Өңірлерден өріс алып, алғырлары анықталып, бас қалада байқау қорытындысы шығарылады. Жеңімпаз отбасылардың құшағы гүлге толып, шаһарына шаттықпен аттанады. Елордада да «Мерейлі отбасы-2022» ұлттық байқауының қалалық кезеңі өтіп, жүлдегерлер марапатталды.
Ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда, байқауға өтінім беру маусым айының ортасынан бастап жүргізілді.
«Байқау қатысушыларының саны жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, 2018 жылы байқау комиссиясының қарауына 51 елордалық отбасы өтінім берсе, биыл 151 отбасы қатысуға ниет білдірген. Байқаудың басты мақсаты – отбасылық құндылықтарды дәріптеу, отбасы институтының мәртебесін арттыру, некенің маңыздылығын түсіндіру, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру, қазақ халқының отбасылық тәрбиесін ұлттық құндылық ретінде жандандырып, оны әрбір отбасына енгізу», дейді іс-шараны ұйымдастырушылар.
Байқау Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, жергілікті атқарушы органдар, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен ұйымдастырылып отыр.
Елордада өткен байқау жеңімпаздарын Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен мен қалалық ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Салтанат Тұрсынбекова марапаттады.
Комиссия шешімімен ұлттық байқаудың қалалық кезеңінің жеңімпазы Сағитовтар отбасы болды. Шаңырақ көтергендеріне 13 жыл болған Дулат пен Айнагүл алты бала тәрбиелеп отыр. Отағасы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған паралимпиадалық жаттығу орталығында және «Астаналық цирк» МКК диспетчері болып жұмыс істейді. Зайыбы Айнагүл Сағитова – «Mega Road» ЖШС кадрлар бөлімінің бастығы. Қыздары республикалық би жарыстарына қатысып, жүлделі орындарға ие болса, үлкен ұлы «Астана» хоккей клубында спорттық мансабын бастаған.
«Тұңғыш баламыз дүниеге келгенде үлкен сынақтан өттік. Береке-бірліктің арқасында оны жеңіп шықтық. Татулығы жарасқан отбасында қашанда береке болады. Соны есте ұстаған жөн. Бұл байқаудың берері мол. Отбасы мүшелерін ынтымаққа, бірлікке шақырады. Осындай байқаулар жиі болып тұрғаны дұрыс деп ойлаймыз. Жеңімпаз болып жатқанымызға өте қуаныштымыз. Қала әкімдігіне ризашылығымызды білдіреміз», деді Сағитовтар отбасы.
Екінші орынды Олжабаевтар мен Әуеловтер отбасы өзара бөлісті. Талғат Олжабаев пен зайыбы Әсел екеуі де әлеуметтік қорғау саласында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Қамқор» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында еңбек етеді. Олар бүгінде 7 бала тәрбиелеп отыр. Ал отасқандарына 20 жыл болған Әуеловтер отбасы 10 баланың ата-анасы. Ал үшінші орын Айтқұловтар мен Жүнісбековтер отбасына бұйырды.
«Отанды сүю отбасынан басталады» деген мақалды жиі қолданамыз. Оның қадір-қасиетін арттырып, қасыңызда жүрген аяулы анаңыз бен ардақты әкеңізді бар кезінде бағалауға дәріптейтін дәстүрлі байқаудың алар орны айрықша екені анық. Сол себепті игілікке жетелейтін, отбасына деген жанашырлықты дәріптейтін жарыс жалғаса берсе дейміз.