“Ақпараттық технологиялар заманында оқушы мұғалімнің алдында кетіп барады. Қазір мұғалім болу оңай емес. Сондықтан да қазіргі мектеп оқытушылары бұрынғыдан да екі есе көп ізденіп, уақытқа ілесіп отыруы керек. Бүгінгі оқушының алдында шын беделді болу үшін мұғалімдерге шын мәнінде білімді, жауапкершілікті, мықты психолог болуға тура келеді”, дейді О.Жәутіков атындағы дарынды балаларға арналған Республикалық мамандандырылған физика-математика мектеп-интернаты жанындағы “Келешек” мектебінің директоры Гүлшарбан Сабурова.
Биыл барлық мектептерде түлектер үшін соңғы рет сылдыр қаққан соңғы қоңырау рәсімінің ерекшеліктері бар. Алматыдағы бірқатар мектептердегі жыл жабар салтанатына куә болып, осындай пайымға келдік. Еліміздің ертеңі биыл ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп отырғанымызды мақтаныш көреді. Сондай-ақ Ұлы Жеңістің 65 жылдығымен тұспа-тұс мектеп тәмәмдап отырған түлектер осы оқиғаларды ұлықтап, мақтаныш тұтатынын білдік.
Биылғы соңғы қоңырау салтанатына математика, информатика мен физика пәндерін тереңдетіп оқытатын “Келешек” мектебі де ауыз толтырып айтарлықтай табыстармен келіп отыр. Мектеп білім берудің барлық соны жаңалықтарын енгізіп ғана қоймай, аяқталған оқу жылында математикалық логика атты жаңа пәнді дендеп ендірген. Оған қоса мектеп оқушыларының түрлі олимпиадаларда, интеллектуалдық байқаулар мен халықаралық жарыстардан алып келген жүлделері бар. Соңғы қоңырауда балалардың жарыстардан жеңіп әкелген дипломдары мен мектептің Алғыс хаттары өздеріне табысталды.
“Келешек” мектебін басқа ақылы мектептерден даралайтын не десек, алдымен мұндағы шәкірттер аталмыш пәндер бойынша 5 сыныптан бастап арнаулы қабылданған бағдарламалар арқылы жоғары деңгейдегі дайындықтан өтеді. Олимпиадаларда жүлделі орындардан табылған талантты балалар мен үздік оқығандар алғашқылар қатарында О.Жәутіков атындағы дарынды балаларға арналған Республикалық мамандандырылған физика-математика мектеп-интернатына 9 сыныптан бастап емтихансыз қабылданады.
– Әу баста осындай мектепті ашудағы менің мақсатым да осы болатын. Аумалы-төкпелі, экономиканың қиын кезеңдерінде, қайта құру жылдарында республикалық физика-математика мектеп-интернатының деңгейі төмендеп кетті. Әсіресе еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған қабілетті оқушылардың математика мен физика пәнінен білімі аса көңіл көншітпеді. Ойлана келе, балаларды 8 сыныпқа дейін өте жоғары дайындықтан өткізу қажеттігіне көзім жетті. Содан 1996 жылы 5 сыныптан бастап оқушыларды математика мен информатика, 7 сыныптан бастап физика пәніне түбегейлі дайындауды қолға алдық, – дейді ҚР Білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин медалінің иегері Гүлшарбан Сабурова.
Қазіргі озық технологияларды, интерактивті тақталарды, мультимедиялық оқу құралдарын шын мәнінде қолданатын, оның ғажап мүмкіндіктерін терең білетін мұғалімдер де осы мектепте.
Қазір кейбір мектептер жас, тәжірибе жинақтамаған мұғалімдерден қашады. “Келешек” керісінше үйренуге ұмтылысы бар жас ұстаздарды жұмысқа алуға қашанда бейіл.
– Өйткені, жас мамандардың ақпараттық технологиялардан хабары бар. Және ерінбей-талмай өзімнің өмір бойы педагогика саласында жинаған машығымды оларға үйретемін. Тез қағып алады, бір көргендерін ұмытпайды. Жаңашыл жас мұғалімдер қазірдің өзінде мектепті жетістіктерге жетелей бастады. Оқушылары олимпиадалардан жүлдемен оралуда, – дейді мектеп директоры.
Директордың осы сөзін де растай кетуге болады. Мектепке Ресейдегі математика мұғалімдері арасында өтетін байқауда екі рет қатарынан жүлдегер атанған Ибрагим Ибатулин жұмысқа шақырылып, оған балаларды халықаралық деңгейде өтетін олимпиадаларға дайындауды сеніп тапсырған. Нәтижесі көз алдымызда өтті. Соңғы қоңырау салтанатында түрлі жарыстардың жеңімпаздары марапатталғанын атадық.
Соның бірі – соңғы жылдары дәстүрлі түрде өткізіле бастаған физика мен математика пәндері бойынша оқушылардың халықаралық Жәутіков олимпиадасы қазірдің өзінде шет мемлекеттердегі есепке жүйрік оқушылардың арасында аты мәшһүр бола бастағанын айтуға тиіспіз.
Мектепті даралайтын тағы бір тұс – мұндағы оқушыларға мектеп қабырғасында жүріп-ақ ғылыми жобалармен айналысуға мүмкіндік жасалынған. Оған қоса арнаулы мектеп бағдарламалары шәкірттердің өзге пәндерден ақсамауын үнемі қадағалап отырады. Оқушылар бос уақыттарында шығармашылық жұмыстармен, өнер түрлерімен, спортпен айналысады.
– Бүгінгі балалар мұғалімдердің алдына түсіп кетті. Интернетті жақсы біледі. Ақпараттық технологияларды жақсы меңгерген. Осындай жағдайда мектеп оқытушыларына жұмыс істеу де оңай емес. Мұғалімнің өзі компьютердің “құлағында ойнайтын” қабілетті болуы керек. Барлық инновациялық технологиялардың тілін игеріп отыруы қажет. Бәсекеге қабілеттілік деген осы! – дейді Гүлшарбан Қамылбайқызы.
Сабурова сынды тәжірибелі педагог математика ғылымдардың патшасы екендігін алға тарта отырып, уақыттың талабы бір басқа, одан бөлек ата-аналардың талабы да күшейіп келе жатқанын айтады. Ұл-қызы сапалы білім алу үшін капитал салып отырған жандардың мектепке және мұғалімдерге жан-жақты талап қоюға да қақысы бар.
Айнаш ЕСАЛИ, АЛМАТЫ.