Руханият • 18 Қазан, 2022

Өр Шерханның өсиеті

285 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Біз білетін Шерхан ағаның тұлғалық болмыс-бітімінде отаншылдық идея атойлайды. Оның рухани қалыбын туған елін шын сүйген, жеке бас өзімшілдігі, сыпыра даңққұмарлығы, жалған абыздығы, өркөкірек өлермендігі, менмендігі жоқ жазушы деп қабылдаймын. Шерағаңның «Бір кем дүние» атты іркес-тіркес философиялық ой-толғамдарында азаматтық тұлғасы мен жазмышы қатар өрілген. Жанры жан-жақты – эссеистика, этюд, портрет, естелік, қойын дәптер, сын, автопортрет, мысал, аңыз, сентенция десе болар. Автор субъективті көзқарасын объективті тезге салып жіберуден жаңылмайды.

Өр Шерханның өсиеті

Есімі Шерхан, шері – арыстан мен жолбарыс, ертеде Сырдария, Шу, Балқаш, Іле бойында жолбарыс тұқымы жыртылып айырылған. Жазушы «Ай мен Айша» атты ғұмырбаяндық романда өзін Барсхан деп алды. Ол расында бөріні пір тұтады. «Қазіргі көк байрағымызға: – Бөрінің басын салайық, – деп ұсынғанымда, кәдімгідей ақылды, биік дәрежелі, лауа­зымды адамдар күлді: – Ай, осы жазу­шылар-ай, қайдағы жоқты айтады, – деді. Мейлі, келер ұрпақ бізден гөрі пара­сат­тырақ болса, түзетіп алар» дегені кейін­гіге өсиет емей не? Қазақстан­­ның Халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның қазақ тотемі, ел­дік символ­ды қалтқысыз дөп таныған әулиелік ұсы­нысы шет қалғанына мен шын өкін­­дім! Иен даланың әуелгі иесі бөрі бола­тын. Көкжал бөрілер азайса, экологиялық жүйе бұзылады. Абадан ерлер азса, ел жо­ғалады. Қазақ халқы үшін бөрі – ежелден тектілік нышаны. Тектілік­тен бас тарту бөтендерге жем болу­дың басы, қор­шылық, намыссыз, ерге­жейлі, жасық құлдық психологияны өршіте бер­мек. Қорқаулық қылық имансыз, арсыз адамнан ғана шығады, тектіге жат мінез. Көкбөрінің мистикалық киесіне сеніп, дербес бейнесін көк туда болса деп тілеген үлкен жазушының интуиция-түйсігін дым түсінбеген соң біздің қо­ғамда кедергілер мен кемшіліктер жын атады. Барыс тотем болып жарытпайды, оның үстіне қазақ тотемі емес. Аң патшасына телініп жүрген арыстан маубас мысық нәсіліне тартып, циркте жонынан сипатады. Барыс сол тұқымнан. То­темдік ұғымдар текке шыққан жоқ, мыңжылдықтар ырымы. Сүйінбайдан қалған аталы сөз: «Бөрі басы – ұраным, /Бөрілі