Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Малайзия Премьер-министрі Наджиб Тун Разакпен кездесті. Жоғары деңгейдегі кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық, индустриялық-инновациялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастық аясын кеңейтудің негізгі бағыттары талқыланды.
Тәуелсіздік алған жылдардан бері еліміз көптеген елдермен дипломатиялық байланыстар орнатып қана қоймай, түрлі халықаралық ұйымдардың толыққанды мүшесіне де айналды. Ел егемендігін алғашқылардың қатарында мойындап, өзара ынтымақтастық орнатуға ниет танытқан сондай мемлекеттердің бірі – Малайзия. Сол себепті де, Батыс пен Шығыста саяси-экономикалық және әлеуметтік-мәдени қарым-қатынасты тең ұстап келе жатқан Қазақстан үшін Малайзия Шығыс Азиядағы сенімді серіктестердің бірі. Бүгінде ислам әлеміндегі жедел дамыған ел саналатын бұл елмен Қазақстанның арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың негізі 1992 жылдың 16 наурызында қаланған. Ал 1996 жылы Куала-Лумпур қаласында Қазақстанның, ал Алматыда Малайзия елшіліктерінің ашылуы екі ел әріптестігіне жаңаша серпін береді. Бұдан кейінгі жылдары Қазақстан Президенті Малайзия еліне бірнеше мәрте жасаған арнайы және мемлекеттік сапарлары, қос мемлекет арасындағы ықпалдастыққа ықпал еткен болатын.
Ақордада өткен кешегі кездесу аясында да Нұрсұлтан Назарбаев пен Наджиб Тун Разак бүгінгі күнге дейін қос мемлекет арасында орнатылған әріптестікті одан әрі нығайту және күн тәртібінде тұрған бірқатар халықаралық, өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты, екіжақты байланыс төңірегінде әңгіме өрбітті.
Қазақстан Президенті Малайзия Премьер-министріне Қазақстанға ресми сапармен келгені, сондай-ақ, Астана экономикалық форумына қатысып, оның деңгейін көтеруге ықпал еткені үшін алғысын жеткізді. «Соңғы үш жылда біз үш рет кездестік, бұл елдеріміз арасындағы қарым-қатынасты жандандыруға серпін береді. Былтыр көрсеткіштердің 14 пайызға артқанына қарамастан, 130 миллион доллар тауар айналымы көлемінің жеткіліксіз екенін айтқан жөн. Бұл бағытта бізде зор перспектива бар. Елдеріміздің және жеке өзіміздің арамызда қалыптасқан достық пен өзара түсіністік қарым-қатынас Сіздің сапарыңызды екіжақты ынтымақтастық үшін пайдалы қылады, оған жаңаша серпін деп айтуға негіз бар, – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Наджиб Тун Разак форумға қатысуға ғана емес, ресми сапармен келуге де арнайы шақырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысын білдірді. «Маған Астана экономикалық форумының ашылу рәсімі үлкен әсер қалдырды. Оған осынша көп адамның қатысуы шараның беделі қаншалық өскенін көрсетеді. Осындай форум өткізу арқылы өзекті халықаралық мәселелердің талқылануына Сіздің қосып отырған үлесіңізді атап айтқым келеді», деді Малайзия Премьер-министрі бұл орайда.
Наджиб Тун Разак сонымен қатар, бүгінде бірқатар салалардағы ынтымақтастықтың деңгейі өсіп келе жатқанын, ол бұған дейінгі кездесулер барысында межеленген уағдаластықтарды жүзеге асыруға оң ықпал етіп отырғанын атап өтті. Сондай-ақ, ол сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру үшін көлік-логистика саласындағы мүмкіндіктерді кеңейтудің маңыздылығына тоқталды. Малайзия Премьер-министрі өзара әріптестікті мемлекетаралық деңгеймен қатар, халықаралық құрылымдар аясында нығайтудың мән-маңызына да назар аударды.
Бұл күнгі екіжақты кездесуден кейін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Малайзия Премьер-министрі Наджиб Тун Разак бірлескен брифинг өткізді.
