдылығымен ерекшеленді.
* * *
VII Астана экономикалық форумы шеңберінде «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының Қазақстан экономикасын дамытудағы рөлі» атты пленарлық сессиясы болып өтті. Оны «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры Клаус Мангольд модератор ретінде жүргізіп отырды.
Экономика және қаржы саласының мамандары мен сарапшыларының ерекше қызығушылығын туғызған бұл маңызды сессияның күн тәртібі бойынша «Қазақстанның жаңа Даму банкі – теңгемен қаржыландыратын үздік банк», «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес ұйымдармен отандық шағын және орта бизнесті қолдау құралдары, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес ұйымдарымен Қазақстанда іске асырылатын инфрақұрылымдық жобаларды қолдауы» атты тақырыптар жан-жақты талқыланды. Сессия жұмысына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев, Парламент депутаттары және шетелдік қаржы институттары мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламасын айқындап, еліміздің әлемдегі бәсекеге қабілетті дамыған 30 елінің құрамына кіру міндетін қойды. Бүгінгі өркениет үрдісіне нық қадам басқан Қазақстан экономикалық дамудың сара жолында интеграциялық байланыстарға басымдық беруде, деді Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев сессияда сөйлеген сөзінде. Енді санаулы күндерден кейін еліміз Кеден одағы құрамындағы Ресей Федерациясы және Беларусь Республикасымен Еуразиялық экономикалық одақ құру жөніндегі шартқа қол қояды. Үстіміздегі жылдың соңына дейін еліміз Бүкіләлемдік сауда ұйымына мүшелікке қабылданбақ. Міне, осы интеграциялық үдерістер Қазақстан экономикасының дамуына жаңа серпін беріп, тың белестерге бастамақ.
Экономикамыздың тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін елімізде қажетті жағдайлардың жасалып жатқанына тоқтала келіп, Әсет Исекешев Қазақстанда жекешелендірудің екінші толқыны жарияланып, жеке меншік саланың дамуына даңғыл жол ашылғандығын атап көрсетті. Бұл ретте еліміздің қаржы саласын дамытуға айрықша басымдық беріп отыр. Қазақстан экономикасы өзінің даму үрдісінде жекеменшік және шетелдік инвестицияларды қажет етеді. Экономиканы индустрияландырудың сара жолына салу үшін сенімді қаржы институттары қажет. Сондықтан еліміздің экономикасын одан әрі дамытуда «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамына жүктеліп отырған жауапкершілік жүгі аса зор, деді ол.
Экономикамыздың басым салаларын қаржыландыру және қолдау арқылы Қазақстан экономикасын тұрақты дамуға бастау мақсатында құрылған «Бәйтерек» холдингін бес стратегиялық бағыт бойынша дамыту көзделінген. Олар экономиканың басым секторларын қаржыландыру және қолдау арқылы Қазақстанның тұрақты экономикалық дамуына көмектесу; шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау; экономиканың инновациялық салаларын дамыту; қазақстандық компаниялардың экспорттық әлеуетін арттыру; мемлекеттің әлеуметтік саладағы басым міндеттерін шешу болып табылады.
Экономиканың басым секторларына тиімді қаржылық қолдау көрсету мақсатында холдинг Қазақстанның Даму банкі, Қазақстанның инвестициялық қоры және «Қазына Капитал Менеджмент» секілді өзінің еншілес ұйымдарының инвестициялық қызметін барынша жандандырды. Бірінші кезекте холдинг ҮИИД мемлекеттік бағдарламасын іс жүзіне асыру мақсатында инвестиция тартуға басымдық берді. 2014 жылы холдинг жалпы құны 3,7 миллиард доллардан астам 13 инвестициялық жобаны іске қосып 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр. Сонымен бірге, 2014-2015 жылдары жалпы құны 8 миллиард долларды құрайтын 20 инвестициялық жобаны қаржыландыру жоспарланған. Осы жобалар шеңберінде 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылмақ.
Шағын және орта бизнесті қолдау аясында бірқатар табыстарға да қол жеткізіліп отыр. 2013 жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта бизнесті қолдауға бөлінген 236 миллиард теңгені 2023 жылы 583 миллиард теңгеге дейін ұлғайту белгіленген. Экономиканың жаңа, қазіргі заманғы салаларын қолдау және инновацияларды дамыту бағдарламасы шеңберінде холдинг мынандай мақсатты индикаторларды айқындап отыр.Мәселен, инновациялық салада өндірілетін өнімнің жыл сайынғы көлемі 2014 жылғы 8 миллиард теңгеден 2023 жылы 13 миллиард теңгеге дейін арттырылмақ. Технологиялар трансфертін іске асырған кәсіпорындар санын 2014 жылғы 12 пайыздан 2023 жылы 70 пайызға дейін ұлғайту көзделінген. Қазақстандық компаниялардың экспорттық әлеуетін қолдау мақсатында бірқатар кешенді шаралар белгіленуде. Осының нәтижесінде қолдау құралдары арқылы іс жүзіне асырылған жобалар негізінде экспортталатын өнім көлемін 2013 жылғы 7,7 миллиард теңгеден 2023 жылы 13 миллиард теңгеге дейін ұлғайту жоспарлануда.