менің байрағым. / Бөрілі байрақ көтерсе, /Қозып кетер қайдағым». Нұрлан Мәукенұлы «Бөрі болып жортқаным, / Бөрілі жұрттан қорыққаным» дейді. «Ұлыс» деген сөздің түбірі бөрілердің ұлу арқылы жиналатынын білген ежелгі түркі тайпалары бас қосарда шыққан деседі. Бөрі тек құдайға бағынғандықтан көкке тұмсығын созып ұлиды. Дұғадан аусашы. Басқа еш­кімге бас иген емес. Шайқасқа түссе, дұш­панына өлсе есе жібермейтін кекшіл жыртқыш. Жер бе­тін­де қорғаныстың күресуден өзге түрі жоқ. Дүниеде қолға үйренбейтін жалғыз аң бөрі болмағының құпиясы неде? Қасқыр қайсар, текті, азат, ақылды аң. Бөрілікті аңсау идеясы Шерағаңда құр пафос емес. Бөрі ұлттық символ болса, эгрегорға айналар еді. Қазақ онда ұлт ретінде күше­йіп, бірлік-берекесі артады. Эгрегордың қасиеті әр ұлттың рухани күш-қуатына әрі пассионар­лық құбылысқа әсері тиюі әбден мүмкін. Шерхан Мұртазаның өсиеті мынау – қазақ халқы бөрінің азулығы, тектілігі мен айбарынан айнымаса екен. Асан Қай­ғы­­­ның зары тектес ел қамы. «Жоғалған тіл»: «Бола­шақ» деген шығып, бай балалары шетелде оқып, бірсыпырасы сол жақта қалады. Бірсыпырасы елге қайтады. Білімі жақсы, істі біледі. Бірақ тек орысша, иә ағылшынша сөйлейді. Қазақшасы жоқ. Бір кем дүние». Қазіргі заманда қазақ баласына көп тіл білу ауадай қа­жет. Бірақ өзін-өзі жыға танымаған ұлт түбі ұтылады. Кез кел­ген халықты аман сақтайтын құдірет­ті құдай ана тілімен, мыңжылдықтарда жинақтаған рухани қазынасы арқылы дарытады. Ағаштың жер астындағы тамыры арқылы биік өскен бұтақтарына нәр баратыны сияқты құбылыс. Шерағаңда өсиет пен мұрат қатар. «Камал Смайылов екеуміз сонау 1996 жылдан бастап екі жылға жуық «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде хат жазыстық. Ел тағдыры, жер, ауыл мұңы, заман кейпі туралы. Ауыл – біздің кіндігіміз. Кіндік үзілсе, көзімізге көк шыбын үймелейді! Урбанизация үдей түссе мейлі, ауылды қазақ бір астарлы қалыпта сақтап қалуы керек! Оған қазақ әлі жетеді, бұйырса! Кәрі Еуропаның кебін кигісі келмесе! Үлкен қалалардың айналасына ауылдарды шоғырландыра ма, кіші қалаларды көтере ме, әйтеуір бұған Қазақ мемлекеті мүдделі! Өйткені ауыл кетсе, – ұлттың ұйтқысы кетеді. Ұйтқы кетсе, ұлт іріп-шіриді. Міне, ішкен-жегенге мәз за­мананың баласы, біздің уайым осы».

