Саясат • 17 Қазан, 2022

Қазақстандағы референдум қорытындылары

654 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси реформалар барысын халықаралық қоғамдастық жіті қадағалап, Әділетті Қазақстан орнату жолындағы батыл қадамдарға қолдау білдіріп, үлкен үміт артып отыр.

Қазақстандағы референдум қорытындылары

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Биылғы 5 маусымда Ата Заңға өзгерістер енгізу жөніндегі бүкіл­ха­лық­тық референдумға әзірлік пен оны өткізу барысын Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ) миссиясы бастан-аяқ байқаған болатын. Арада төрт ай өткенде ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясына аталған референдумның нәтижелерін бағалау бойынша қорытынды есебін жолдады.

Онда әуелі ЕҚЫҰ/ДИАҚБ өзінің Референдумды бағалау миссиясы (РБМ) Қазақстандағы референдумды байқау үшін мемлекет басшылығының  шақыруы бойынша елімізде биылғы 24 мамырдан 9 маусымға дейін бол­ға­нын атап өткен. Бұған қоса Қазақ­стан билігіне референдумды байқауға шақыр­ғаны үшін, сондай-ақ Орталық референ­дум комиссиясы (ОРК) мен төмен тұрған комиссияларға және Сыртқы істер министрлігіне ынтымақтас­тығы мен көрсеткен көмегі үшін алғыс айтқан. Сондай-ақ ұлттық және өңір­лік мемлекеттік мекемелердің, саяси пар­тия­лардың, сот органдарының, азамат­тық қоғамның, бұқаралық ақпарат құралдарының және халықаралық қоғамдастықтың өкілдеріне өз көзқарастарын бөліскені үшін ризашылық білдірген.

Бұл ретте Тамаш Месерич басқарған РБМ-ға ЕҚЫҰ-ға мүше тоғыз мемлекеттен тоғыз сарап­шы енгізілгенін айта кеткен жөн. Олар еліміздің 17 өңірінің 5-еуінде болды. Төрт өңірдегі (Астана, Алматы қалалары және Ақ­мола, Алматы облыстары) сайлау учас­келеріндегі референдум бары­сын байқап, осы үдерістің ЕҚЫҰ мін­дет­темелері мен басқа да халық­ара­лық міндеттемелерге және демо­кратиялық сайлау стандарттарына, сондай-ақ ұлттық заңнамаға сәйкестігін бағалаған.

Ресми құжатта ОРК, аумақтық, учаскелік референдум комиссия­лары қажетті ресурстармен қам­тамасыз етілгені, сондай-ақ тиімді, уақтылы және елеулі дәрежеде ашық жұмыс істегені атап өтілген. «Мүмкіндігі шектеулі сайлаушылар үшін референдумның қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша көптен күтілген шаралар қабылданды. ОРК жеті мүшесінің екеуі және төменгі деңгейдегі комиссиялардың мүше­лерінің үштен екісінен астамы әйелдер болды. ОРК сайлаушылар үшін референдумның өтетін күні мен дауыс беру үдерісі туралы әртүрлі әрі жан-жақты ақпараттық науқан өткізді», «Референдум күні тыныш өтті. Сайлау учаскелерін ашу, дауыс беру және дауыс санау ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясы бай­қауға алған учаскелерде тиімді ұйым­дастырылды», «Сайлау комиссиялары референдумды тиім­ді және белгіленген мерзімде өткізді», делінген қорытынды есепте. Орталық референдум комис­сиясының барлық мүшесі саяси партиялардан шыққаны оң өзгеріс ретінде атап өтілген.

«ОРК төмен тұрған комиссиялармен бірге референдумға әзірлік жұмыстарының барлығын тиімді де заңда көрсетілген мерзімде бас­қарды. ОРК осы процестің ұйым­дық және материалдық-техни­ка­лық аспектілерін түсіндіретін 23 қаулы қабылдады. ЕҚЫҰ/ДИАҚБ РБМ референдум күніне дейін үш өңірдегі төмен тұрған комиссияларда болғанында, олар уақтылы жұмыс істеп жатты әрі жеткілікті ресурстармен қамтамасыз етіліп, жоғары жақтан келген ақпараттың сапасына және көрсетілген қолдауға қанағаттанушылық білдірді. ОРК рефе­рендумға дайындықтың тех­ни­калық процестерінің ашықты­ғын қамтамасыз ету шараларын қол­данды, соның ішінде мемле­кет­тік органдар үшін жүйелі отырыс­тар өткізу жолымен және қалың жұрт­шылық үшін бұқаралық ақ­парат құрал­дары арқылы. Журна­лис­тер­ отырыс соңында сұрақ қойды. ЕҚЫҰ/ДИАҚБ РБМ ОРК-нің барлық оты­ры­сы­на шақы­рылды», делінген қоры­тынды есепте.

