Әлемнің 150-ге тарта елінен келген көрнекті саясаткерлер, танымал ғалымдар, аузы дуалы сарапшылар, халықаралық ұйымдар мен ұлттық компаниялардың жетекшілері, Нобель сыйлығының 9 лауреаты алдындағы сөйлеген сөзін Мемлекет басшысы былай деп бастады.
Тәуелсіз Қазақстанның соңғы жылдардағы даму деңгейінің символы болып табылатын біздің елордамызда бас қосқандарыңыз үшін сіздерге қуанышты сәлемімді жеткіземін. Біздің бұл форум аймақтық пікіралысу алаңынан халықаралық экономикалық өмірдің маңызды оқиғасына айналды. 2013 жылы қыркүйектегі «Үлкен жиырмалықтың» саммитіне Қазақстанның қатысуы шеңберінде форумның ұсыныстары мен идеялары таныстырылды. 4 миллионнан астам пайдаланушыны біріктіріп отырған G-GLOBAL жаһандық үнқатысуы бойынша виртуальды алаң ойдағыдай жұмыс істеуде. Әлемнің 150 мемлекетінен 10 мыңнан астам қатысушыны біріктірген біздің форумның ауқымы аса зор. Астана форумы шеңберінде БҰҰ-ның қолдауымен Дүниежүзілік дағдарысқа қарсы екінші конференция өтті. Форумның күн тәртібі өте мазмұнды. Мен форумға қатысушылардың бәріне өздерінің назарларын аударып, біздің елімізге келгендеріне алғыс білдіремін. Барлығыңызға жемісті жұмыс тілеймін, деді Елбасы.
Одан әрі Мемлекет басшысы әлемдегі ахуалдың күрделі болып отырғандығына тоқталды. Біз әлемдік оқиғалардың әртүрлі даму бағыттарына дайын болуымыз керек, деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Араб елдерінде дүркін-дүркін болып жатқан әлеуметтік толқулар және еуроаймақтағы әлеуметтік қиындықтар мен жаһандық қаржы, қарыз дағдарысының басылмай отырған қиындықтарымен бірге біз жаңа сын-қатерлерге тап болудамыз.
Біріншіден, дамыған елдердің жағдайларының түзелуі аясында экономикалары дамып келе жатқан мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігі төмендеуде. Сарапшылардың болжамы бойынша, капиталдың сыртқа шығуы күшеюде. Бұл келеңсіз жағдай одан әрі жалғаса беретін болса, дамушы елдердегі инвестициялар мөлшерін 50 пайызға және одан да жоғары деңгейге дейін азайтуға әкеп соқтыруы мүмкін.
Екіншіден, табыстың теңсіздігі үнемі өсіп отыр және байлар мен кедейлер арасындағы өмір сапасының айырмашылығы алшақтап барады. Бұл әлеуметтік ахуалды шиеленістіреді. Халықаралық зерттеулер көрсетіп отырғанындай, 2014 жылы әлемдік проблемалар рейтингінде кедейшілік және байлар мен кедейлер арасындағы өсіп бара жатқан алшақтық бүкіл әлемдегі маңызды проблемалардың ішінде үшінші орынға шыққан. Өкініштісі, бұл кедей елдердің проблемалары ғана емес. Атап айтқанда, Батыс Еуропаның тұрғындары: Германия, Австрия, Испания, Франция бұл рейтингте кедейлер мен байлар арасындағы айырмашылық проблемасы бойынша бірінші орынға шықты. Халықаралық еңбек ұйымының деректері бойынша өткен жылы әлемдегі жұмыссыздар саны тағы да 5 миллион адаммен толықты.
Үшіншіден, орын алған күрделі әлеуметтік жағдайда нағыз әскери операцияларға ұласқан экономикалық әлеуметтік және саяси қақтығыстар, нақты экономикалық санкциялар енгізу оқиғалары жиілеп кетті, деді одан әрі Мемлекет басшысы. Әлем бүгінде тағы да әскери күш-қуатын арттыру және текетіресті шиеленістіру жағдайына тап болды. Дегенмен, бұл ретте кім күшті болса, сол ғана дұрыс болады деген «әлеуметтік» дарвинизм қағидаты жақсылыққа апармайды, себебі мұндай жағдайда бұдан бұрынғы ұрпақтар өкілдерінің қолымен жасалған игіліктің бәрі жойылады. Біз қақтығыстар үшін оны шешуге емес, қайта тереңдетуге апаратын аса үлкен шығындарды өтеудеміз. Шешімін күткен көптеген жаңа мәселелер пайда болуда. Алайда жаңа жағдайдағы мемлекеттің рөлі, әлемдік қаржы-экономикалық қарым-қатынастар архитектурасы, көпжақты және бреттон-вудстық келісімдер туралы бұрынғы мәселелердің жауабы әлі күнге дейін табылған жоқ.
