Одан өндірілетін хром кенінің жалпы жоспарланған көлемі шамамен – 600 мың тонна. Жоба компанияның шағын кен орындарын дамыту бағдарламасына кіреді. Бағдарлама ферроқорытпа зауыттарына шикізатты тұрақты жеткізуді қамтамасыз етіп, негізгі өндірістік қуатты ұстап тұруға мүмкіндік береді.
«Геофизикалық-9» – соңғы екі жылда ашылған үшінші кеніш. Кен игеруге кіріспес бұрын кеншілер 4,8 млн текше аршылым жұмыстарын орындайды.
– Геологиялық қызмет бұрын анықталған кен ошақтарына тыңғылықты барлау жүргізіп жатыр. Бұл – болашақтағы жұмыс. Компанияның шағын кен орындарын дамыту бағдарламасы өндірістік қуатты сақтауға, тұтастай алғанда 2022 жылдан 2026 жылға дейінгі аралықта өндірістік көрсеткіштерді арттыруға мүмкіндік береді, – дейді Дөң тау-кен байыту комбинатының директоры Азамат Бектібаев.
Жаңа кен орны ашық әдіспен игеріледі. Аршылым және игеру жұмыстарын Дөң тау-кен байыту комбинаты – «Дөң» кенішінің қызметкерлері өз күшімен атқарады.
Тағы екі кен орны – «Геофизикалық-11» және «Июньское» дайындық үстінде. Миллион тоннадан астам кен қоры бар «Геологиялық-1» игеріліп жатыр. Бірінші кезеңде, осы жылдың жазында мұнда 617 мың тонна кен өндірілді. Екінші кезеңінде жерасты қорлары игеріледі. Бұл жерден тағы 413 мың тонна шикізат алу жоспарланып отыр.
Дөң тау-кен байыту комбинаты «Оңтүстік» кенішінің жерасты қорлары да игеріліп жатыр. Сонымен қатар тағы екі шағын кен орны №39 және «Геофизикалық-7»-ге құжаттар дайындалу үстінде.
– Олар жерасты әдісімен игерілетін болады. Айта кету керек, Хромтау ауданындағы ауқымды геологиялық барлау жұмыстары 2016 жылдан бастап жүргізіліп келеді. 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспарланып отыр. Геологиялық барлаудың негізгі міндеті – Кемпірсай сілемін зерттеу кезінде хром кендерінің шала зерттелген орындарын қайта бағалау және жаңаларын іздеу. Бұл ретте геологиялық деректерді өңдеудің заманауи технологиялары және объектілерді модельдеу құралдары қолданылады, – дейді шағын кен орындары бойынша жоба жетекшісі Виталий Гусаров.