Ауылдан шыққандарды мәмбет, топас дейтін теріс психология орныққалы ұлт рухани дүниесін көп жоғалтты, тіл шұбарланып, тозып бітті. «Әжека» деген сорақы сөзді қолданысқа «Перекресток» деген тұңғыш сериал енгізді. «Апашка», «аташка», т.б. жасанды масқара сөздер мәдениетсіздік, сауатсыздық белгісі еке­нін білмейтін иісалмас көп. Олар кітап оқымайды. Орысшаға келтіргенсіп «ка» деген ұсқынсыз әрі басы артық жалғауды жалғап, қасиетті ана тіліміздің тұнығын лайлап, сингармонизм заңын әбден бұзды. Мәңгүрттік. Шерағаңша айтсақ, «Кітап – ғажайып қазына. Кітапты сүймеген Құдайды да сүймейді. Адам жанын тот басса, оны тек кітап кетіре алады. Әрине, асыл кітап, адал кітап». Өз әріптестеріне әрі әдебиет әлеміне жүрегі таза жазушы Ғабдолла Тоқай, Шәкір Әбе­нов және Же­кен Жұмахановты екі мәр­те сүйінішпен атайды. Чивилихиннің «Зем­ля в беде» атты очеркін екі рет атайды.

«Бір кем дүние» атты рухы сом, композициясы мозаика сияқты кіріккен туынды піл сүйегінен шебер ойған шахмат тасындай нақты, қысқа да нұсқа, сюжет­сіз ой-толғауға құрылған. Әр тараудың дара атауы бар. «Жекеше көне ме»: «Өз пайдаңды ойлама, / Ел пайдасын ойла! / Өз пайдаң соның ішінде. / Бірақ бәрі солай ойламайды ғой. / Бір кем дүние». Отан сүйгіш асыл мұрат бес сөйлемге сыйып кетіп тұр. Мемлекет іргесі берік болса, туған елің дербес әрі қуатты, ешкімге дес бермес, мықтылармен терезесі тең болса сол елдің азаматы ешкімнен кем болмайды, қор болмайды. Шерағаң заманында осал қазақ болған жоқ, бірақ дүниені жалпағынан басып, артық асап, біреуге зорлық қылмаған сияқты. Өзін зор тұтқан жоқ. «Араны ашылған, ашқарақ тойымсыздар – адалдықтың қазығынан ажырап қалғандар. Адалдықтың қазығы – қанағат». Келіншектау атауы туралы топонимдік аңызда («Итаяқтың кесі­рі») автор ой ұшығын бүгінгі күнмен жал­ғайды. «Қарап тұрсаң, мына қазiргi заманда да, сол бейшара қыздың абайсызда айтып қалған айып сөзiн кешпеген Жаратқан ие мына қазiргi заманда түйенi түгiмен, ке­менi жүгiмен жұтып жатқандарды қа­лай көрмейдi – ғажап! Бiрақ Құдай асық­пай­ды: бұл дүние болмаса, о дүние бар; зауал әйтеуiр бiр соғар. Бұл тек бiр кем дүние емес, екi дүниеде де кешiрiлмес мол кем дүние». Алтын бесік Отанды сырттан жау шаппай-ақ күйретіп тынуға душар ететін жаппай жемқорлыққа жаны қатты қиналғаны ғой. Материалдық байлық­қа өлгенше құнығу, сол үшін ақыры кеселге ұрыну – адамзаттың мәңгілік майданы. Жазушы құнықпа, ұятсыз болма, мейманасы ас­қан жан тас болып қатады деп астарлайды. «Алтын өзі тотықпайды. Адамдар­дың жанын тотықтырады». «Әң­гі есек» атты мысал проза жанрының ал­ғашқы үлгісін тудырған көне Рим жазушысы Апулейді еске түсірді. «Алтын артқан есектің шықпайтын шыңы жоқ. Кейбір әкімдер, байлар сондай. Бір кем дүние». Апулей сиқырмен алтын есекке айналып кетіп, небір азапты шегіп, ақыры қайта адам болады. Пенде байлық үшін жа­нын сайтанға сатса, өлгенде тозаққа тү­седі. Барша дінде, әлемдік фольклорда солай.

«Ойшыл қарға» атты этюд Басенің классикалық һәм жұмбақ қарғасын еске салды. Сөз салмағын оқырман санасына сіңіруде Шерағаң құлағы естіген әзіл-сықақты ұмытпайды. «Қалтай айт­қан»: «Журналист – это Қаранар, / Но мизерный гонорар. / Бір кем дүние». Қа­ламгерлер соңғы 30 жылда тегін жазды, күнін зорға көрді, соның куәсі. Юмор болса да қазақ кеңес әдебиетінің айтыла бермес ащы шындығы мына ұшпа этюдта таңбаланғаны таңғалдырды. Атауы – «Өгей шеше». Бұл да орысша. «Крат­кость – сестра таланта, мачеха гоно­рара». Қомақты қаламақыға арбалып, көркем шығарма көлемін бекер көбейтіп, әңгіме мен повесть орнына мылжың роман жазып, бірегей сюжетін қор қылған жазушылар болған. Ол шығармалар қазір оқылмайды. Шерағаңда өз әріптестеріне деген сағыныш тұнып тұр. «Сарыала қаз» атты естелігі Оралхан Бөкей туралы нос­тальгия. Оралхан ерте өтерін сезгендей ән салады екен: «Елімнің бір жайлауы Құрымбай саз / Жайлаған алты ай жазға сарыала қаз. / Шолпандай таң алдында туып батқан, / Қайтейін, о, дүние, ғұмы­рым аз». Осы жерде Шерағаң өз эмоциясын аумай-төкпей оқырманға аударады.