Біз таяу болашақта экономикалық өсімнің елеулі түрде әлсірейтіндігіне дайын болуымыз керек, деді одан әрі Н.Назарбаев. Егер 2000-2007 жылдар аралығындағы кезеңде әлемдік экономиканың орташа өсімі 4 пайызды құраса, соңғы жылдары өсім 2,5 пайыздық деңгейге дейін төмендеді. Еуропа елдерінің нақты экономикалық салаларында ахуал түзелудің орнына барған сайын нашарлап барады. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша еуроаймақтағы ІЖӨ өсімі күтілген деңгейден 2 есе төмен болды. Дағдарыс салдарын ойдағыдай жеңіп келе жатқан мемлекет ретінде ауызға іліккен АҚШ-тың экономикасы да бүгін елеулі проблемаларға тап болды. Сәуір айындағы көрсеткіштер бұл елдегі ІЖӨ өсімі бар болғаны 0,1 пайызды құрағанын көрсетті, ал бірқатар банктер бұл көрсеткішті нақты зерттегеннен кейін өсімнің орнына құлдырау орын алады деп есептейді. АҚШ экспорттаудан гөрі тауарларды көбірек импорттайды және бұл елдің өндірген өнімінен тұтынған өнімі көп.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы көптеген орта және кіші мемлекеттердің, сонымен қатар, G-7-нің бірқатар мүшелерінің де сауда айналымында үлкен кемшіліктерге тап болып отырғандығын назарға алды. Әлемдік экономика үшін алыпсатарлық шикізат «көбігі» үлкен қатер тудырып отыр. Оның кейбір көріністері жаһандық шикізат рыногының шешуші сегменттерінен де байқалып қалуда. Мұндай «көбіктерді» қалыптастыру әлемде кең көлемдегі арзан өтімділіктің орын алғандығын көрсетеді. Тек АҚШ, Жапония, Ұлыбритания және еуроаймақ қана экономикаға 5,5 триллион доллардан астам қаржы құйды. Мұның бәрі дамушы рыноктарға сөзсіз әсер етеді. Мұндай жағдайда қарапайым адамдардың санасында әлеуметтік келеңсіздіктердің орын алуына жол беруге болмайды. Бүгінде әлемде 1,5 миллиард адам күніне 1 доллардан аз-ақ асатын қаржыға өмір сүреді. 2,5 миллиардқа жуық адамдар 2 долларға жетер-жетпес қана кіріс табады. Бұл іс жүзінде жер бетіндегі тұрғындардың 40 пайызын құрайды. Дүние жүзінде 200 миллионнан астам адам жұмыссыз. 1,5 миллиард адам – өзін-өзін іспен қамтамасыз етушілер немесе уақытша жұмыс істеушілер.
Көптеген африкалық және азиялық мемлекеттер кедейшілік одан да үлкен кедейшілік туғызатын «жоқшылық қақпанында» өмір сүруде, деп жалғастырды сөзін одан әрі Елбасы. Солай бола тұрса да, әлемнің ең кедей аймақтары демографиялық тұрғыдан алғанда зор қарқынмен өсіп отырған өңірлерге жатады. 2030 жылға дейін Жер шарындағы тұрғындар өсімінің 90 пайызы 2 аймақтың есебінен – тұрғындарының кедейшілік дәрежесі 30 пайызды құрайтын Африка және Азия есебінен болады. Бұл игілікті бөлу мәселесінде жаһандық теңсіздікке әкеп соқтырады. «Кредит Суис» зерттеу институтының деректері бойынша, қазір планетамыз тұрғындарының 1 пайызының қолына бүкіләлемдік байлықтың 40 пайызына жуығы шоғырланған. Осындай жағдайда жер бетіндегі тұрғындардың 70 пайызы әлемдегі игіліктің тек 3 пайызын ғана пайдаланады. Демографиялық тренділерді есепке алғанда, қалыптасқан осы жағдай одан әрі тереңдей бермек. Мұндай жағдай жаһандық дамуды тоқырауға ұшыратып, болашақта орасан зор әлеуметтік келеңсіздіктерге ұрындыруы мүмкін. Адамзат өркениеті постиндустриялық әлемнің орнына зерттеушілер «жаңа орта ғасыр» деп атап жүрген кезеңге оралуы ғажап емес.
