Өзекті мәселені Абай облы-сының әкімдігі назарға алып, алдағы уақытта білім ордасы қаланың жылу желісіне қосылатын болды. Бұл туралы аталған педагогикалық колледждің директоры Шағангүл Жанаева хабарлады.
Жалпы, оқу орнының әкімшілігі колледждің жылу қазандығын орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу мәселесін он жеті жылдан астам уақыт қала әкімшілігінің алдында көтеріп келді. Бұл шешімін таппаған, әбден «титықтатқан» мәселе еді. Орталықта орналасқан жылу қазандығы қаланың экологиясына, ұлт ұлыларының ізі қалған тарихи ғимараттың сақталуына орасан зор зиян келтіріп келеді.
Абай облысына Нұрлан Ұранхаев әкім болып тағайындалғаннан кейін қызметін қаладағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының жұмысымен танысуды, оның ішінде 119 жылдық тарихы бар аталған колледжден бастады. Сол кездесуде Нұрлан Тельманұлы оқу орнының барлық шешімін күткен мәселесін назарға алып, орындалуын бақылауына алатынын айтқан болатын.
«Облыс әкімі уәдесіне берік екен. Тізімде тұрған өтініштеріміз бірден шешіле бастады. Риза болдық. Көңілімізде жүрген, шешімін күткен көп мәселе орындалып жатыр. 1987 жылы М.Әуезовтің 90 жылдығында салынған ғимаратымызда бар-жоғы 100-ақ орындық мәжіліс залы, 400 орынға арналған киімілгішіміз бар. Қазір оқу орнында 1 500-дей студент білім алып жатыр. Ауқымды мәдени шараларды өткізуде, алты ай қыста студенттердің киімін орналастыруда қатты қиналатынбыз», дейді Ш.Жанаева.
Оқу орнының басшысы айтқандай, колледждің жылу қазандығы қаланың орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған жағдайда, орнына мәжіліс залы мен киімілгіш, басқа да қосалқы қажетті кабинеттер қамтылған екі қабатты заманауи ғимарат салынады.
«Осы жобаның дайындалуына айрықша көңіл бөлген Абай облысының әкімі Нұрлан Тельманұлына ризашылығымызды білдіреміз. Әкімнің ұлылардың білім ұясы саналатын колледждің тарихына құрметі – еліміздің тарихына құрметі! Облыс болып құрылғаннан бері 3-4 айда қалада қаншама өзгеріс болып жатыр. Көңіліміз өсіп жүр! Жолымыз да сайрап, бағымыз да жайнап, қаламыз шуақты нұрға бөленіп келе жатыр!», деді педагогикалық колледждің директоры.
Таяуда Мемлекет басшысы Абай облысына жасаған сапарында аталған колледждің жұмысымен танысып, оқу орнының тарихы мен жетістіктеріне, білім ордасынан білім алған ұлы тұлғалардың өміріне арналған көрмені аралап, оқытушылар ұжымы және студенттермен пікір алмасқан болатын.
«Ұстаз деген – қасиетті мамандық. Бәріміз ұстазды сыйлаймыз. Себебі ұстаз – жоғары деңгейдегі тұлға. Балаларға лайықты білім беріліп жатыр. Білімсіз адам қауқарсыз деп айтуға болады. Қауқарсыз адам қазіргі бәсекеге толы әлемде қалай өмір сүреді? Сондықтан жас мамандарға мен ризамын. Өздеріңіз сияқты жастарды мемлекет те әрқашан қолдайды», деген еді Қ.Тоқаев.
Сондай-ақ Президент елімізде жастарға жағдай жасау үшін біраз реформа жүзеге асырылып жатқанын да жеткізген-ді.
СЕМЕЙ