Мемлекеттің әлеуметтік бағыттағы міндеттерін шешуге көмектесу мақсатында холдинг «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ және «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» АҚ сияқты серіктестерінің жұмысына басымдық бермек. Бұл компаниялар тұрғын үй құрылысы үшін қаржы жинақтау жүйесін одан әрі дамытып, ипотекалық нарықты қолдай отырып сатып алу құқығымен арендалық баспана жүйесін кеңейтуді қамтамасыз етеді. Осыған байланысты тұрғын үй құрылысы жинақ жүйесіне қатысушы экономикалық белсенді халықтың үлес салмағын 2013 жылғы 4 пайыздан 2023 жылы 17 пайызға дейін ұлғайтылады. Холдинг нарықтағы баспана салуға және сатып алуға беретін несиелерінің үлесін 2013 жылғы 13,8 пайыздан 2023 жылы 25 пайызға дейін ұлғайтуды көздеп отыр.
Елімізде іс жүзіне асырылып жатқан ҮИИД бағдарламасының екінші бес жылдығында, яғни 2015-2019 жылдары атқаратын индустриялық-инновациялық міндеттерді жүзеге асыруда «Бәйтерек» холдингі негізгі қаржы агенті болып белгіленді. Екінші бесжылдық бағдарламаларын іске асыру үшін қаржы институттарының қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында холдинг даму институттарының жұмысын қайта қарап, жаңа міндеттер белгіледі. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында өңдеу өнеркәсібіндегі шағын және орта кәсіпкерлікті несиелеу үшін Ұлттық қордан 100 миллиард теңге қаржы бөлу туралы шешім қабылданды. Бұл еліміздегі шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға жаңа серпін бермек. Міне, осындай келелі міндеттерді іс жүзіне асыру арқылы «Бәйтерек» холдингі 2023 жылға қарай ел экономикасын әртараптандыру мен модернизациялауды ойдағыдай іс жүзіне асырып, тұрақты даму үрдісін қамтамасыз етпек. Сессия жұмысына Қазақ-Британ сауда-өнеркәсіп кеңесінің тең төрағасы Дэвид Вуттон, McKinsy&Company компаниясының серіктес-кеңесшісі Питер Кральчик, ІҒС (Халықаралық қаржы корпорациясы) Орталық Азия елдері бойынша аймақтық менеджері Моаззам А.Мекан және басқалар қатысып, күн тәртібіндегі келелі мәселелерді белсенді талқылады.
* * *
VII Астана экономикалық форумы шеңберінде ЕурАзЭҚ бас хатшысы Тайыр Мансұровтың «Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірде жүзеге асқан Еуразиялық жобасы. Еуразиялық жобаның 20 жылдығына орай» атты кітабының тұсаукесері болып өтті. Бұл кітап Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1994 жылдың наурыз айында М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде сөйлеген сөзінде алғаш рет ұсынған «Мемлекеттердің еуразиялық одағын құру туралы» идеясының 20 жылдығына орай жарық көріп отыр. Оның авторы – қазақстандық танымал саясаткер және дипломат, ЕурАзЭҚ бас хатшысы, экономика ғылымдарының докторы Тайыр Мансұров посткеңестік елдердің алдында жаңа мүмкіндіктер мен кемел келешекті ашатын еуразиялық жобаның тарихи рөлін тиімді экономикалық және әлеуметтік дамудың басты құралы ретінде жүйелі түрде талдап көрсеткен. Басылым қалың оқырманға, ғалымдарға, мемлекеттік басқару және халықаралық қатынастар саласының мамандарына, сонымен қатар, қазіргі заманғы тарихпен айналысатын оқырмандарға арналған.
* * *
Кеше VII Астана экономикалық форумының шеңберінде Халықаралық әйелдер форумы «G-GLOBAL: Жаңа экономикадағы әйелдер рөлі» деген тақырыпта жұмысын бастады. Жиынды Қазақстанның Іскер әйелдер қауымдастығы, Қазақстанның Іскер әйелдер одағы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының қолдауымен ұйымдастырған. Форум қатысушылары жиналған залға келушілердің қызығушылығы зор болған секілді, форум басталарда бір-бірін құттықтап, танысып жатқандар, пікір алысып жүрген әйел затынан көз сүрінді. Бірді-екілі азаматтың тарыдай шашырап отырғанын көргенде форум жұмысының шынымен нәтижелі болатынын аңғартқандай еді.