Елге 30 жылда шырмауықтай діни экс­пансия енді. Қазақ халқын дін мен дәстүр қабысып небір катаклизмдерден аман сақтап келді. Шерхан Мұртаза әсіре­діншілдікке ұрынған жоқ, өйткені ұлт­тық кодта ежелден иман мен ұят бар. «Жақсылықтың жаршысындай бо­лып көзге оттай басылған көгілдір Наурыз­көк­ті көрдім. Ол жылда мені көктемнен көк­тем­ге дейін жетектеп келе жатқан әулие құс. Көрісер көктеміміз көп болсын, әулие Наурызкөк! Сен көрінбей қал­саң, сол қиын. Нағыз кем дүние сол болар». Мұндай өмірсүйгіштік сарын, жарық күнге, жыл маусымына, Құдайдың титім­дей құсына ризашылық шынайы адам­шылықтан тумас па! Аллаға серік қосу деп әулие, аруақ деген сөзді аластауға ұм­тылған, өз қағынан безінген қазақтар мұндайды қабылдамайды. «Имансыз болма»: «Біреулерге Құдай бәрін береді. Бай­лық та бар, алтын, гауһар, інжу-маржан – бәрі бар. Төрт құбыласы сай. Бірақ иман жоқ. Ең сорлы адам сол. Бір кем дүние».

Қазақтың ұлттық трагедиясы неде? Қазақ хас жақсысын танымай қала бере­тін халық екенін жазушы қалай дәл айта­ды. Талантқа өте бай бола тұра сөй­теді. Мұқағали, Шәмші, Төлеужан Ысма­йы­лов шетелдік әріптестері сияқты тұр­мыс­­қа байланбай еркін өмір сүрді ме?! Шал­қымақ түгілі? Әңгіме кейіпкері Ла Скалада ән салған сирек дарын Аман­гелді Сембин. «Қали Сәрсенбай жазады: «АҚШ-та талантты қорғайтын эти­ка­­лық бас басқарма бар екен», – деп. Он­дай ме­кеме бізде әлі күнге дейін жоқ. Он­дай мекеме болса немесе аса да­рын­ды адамдарды ала көзден, бәле көз­ден, сұқ көзден, театрдағы, өмірдегі дарынсыз Қотыраш, Батыраштардан, өзге де жақтың өзеуреген өсекші, бәлеқор, жалақорларынан қорғайтын заң болса, кім біледі, Сембин бәйшешектей ерте солмас еді». Құдай дарытқан саф талант таза дәулет, асқан мәртебе екенін білген соң күншілдер астыртын амалдармен даралықтың сағын сындырып жіберуге аянбасын былайғы жұрт жете ұқпайды. «Дуананың жирен қасқасы» атты әңгі­медегі 99 жирен қасқасы бар байдың кез­бенің астындағы жирен жылқысын тартып алып, жүзге толтырғысы келген озбыр қылығы өзгені өзінен асырмауға мүдделі дарынсыздың ішқұса күйігінен аумайды. «Бай дәулеттен айырылып, қай­тып мал-мүлiк құтаймай қойыпты». Сол сияқты шын талантты құртқандар Құдайдың қарғысын арқалайды. Оңтүстік Корея елі Чо Суми сияқты опера әншісін және «BTS» тобын мемлекет қазынасы деп аса биік бағалайды. Озық экономикасын айтпай-ақ қояйын, кинематография және шоу-бизнес саласында корейлер толағай табыстарға кенеліп жатқаны сондықтан шығар. Өйткені дарынды дер кезінде тани білу, қастер тұту – елдік аураны жақсарта түсетін ғажап жасампаз құбылыс.

