Осыдан бес жыл бұрын Ақжайық ауданы орталығында ақынның бюсті орнатылған болатын. Ал биылғы кешенді шара аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне Сағынғали Сейітовтің есімі берілген сүйінші хабардан басталды. Осы бір елеулі оқиғаға арналған салтанатты жиынға Сағынғали ақынның перзенттері Дидар және Ділбар Сейітовалар, жазушы Сәкен Сейфуллиннің жиені, биология ғылымдарының докторы София Сейфуллина, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Жайлыбай, жазушы, ғалым, филология ғылымдарының докторы Нұрдәулет Ақыш, жергілікті өлкетанушы Жайсаң Ақбай, Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов, айтыскер ақын, Қазақстан Республикасы Жазушылар одағы облыстық филиалының жетекшісі Бауыржан Халиолла, жазушы-журналист Бауыржан Ғұбайдуллин, Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы директорының орынбасары Нұрлыгүл Сағынова, Атырау, Ақтөбе облыстарының кітапхана директорлары мен мамандары, облыс еңбек ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Кітапханада өткен «Ел қонағы – ел ардағы» атты кездесу шарасында Сағынғали Сейітовтің өз шығармалары мен ол жайында естеліктер шоғырланған «Қандықта туып қалың елге танылған» атты жинақтың тұсауы кесілді. Сондай-ақ Махамбет атындағы Батыс Қазақстан университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Зейнолла Мүтиев «Сағынғали Сейітовтің әдеби және ғылыми мұрасы» атты су жаңа ғылыми-монография кітабын оқырмандарға таныстырды.
Қаламгердің мерейтойына байланысты ұйымдастырылған ең үлкен шара Ақжайық аудандық мәдени-демалыс орталығында өтті. «Ақын. Ғалым. Азамат» тақырыбындағы республикалық ғылыми-танымдық конференцияда шешендер мерейтой иесінің сан қырлы қызметі мен шығармашылық болмысына тоқталды. Жергілікті қаламгер, қоғам белсендісі Нұрлан Сәдір «Сағынғали Сейітовтің заманы мен замандастары» тақырыбына сөз қозғаса, жазушы, ғалым Нұрдәулет Ақыш «Сағындырған Сағынғали ата» деп ой толғады. Ақ Жайық қаламгерлерінің ағасы, ақын Айтқали Нәріков ақынның азаматтық лирикасы жайында айтып берсе, филология ғылымдарының кандидаты Зейнолла Мүтиев Сағынғали Сейітовтің әдеби және ғылыми мұрасы хақында сыр шертті. Ал ақынның жерлесі, Ақжайық ауданының құрметті азаматы, ақын Үзілдік Елеубайқызы Сағынғали аға шығармаларындағы туған жер тақырыбы жөнінде баяндаса, Ақжайық ауданының тағы бір құрметті азаматы, ақын Тілес Жазықбай да кеш иесінің өмірлік болмысын дәріптеп, сөз сөйледі.
Осы шара аясында «Екі ғасырмен егіз өрілген тағдыр» атты аймақтық байқау жеңімпаздары марапатталды. Мерейтойды ұйымдастырушы Ақжайық ауданының әкімі Қалияр Айтмұхамбетов ақынның қыздары Дидар мен Ділбар Сейітоваларға және жазушы Сәкен Сейфуллиннің ұрпағы София Мәжитқызына құрмет көрсетіп, иығына шапан жапты.
Шара ауданның көркемөнерпаздары ұсынған «Жайықта туған екенсің...» атты концерттік бағдарламамен қорытындыланды. Сағынғали Сейітовтің 105 жылдығына арналған республикалық-аймақтық жыр-мүшәйраның бас жүлдесін жас ақын Бекболат Қаленов жеңіп алды.
Батыс Қазақстан облысы