Сонымен қатар ОРК заңсыз бюл­летень тастау дерегі тіркелуіне орай Алматы қаласының бір сайлау учаскесіндегі дауыс беру нәтижесін жоққа шығарғаны және Бас про­куратураға болған істі одан әрі тергеу үшін шара қолдану, сондай-ақ әлеуметтік желілерде осындай бұзушылықтар мен отбасының атынан дауыс беру жайлы бейнероликтерге қатысты тергеу жүргізу жөнінде жүгінгені атап айтылыпты. Бұған қоса, қорытынды есепте: «Бер­тінде қабылданған Әкімшілік рәсім­дік-процестік кодекс ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның кейбір бұрынғы ұсы­ным­дарына сәйкес сайлауға байланысты дауларды шешу механизміне оң өзгерістер енгізді. Сайлаушылар референдумның барлық аспектісі бойынша шағым беруге құқылы болды. ЕҚЫҰ/ДИАҚБ РБМ рефе­рен­дум өткен күннен кейін жора­малданған бұзушылықтар хақында ОРК-ға – 6, ал әкімшілік соттарға 3 шағым түскені туралы хабардар етілді», делінген ресми құжатта.

Сондай-ақ ЕҚЫҰ/ДИАҚБ рес­ми құжатында: «Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың «Жаңа Қазақ­стан» құру, соның ішінде прези­дент­тіктің ықпалын азайту, басқа инс­­титуттарды нығайту мақ­са­тын­да мемлекеттік билікті қай­та бөліп теңестіру жөніндегі ұсы­ныс­тарын қолдауына арнап ұсы­ныл­ған 33 конституциялық өзге­рісті бекіту жөніндегі референдум­ды міндетті түрде өткізуге шақыр­ды. Жыл басын­дағы қаңтар оқиға­лары кезіндегі саяси сілкініс­тер мен зорлық-зомбылық әрекет­тер­ден кейін қолға алынған конституциялық өзгерістер енгізу бастамасына ЕҚЫҰ/ДИАҚБ РБМ сөйлескен адамдардың көбі қолдау білдірді», деп атап көрсетіпті.

Сонымен қатар ЕҚЫҰ/ДИАҚБ кейбір сыни ескертпелер де жасапты. Әрине, олар тәуелсіз­дік ал­ғанына небәрі 30 жыл болған әрі «суперпрезиденттік» автори­тар­лық жүйеде өмір сүріп келген Қазақстанның өзіндік ерек­шелік­терін ескеріп айтылды деу қиын. Мысалы, «Референдум шынайы саяси плюрализм жоқ жағдайда өткізілді. Белсенді «Қарсы» нау­қаны мен ұсыныстардың мән-ма­ғы­насы бойынша мазмұнды сая­си дебаттар болмады», дейді еуро­палық сыншылар. Әлбетте, мұн­дай сынды «кәрі дүниенің» демократиясы дамыған елдеріне қатыс­ты айтуға болар. Ал халқымыз Пре­зи­дент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған саяси реформаларды қуана қабыл алып, «Бұған да тәубе» деп отыр­ған қазіргі кезде «Қарсы» нау­қанын ұйымдастырудың өзі қисын­ға келмейтін сияқты. Оның үстіне, «Республикалық референдум туралы» заң қабылданғаннан бергі 27 жыл ішінде елімізде мұндай ауқымды саяси іс-шара бірде-бір рет өткізілмегенін де ескерген жөн.

Дегенмен «Алайда Орталық референдум комиссиясы түзетулердің мән-мағынасы және олардың салдары туралы сайлаушыларға түсін­діру жұмыстары үшін жауапты бол­ған жоқ. Бұл міндет бірқатар мем­лекеттік органға бөліп берілді. Бұл органдардың бірде-біреуі сайлау­шыларға консти­ту­циялық түзету­лердің артық­шы­лық­тары туралы еркін пікір қалып­тастыратындай тең­дес­тірілген және бейтарап ақпарат бере алған жоқ. Мұның өзі озық халық­аралық практикаға қарама-қай­шы келеді», деген сынмен келісуге болар. Мұндайда қазекем: «Қойшы көп болса, қой арам өледі», дейді.

«Референдум туралы заң референдум өткізу үшін ең төменгі шектер­ді белгілейді, бірақ ол ескірді, ал ма­ңызды аспектілер реттел­мей қа­лып отыр. Мысалы, заң рефе­рен­дум өт­кізу туралы ұсыныс­ты жақ­тау­шылар мен қарсылар­ға тең мүм­кіндік­тер туғызу сияқты маңыз­ды мәсе­ле­лерді ұмыт қал­дыр­ған немесе жал­пы қағидаларды енгіз­ген», деген сын да әділ деп білеміз. ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-тың: «Бай­­қау­шылар рефе­рен­думға байла­ныс­ты іс-қимылдар болып жатқан орын­дардың бәрінде (мысалы, дауыс санау және тек­­серу кезінде) болу мүмкіндігіне ие болу­ға тиіс. Ал байқаушылар бол­мау­ға тиіс орындар және оның себеп­тері заң­да айқын көрсетілуге тиіс», деген ұсы­нымы да орынды деп ойлаймыз.

ЕҚЫҰ/ДИАҚБ тарапынан жа­сал­ған осындай сыни ескертпелер ал­­дағы уақытта сайлау заң­на­масын же­тіл­діру барысында ескерілуге тиіс.