Брифинг барысында Қазақстан Президенті әлемдік саясаттағы түрлі жәйттер жөнінен екі елдің ұстанымдарының ұқсастығына назар аударды. «Біз этностардың әралуандығымен, діннің өзара ықпалдастығымен, сыртқы саяси қызметімізбен, экономикаға қатысты көзқарастарымызбен ұқсаспыз. Сондықтан, біздің ел Малайзиямен ынтымақтастықты дамытуға, тәжірибесін қолдануға, бұл елде мемлекеттік қызметшілер мен студенттерімізді оқытуға мүдделі. Наджиб Тун Разактың бүгінгі сапары елдеріміз арасындағы қарым-қатынастарды жаңа деңгейге алып шығады деп сенемін», деді Мемлекет басшысы бұл орайда.
Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ, екіжақты қарым-қатынастардың дамуының оң қарқынын атап өте келе былай деді: «Сапар аясында бизнестік құрылымдар арасында жалпы мөлшері 1,1 млрд. доллардан асатын үш келісімшартқа қол қойылды, соның ішінде, екеуі Маңғыстау, біреуі Жамбыл облысындағы жобалар бойынша жүзеге аспақ». Бұған қоса, Мемлекет басшысы сапар барысында қол қойылған келісімшарттар малайзиялық компаниялардың Қазақстанға инвестиция салу ниетінің айқындығын көрсететінін атап өтті. Бұл ретте ол елдеріміз арасындағы тауар айналымы әлеуетімізге толық сай еместігін, соған орай көрсеткіштерді алдағы жылдары әлдеқайда биік деңгейге көтеру қажеттігіне назар аударды.
Өз кезегінде Наджиб Тун Разак бұл оның Қазақстанға екінші сапары екенін айтты. «Мен өзімнің 2011 жылы Дүниежүзілік ислам экономикалық форумына қатысуға келген сапарымды жылы сезіммен еске аламын. Біздің екіжақты қарым-қатынасымыздың оң сипаттағы дамуы туралы Қазақстан Президентінің пікірін толық қолдаймын, бізге оны әрі қарай жақсарту жолдарын қарастырған жөн», деген Малайзия Премьер-министрі. Наджиб Тун Разак сондай-ақ, келіссөздер барысында «Петронас» компаниясы тарапынан Қазақстанның мұнай-газ саласына инвестиция салу мүмкіндігі де сөз болғанын айтты. Бұған қоса, Қазақстан Президентінің сөзін қоштап, расыменде қос мемлекет арасында көптеген халықаралық мәселелер жөніндегі ұстанымдары ұқсас екендігін атап өтті. Сөзінің соңында Малайзия Премьер-министрі өзінің сапары екіжақты қатынастарды нығайтуға, тереңдетуге септігін тигізетіндігіне сенімін білдірді.
Қазақстан мен Орталық Азиядағы басымдыққа ие серіктес – Малайзия арасындағы сауда айналымы 2013 жылдың қорытындысы бойынша 122,7 млн. долларға жеткен. Бұл, сәйкесінше, 2012 жылдағы көрсеткіштен 14 пайызға артық. Ал Малайзияға қазақстандық экспорттың мөлшері 1,8 млн. доллар болса, импорт 120,9 млн. долларды құраған. Малайзиядан келетін инвестиция мөлшері де артып келеді. Мәселен, 2011 жылы бұл елден Қазақстанға ағылған инвестиция көлемі 0,4 млн. доллар болса, 2012 жылы бұл көрсеткіш 0,5 млн. долларды құраған. Ал 2013 жылы инвестиция мөлшері көбейіп, 1,7 млн. долларға жеткен. Болашақта Қазақстан мен Малайзия бүгінгі күнге дейінгі орныққан экономикалық әлеуеттердің толық ашылуы үшін бірлескен жұмыстарды жандандыра түсуге ниет танытып отыр.
Бір атап өтерлігі, қос мемлекет тек сауда-экономикалық байланысты ғана емес, мәдени-гуманитарлық, білім-ғылым салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға да мүдделі. Бұған жыл сайын Малайзияның оқу-білім мекемелерінде қазақстандық мамандардың тәжірибеден өтуі, бұл елдің оқу орындарында 1,7 мыңға тарта қазақстандық азамат білім алуы дәлел.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Суреттерді түсіргендер
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.