Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
FinReview.info аналитикалық ресурсының хабарлауынша, қыркүйек айында АІХ өз қызметінің ISO 27001 және ISO 27032 жаһандық стандарттарына сәйкестігін растады. Сонымен қатар жаңа екі стандарт – ISO 27018 бен ISO 27017 бойынша сертификаттаудан өтті. Бұл стандарттар толық бизнес циклдің: сауда, клиринг, есеп айырысу, тіркеу қызметтерінің және депозитарлық қызметтің қамтамасыз етілуін қамтиды.
Жалпы алғанда, үшінші тоқсан ішінде AIXQI 11,67 пайызға өсті. Индекстің үш компаниясы тоқсандық өсім көрсетті – Kcell (+40,6 пайыз), «Банк ЦентрКредит» (+37,9 пайыз) және Kaspi.kz (+33,7 пайыз).
«Kcell акциялары үшін осы жылдың үшінші тоқсаны дивидендтер төлеу мерзімін шегеру туралы шешім қабылданғандықтан, осыған дейін қатты төмендеген құнды қалпына келтіру тоқсаны болды. Телеком-оператор қызметінің нәтижелері бүкіл тоқсан бойы өсуге негіз қалады. Компанияның жарияланған қаржылық есептілігіне сәйкес 2021 жылы Kcell-дің бір акцияға шаққандағы таза пайдасы екі есе өсті. Бұл тенденция 2022 жылы да жалғасып келеді. Қыркүйек айында Kcell акциялары 5,82 пайызға түзелді. Kcell-дің негізгі акционерлерінің бірі саналатын «Қазақтелеком» компаниясында әдеттегідей баға белгіленуінің елеусіз нарықтық ауытқулары бар. Қыркүйек айының қорытындысы бойынша компанияның акциялары 3,76 пайызға өсті, ал тоқсандық өсімі 7,19 пайызды құрады», деп жазды FinReview.info.
2022 жылы «Банк ЦентрКредит» жариялаған оң қаржылық есептер мен «Альфа-Банктің» еншілес ұйымымен сәтті қосылуы банктің баға белгілеулерінің сенімді өсуін қамтамасыз етуде. «Банк ЦентрКредит» баға белгілеулерінің өсуі қыркүйекте 11,76 пайызды құрады. Банктің бизнес-позицияларының жақсаруын S&P рейтинг агенттігі де растады. Агенттік «Банк ЦентрКредит»-тің ұзақмерзімді кредиттік рейтингін «В»-дан «В+»-ке «Тұрақты» болжамымен жоғарылатты.
FinReview.info-ның хабарлауынша, банк секторының тағы бір өкілі Kaspi.kz те оң қаржылық нәтижелерді жариялауда. Бұдан басқа, Kaspi.kz баға белгілеулері жаһандық депозитарлық акцияларды кері сатып алумен және дивидендтер төленуімен (1 жай акцияға 500 теңге) қуатталып отыр. S&P рейтинг агенттігі Kaspi Bank рейтингін «ВВ-»-дан «ВВ»-ға дейін «Тұрақты» болжамымен жоғарылатты. Үшінші тоқсанның көп бөлігіндегі өсуден кейін Kaspi.kz баға белгілеулері қыркүйек айында 3,14 пайызға түзелді.
19 қыркүйекте өткен акционерлердің жалпы жиналысында «Халық Банк» жай акциялар бойынша дивидендтер төлеу мен оның ықтималды сомасы жөнінде қазан айында шешім қабылдау жоспарланып отырғанын хабарлады. Соған қарамастан, Қазақстанның банк секторындағы көшбасшының акциялары айдың қорытындысы бойынша 7,95 пайызға төмендеді. Алайда үшінші тоқсан «Халық Банк» үшін +3,63 пайызбен жабылды.
«Қазатомөнеркәсіптің» директорлар кеңесі компанияның 2024 жылы өндіріс көлемдерін жалпы жоспарланған деңгеймен салыстырғанда шамамен 10 пайызға қысқарту жөніндегі стратегиясын мақұлдады. Сонымен қатар қыркүйекте уран компаниясының топ-менеджментінде кадрлық өзгерістер орын алды – басқарма төрағасы қызметіне Е.Мұқанов тағайындалды, стратегия және даму жөніндегі бас директор лауазымы қысқартылды. Нәтижесінде, басқарманың сандық құрамы қысқарып, 8 адамның орнына 7 адам болды. Қыркүйек айының қорытындылары бойынша «Қазатомөнеркәсіп» акцияларының құны азайды (-19,56 пайыз), нәтижесінде бұл 1,32 пайыздық тоқсандық төмендеуге әкелді.
«KazTransOil акциялары мұнай бағасының қыркүйекте төмендеуіне байланысты қысымға түсті. Айдың қорытындылары бойынша компанияның баға белгілеулері 8,46 пайызға төмендеді, ал тоқсан қорытындылары бойынша 0,58 пайызға өскен», делінген FinReview.info хабарламасында.
AIXQI индексінің компаниялары арасында тоқсан қорытындысы бойынша ең нашар нәтижені Central Asia Metals компаниясы көрсетті (-4,77 пайыз). Оған дамушы елдердегі кен нарығының құлдырауы, рецесиялық күтулер мен Англия банкі тарапынан ақша-кредит саясатының қатайтылуы әсер еткен. Қыркүйек айының қорытындылары бойынша компания акциялары 9,04 пайызға төмендеді.