Мемлекет басшысы Қазақстан өзінің тәуелсіздігін алған жылдар ішінде әлемдік дамудың озық сценарийлерін күн тәртібіне шығарған ізгі ел ретінде танылғандығын атап көрсетті. Біз ядролық қарудан еркін түрде бас тартудың баламасыз үлгісін көрсеттік, деді Нұрсұлтан Назарбаев. 1992 жылы тәуелсіз мемлекеттің басшысы ретіндегі БҰҰ мінберінен сөйлеген бірінші сөзімде мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес шақыру туралы идея ұсындым. Оның Төртінші саммиті осыдан бірнеше күн ғана бұрын Шанхай қаласында өтті. Ол аталмыш идеяның ойдағыдай іс жүзіне асқандығын көрсетеді. АӨСШК-ге қатысушы 26 мемлекет Азияны дамытудың жаңа тұжырымдамасы туралы Қытайдың бастамасын қолдады. Ұлы Жібек Жолын жаңғыртушы мемлекеттерді дамыту үшін инфрақұрылымдық инвестицияның Азиялық банкі құрылуда.
Біз Кеңестер одағының жұртында құрылған жаңа тәуелсіз мемлекеттен ЕҚЫҰ-ға төраға-мемлекетке дейінгі даму жолынан өттік, деді одан әрі Елбасы. Астана қаласында өткен ЕҚЫҰ-ның тарихи саммитінде Астана декларациясы қабылданды. Қазақстан тарихи және географиялық жағынан Ресей және Қытай сияқты геосаяси алыптардың ортасында орналасқан. Алайда, бүгінде біздің артықшылығымыз үйлестірілген көпвекторлы бағыт болып табылады. Біз көпконфессиялы және полиэтностық қоғамда бейбітшілікті және келісімді сақтап қалдық. Мұны біздің тарапымыздан күтпеген де еді.
Біздің барлығымыз ең басты міндет – теңсіздікті азайту және кедейшілікті жою мәселесіне жұмылуымыз қажет, деді одан әрі Елбасы. Әлемде, тіпті көршілес мемлекеттерде осындай елеулі проблемалар орын алып отырғанда, бүгінгідей жаһандану жағдайында тоқшылықта және баршылықта өмір сүру мүмкін емес. Осындай теңсіздіктерден туындаған қақтығыстардың өрті кез келген мемлекетті шарпып өтуі мүмкін. Менің ойымша, осы аталған міндеттерді шешу үшін екі бағытта жүруіміз керек. Біріншіден, экономикалық даму әлеуетін барынша пайдалана отырып, жаңа экономикалық қатерлерге тосқауыл қою керек. Екіншіден, Азия және Африканың кедей елдеріндегі адам капиталын дамыту жөніндегі ауқымды тетіктерді пайдаланатын «Кедейшілікті жоюдың жол картасын» белгілеу қажет. Экономикалық қатынастарды барынша саясаттандырмау өте маңызды, деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.
Қазақстан әрқашанда «ең алдымен экономика» қағидатын ұстанды. Соның арқасында біз бүгінде белсенді даму үстіндеміз. Қазақстан өткен біржарым онжылдықта неғұрлым жедел дамушы елдердің бестігіне енді. Қазір біз «Қазақстан-2050» Стратегиясын қабылдадық және жаппай жаңғырту жөнінен елеулі міндеттерді жүзеге асырудамыз. Біз әлемнің дамыған 30 елінің қатарына енуге ұмтылып отырмыз. Және бұл мақсатқа біз өзіміздің көршілерімізбен тығыз интеграция арқылы қол жеткізбек ниеттеміз, деп жалғады сөзін Қазақстан Президенті.
Біздің өңірде не болып жатқанынан біз бейтарап қала алмаймыз. Көршілерден оза отырып, олардың хаос пен берекесіздікке «батуы» есебінен өсу, түптеп келгенде, өңір ретінде де, бүтіндей әлем ретінде де бәрімізді бірге әлсіздендіре түседі. Жаһандық экономикалық интеграцияның жаңа, неғұрлым тиімді де әділетті архитектурасы қажет. Біз құрылған және құрылатын интеграциялық бірлестіктердің, экономикалық одақтардың бір-біріне қарама-қарсы келмеуін қалаймыз. Керісінше, олар өзгелермен жемісті және сындарлы ынтымақтасуға тиіс.
Бүгінде Еуразиялық экономикалық одақ қалыптастыру жөніндегі жұмыстар аяқталып келеді. Біз одан бүкіл әлем бойынша алғанда 200-дей өңірлік интеграциялық құрылымдармен қатар елдердің бәсекеге қабілетті бірлестіктерінің бірін көреміз. Бірнеше күннен кейін, 29 мамырда Астанада Еуразиялық экономикалық одақ туралы Шартқа қол қойылады. Қаржы қызметінің ортақ рыногын қалыптастыру міндеті Шарттың маңызды элементі болып табылады, деп атап өтті Нұрсұлтан Әбішұлы.
