Аймақтар • 18 Қазан, 2022

Өрендер «өрт сөндірді»

189 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Петропавл қаласында Құтқарушылар күні қарсаңында мектеп оқушылары арасында өрт сөндіру мен апаттан құтқару бойынша қала чемпионаты өтті. Оған өрт сөндіру бөлімдерінің түрлі іс-шараларына қатысып жүретін қала мектептерінің өрендері қатысты.

Өрендер «өрт сөндірді»

Қалалық чемпионатты №3 өрт сөн­­діру бөлімінде Солтүстік Қазақ­стан облысы төтенше жағдайлар депар­та­ментінің өрт сөндіру және апат­ты құтқару қызметінің бастығы, азамат­тық қорғау полковнигі Нұрлан Нүкішев ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Өрт сөндіру ісі үлкен ше­бер­лік­ті, ептілікті, тап­қыр­лықты, жылдам­дықты талап ететін кәсіп. Сіздер сол әдіс­терді үйренуге талаптанып жат­қан өренсіздер. Сондықтан талаптары­ңызға нұр жаусын! Болашақта өрт апаттарына қарсы күресте бірге болайық!» деді ол.

«Болашақ» қоғамдық қорының прези­денті Алма Мұстафина да оқушы­­лар­дың арасындағы біріншілік азамат­тық қорғанысқа тәр­биелейтінін жеткізді.

Қызылжарда осы күндері мизам­шуақ шалқып, күн нұры құйылып тұр. Бұл жарысқа қатысушы коман­далар­дың да көңіл күйін көтеріп, арқа-жарқа көңілді сәт орнады. Он коман­даның құрамында 60 қатысушы болды, ал олардың жанкүйерлері қалың топ болып мінберден орын алды.

Ең алғашқы тапсырма – өрт сөндіру сатысымен екінші қабатқа өрлеу. Жыл­дамдық пен ептілікті қажет ете­тін бұл тапсырма оңай емес. Уақыт­ты үнемдеп, қолындағы шланганы сүйретіп екінші қабатқа көтерілудің өзі күш-жігерді талап етеді. Бұл жарыс­та №6 қазақ орта мек­тебінің оқушысы Данияр Әубәкіров бірінші орын алды. Аталған мектептің оқушысы Имақ Мақсат екінші және №31 мектептің оқушысы Кирилл Зайцев үшінші орынға ие болды.

Екінші тапсырма үстіне өрт сөндірушінің қалың киімін киіп, 100 метрлік кедергілі қашықтықты жылдам жүгі­ріп өтуге арналды. Бұл жа­рыс­та да аталған мектептер­дің оқушылары алда бол­ды. Ал өрт сөндіру шлангасын жыл­дам іске қосып, суды өрт­ке бағыттауда Әл-Фараби атындағы мектептің командасына тең келер ешкім болмады. Екінші орынды №6 қазақ орта мектебінің командасы иеленді.

Жарыс қорытындысы бо­йынша командалық бірінші орынды – №6, екінші орынды – №32, үшінші орынды №31 мектептердің командалары иеленді.

 

ПЕТРОПАВЛ