Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сердар Бердімұхамедовке және түрікмен делегациясына ілтипат білдіріп, еліміздің қазақ-түрікмен арасындағы ғасырлар бойы қалыптасқан достық әрі тату көршілік қарым-қатынастың нығаюына зор құрметпен қарайтынын атап өтті.
– Қазақстан үшін бұл маңызды оқиға деп санаймын. Сіздің сапарыңыздың тарихи мәні зор. Себебі біз жабық форматта ынтымақтастықты дамытудың өзекті мәселелерін талқыладық. Күн тәртібіндегі барлық мәселелерге оң көзқарас танытқаныңыз үшін алғыс айтамын. Мен елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың перспективаларына қатысты Сіздің барлық көзқарастарыңыз бен пікірлеріңізге оң баға бердім, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Сердар Бердімұхамедовтің Астанаға алғашқы мемлекеттік сапары Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 30 жыл толуымен тұспа-тұс келуінің символдық мәні бар екенін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, екі ел ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан достыққа, тату көршілік байланысқа, ортақ мәдени және тарихи құндлылықтарға сүйене отырып, қазіргі таңда мемлекетаралық серіктестіктің үлгісіне айналған іргесі берік әрі үйлесімді қарым-қатынас орнатты.
– Елдеріміздің арасында белсенді әрі жоғары деңгейдегі өзара сенімді саяси диалог жолға қойылған. Былтыр қазан айында болған сапарымды зор ықыласпен еске аламын. Ашхабадта болғанымда барынша қолайлы жағдай жасап, қонақжайлылық көрсеткеніңізге ризашылығымды білдіремін. Әрине, мұның барлығы сапардың табысты өтуіне ықпал етті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті Түрікменстанның экс-президенті Гурбангулы Бердімұхамедовке жылы лебізі мен ізгі тілектерін жолдады. Келіссөз барысында сауда-экономикалық байланыстар мәселесі талқыланды. Тараптар бірлескен күш-жігерді арттыра отырып, өзара сауда-саттық көлемін 1 миллиард долларға дейін жеткізуге уағдаласты.
– Мәдени-гуманитарлық байланыстарға келетін болсақ, бұл бағытта бәрі жоспарға сәйкес дамып келеді. Сондай-ақ мен Каспий процесі деп аталатын ынтымақтастығымыз бен өзара іс-әрекетімізді атап өткім келеді. Жақында Ашхабадта Каспий саммиті өтті. Жиын оң нәтижеге қол жеткізу және түркімен тарапының қонақжайлық көрсету тұрғысынан да табысты өтті, – деді Мемлекет басшысы.
Сердар Бердімұхамедов Қасым-Жомарт Тоқаевқа жылы қабылдап, қонақжайлық көрсеткені және ортақ жұмысқа қолайлы жағдай жасағаны үшін алғыс айтты.
– Менің Қазақстан Республикасына алғашқы мемлекеттік сапарымды елдеріміз арасындағы қарым-қатынастардағы ең маңызды оқиға деп санаймыз. Оның негізгі мақсаты – екіжақты стратегиялық әріптестікті барлық салада нығайту. Сонымен қатар қазіргі жағдай мен даму үрдістерін ескере отырып, Орталық Азия аймағында және халықаралық аренада мемлекетаралық ынтымақтастықтың нақты бағдарларын айқындау. Түрікмен-Қазақстан саяси диалогы, сауда-экономикалық серіктестіктің мазмұны мен бағыты кешенді сипатқа ие болып, келісілген стратегияға және біздің іс-әрекеттеріміздің үйлестірілуіне және ең алдымен, екі халық пен мемлекеттің ұзақ мерзімді мүдделеріне негізделуі тиіс екеніне сенімдімін. Бүгінде елдеріміз арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамып келеді, – деді Сердар Бердімұхамедов.
Кеңейтілген форматта өткен келіссөз барысында тараптар екіжақты күн тәртібіндегі бірқатар өзекті мәселені жан-жақты талқылап, Қазақстан мен Түрікменстан арасында атқарылатын келешек іс-әрекеттердің негізгі бағыттарын айқындады.