Мұнда ғұмырбаяндық штрихтар аз емес. «Жеңіс тек әскер күшімен келген жоқ. Бірақ Жеңіс күніне арналған TV хабарларында не газеттерде тыл ерлері туралы ештеңе айтылмайды». Анасы Айшаның аруағын сыйлап, оның ұмытылмас бейнесін жанама беріп, соғыс кезінде ересектерден артық қара жұмысқа жегілген өзі сияқты барша жетімек балалар және олардың жесір аналарын ойлап, жүрегі қан жылап жазып отыр. Әрі ел ескере бермейтін шындық. Балалығын соғыс қасіреті мен зіл батпан ауыртпалығы ұрлаған ұрпақтың психологиясын айқындайтын бір үзік сыр: «Пайғамбар жасына жақындасам да, кейде менің бала болып кеткім келеді. Кейде тіпті ауылға барғанда, кішкентай балалармен кәдімгідей асыққа таласқым да кеп кетеді» («Ай мен Айша»). Балаға тән қимас балдәуренді басынан шала кешкен адамның сөзі. Бек Тоғысбаевтың Жеңіс күні 50 жыл бұрын майданда өлген әкесін есіне алып жас балаша өксіп жылағанын сол шер көкіректен жазып отыр ғой. «Жетім бала мейірім аңсап тұрады. Бір Алланың рақымы жанымен мейірім аңсағаны үшін жетім балаға анық түседі. Менің өмірден түйгенім осы». «Жарты әлемді жаулаған Әмір Темір де мейірімге мұқтаж». Шерхан аға тасбақаның зарын, құладын ілген тауық балапанын, жылан жұтқан бақаны қалай жаны ашып күйзеле, мейірін төге суреттейді. Тылсым табиғатқа рухы жақын бақсылықты қанат­ты адамға теңейді. Анасы ауырғанда Ақ­қыз бақсы емдеп жазғанын, Аққыз өлген соң Мыңбұлақта бақсы болған емес, орны ойсырап қалды деп сахарадағы ба­йыр­­ғы сана-сезімге адалдығын жасырмайды.

Қазақтың қара өлеңіне қимай қайы­рыла беретін, «Социалистік Қазақстан» газетіне Има Сумакты кейіпкер етіп қос бет очерк жазған Шерағаң эстет, тал­ғампаз. «Алматыда Има Сумакқа жолы­ғып, сұхбаттасқан жалғыз мен болдым десем, мақтаншақ демеңдер. Сіз біздің кечуа-индеецтерге ұқсайды екенсіз, – деді сонда маған ғажайып Има Сумак, – басқа ешкімді қабылдамаймын». Осы деректен соң Ютубтан Перудің сол ұлы әншісін тауып тыңдағанмын.

«Баяғыда Ақсақ-Құлидың ауылынан бір аяқ боза ішсем бетім алаулап кететін еді, жазу десе әлі күнге жүзім бал-бұл жанады», дейтін Шерхан Мұртаза алдына қара салмай, артына қара ертпей, өзі ғана дара болуға құмар эгоист жазушылардан емес. Маңғыстаудан Фаризаны, Алтайдан Оралханды жазбай танып, қамқор болған, адам баласын алаламайтын Шерхан ағаның кеңдігін мен де көрдім. Шерхан Мұртаза «Айгүл Кемел­баеваның әңгімелерін іздеп жүріп оқимын» деп газетте пікір айтқаны бар («Жас Алаш», №18. 12.02.2002. Сұх­бат­тасқан Нәзира Байырбек). Аузы дуалы, беделі зор жазушы айтқан соң қызғаныштан іші күйіп, мені улы тілмен шағып алғандар болды. Мұндайда жасып, қиналу қайда, елең қылмадым. Күншілдік азаймайды, әйткенмен әдеби бағың арта түседі. Шерхан аға жоғары бағасын мені көрмей тұрып сырттай берген еді. Кейін екі-үш мәрте әдеби жиындарда көз көргенде бауырмалдық танытып, мейірін төгіп, суретке түсіп, ал соңғы көрген мерейто­йында мәртебелі кісілер көп болса да риза пейілмен тілдескені жадымда қалды.

 

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА,

жазушы