Жиынның негізгі тақырыбы әйелдердің саяси көшбасшылығы, табысты болу үшін қандай қасиеттерді жетілдіру қажеттілігі, жалпы, көшбасшылық қасиетін адам капиталын дамыту құралы ретінде қарастыруға бола ма деген әңгіме төңірегінде өрбіді. Басқосудың ашылу салтанатына Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова, Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы Махаббат Бекбосынова, Ауғанстанның әйелдер істері жөніндегі министрі Хусн Бану Газанфар, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Елена Бахмутова, швециялық «TeliaSonera Eurasia» компаниясының корпоративтік байланыстары бойынша вице-президенті Александра Аккирман, Канада сыртқы істер консулдық мәселелер бойынша мемлекеттік министрі Линн Елич және басқалар қатысып, құттықтауларын жеткізді. Талап-тілектерін білдіріп, форум жұмысына сәттілік тіледі.
Г.Әбдіқалықова Елбасымыздың «Қазақстан-2050» Стратегиясында әйелдің отбасы тірегі екендігі, яғни мемлекеттің де тірегі екендігін баса көрсеткендігін жеткізгенін айтса, Х.Б.Газанфар бүгінде өз елінде әйелдердің рөлі артып келе жатқанын көтеріңкі көңілмен мәлімдеді. Ал А.Аккирман өз елінде әйелдердің қай салада болса да үлес салмағы жоғары екенін атап көрсетсе, Л.Елич өз елінде 1,5 млн. әйелдің бизнеспен айналысатынын көлденең тартты.
***
Астанаға Франциядан инвестиция тартылды
VII Астана экономикалық форумы аясында V «Astana Invest 2014» Халықаралық инвестициялық форум өтуде. Кеше осы форум аясында Астана қаласының әкімдігі мен «EIFFAGE – EGIS – GDFSUEZ» консорциумы арасында ASTAINABLE жобасын іс жүзіне асыру жөніндегі өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Меморандумға елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов және Франция мемлекетінің Қазақстандағы елшісі Франс Этьен қол қойды.
Астанаға ASTAINABLE жобасы аясында ұсынылған қалалық жобалау тетігі – қаланы дамыту жоспарындағы бірқатар жобаларды іс жүзіне асыруға мүмкіндік береді. «Астана Innovations» АҚ басқарма төрағасы Талғат Әшімнің айтуынша, аталмыш 3D үлгісі қала нысандарын 3D картаға біріктіруге мүмкіндік береді. Аталмыш карта арқылы қала ауқымында болып жатқан түрлі оқиғаларды модельдеуге болады. Мәселен, жолдардың өткізу мүмкіндіктерін нақты есептеуге болады. Бұрын бұл карталар 2D форматында және шашыраңқы болатын. Енді бұл жоба барлығын біртұтас етіп біріктіреді. Жоба құны – 3 млн. еуро. Бұл қаржы Франция мемлекетінен инвестициясы ретінде тартылмақ. Астана қаласының әкімдігі аталмыш жобаның тек жүзеге асырылуын қадағалап қолдау көрсететін болады. «Қаланың тұрақты дамуына арналған 3D-ынталандырушы» жобасы «Smart Аstana» жобасының негізгі құрамына жатады.
***
Ел беделін асқақтату үшін
VII Астана экономикалық форумы ашылған күні «Қазақ елі» монументі алаңында отандық G-Global және «Астана ЭКСПО-2017» мегажобаларын қолдау мақсатында «Керуен» атты мотошеру бастау алды. Шеру барысында алты қазақстандық Еуропа мен Азия тұрғындарын осынау мегажобалармен таныстыру мақсатында әлемнің 20 мемлекетін аралап шықпақ.
Мотошеруге қатысушылар Ресей, Финлияндия, Швеция, Норвегия, Франция, Италия, Түркия елдерін аралап, шілденің 6 күні, яғни еліміздегі Қала күні мерекесіне орай Астанаға оралмақ. Сапар барысында отандастарымыз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылған G-Global жаһандық үнқатысу алаңымен «Астана ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесі туралы жан-жақты насихаттап, шетелдіктерге бұл жобалардың артықшылығын паш етпек. Парламент Сенатының депутаты, «Ғалымдардың Еуразиялық экономикалық клубы» қауымдастығының үйлестіру комитетінің тең төрағасы Серік Нөгербеков мотошеруге қатысушыларға сәт сапар тіледі.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
Венера ТҮГЕЛБАЙ,
«Егемен Қазақстан».