Осыған орай, 2025 жылы Алматыда Қаржы рыногын реттеу жөніндегі ұлтүстілік орган құру жоспарланып отыр. Қолайлы инвестициялық ахуал, исламдық қаржыландырудың одан әрі дамуы, Орталық Азияның бірқатар елдерінің ортақ шекаралары сияқты факторлар Алматының Жаңа Жібек Жолы қаржы орталығы ретінде қалыптасуы үшін сенімді негіз болып табылады.
Экономикаларының көлеміне қарамастан, барлық елдердің тең құқылы қатысуын қамтамасыз ету үшін халықаралық институттардың рөлін күшейтудің де маңызы зор. Саяси тәуекелдерді азайту үшін сондай-ақ инвестицияларды кепілдендірудің және келісімшарттық міндеттемелерді орындаудың тиімді халықаралық құралдарын әзірлеу қажет. Тұрақты экономикалық ахуалдың сыртында ең кедей елдер тұрғындарының экономикалық белсенділігін күрт күшейту бойынша кең ауқымды шаралар қажет. Ол біз ұсынып отырған «Кедейшілікті жоюдың жол картасының» мәні мен мазмұнына айналуы тиіс. Мен адамға салынатын инвестицияны, кәсіпкерлік пен инфрақұрылымды дамытуды басты құрал ретінде көремін.
Қазақстанда бұл бағытта өте үлкен оң тәжірибе жинақталды. 2000-шы жылдардың басында, біздің елімізде экономиканың ырғақты өсуі басталған кезде, біз оны өз азаматтарымыздың әл-ауқатына қалай трансформациялаймыз деген таңдау алдында тұрдық. Бір жағынан, біздің әлеуметтік қолдау құралдарының көлемін айтарлықтай кеңейтерлік мүмкіндігіміз болды. Бұл тез арада әсер етіп, адамдардың жалпы әл-ауқаты өсе бастар еді. Бірақ біздің таңдау – адамға инвестиция жасау, ол жедел тиімділік бере алмайды, бірақ халық тұрмысы деңгейінің сапалық өзгеруіне бұлжымайтын жол ашады.
Біз «Болашақ» бағдарламасын жүзеге асыруды бастадық, соның арқасында 10 мың жас, ең алдымен, аз қамтамасыз етілген отбасылардан, мемлекет есебінен үздік әлемдік білім алып шықты және әлі де алуда. Біз білім беру, денсаулық сақтау жүйелеріне және әлеуметтік инфрақұрылымға елеулі инвестициялар бағыттаудамыз. Қазақстандықтардың өмір жасының ұзақтығы соңғы 7 жылда 4,5 жылға ұзарды. Бізге таңғаларлықтай қысқа мерзім ішінде халықтың кедейшілік деңгейін іс жүзінде 13 есеге қысқартудың сәті түсті. Сондай-ақ, бізге табыс деңгейлері бойынша қоғамның айтарлықтай жікке бөлінбеуіне жол бермеудің де орайы келді.
Бүгін біз өңірдегі елдермен өз тәжірибемізді бөлісуге дайынбыз, деді Н.Назарбаев. Атап айтқанда, Орталық Азияның барлық елдері мен өзге де мемлекеттердің дарынды жастарының Назарбаев Университетінде білім алуы үшін арнайы гранттық бағдарламалар ұсына аламыз. Біз БҰҰ-мен, Бүкіләлемдік банкпен және өзге де халықаралық ұйымдармен бірлесіп, кешенді «Кедейшілікті жоюдың жол картасын» әзірлеу үшін алаңқай құруға дайынбыз. Кедейшілікті қысқарту үшін табандылықпен күресу менің және Қазақстанның орталық міндеті болған және болып қала береді. 2004-2005 жылдары біздің еліміз кедейшілік деңгейін төмендету тұрғысында БҰҰ-ның Мыңжылдық мақсаттарын жүзеге асыруға мерзімінен бұрын қол жеткізді. 2007 жылы республика Үкіметі өзі үшін дамудың көтеріңкі мақсаттары – «ЦРТ плюсті» белгіледі. Біз 2015 жылға дейін ауыл тұрғындарының кедейшілігін 2 есе төмендетуге міндеттендік. 2012 жылы әлемнің 2015 жылдан кейінгі дамуының («2015-тен соң») жаңа жаһандық күн тәртібін белгілеу бойынша ұлттық консультациялар өтті. Біз әлемнің «2015-тен соң» дамуының басты міндеттерінің бірі инклюзивті әлеуметтік және әділ экономикалық даму деп есептейміз.
ХХІ ғасырда бүкіл елдерге, бүкіл саясаткерлерге G-GLOBAL әлемінде, оның эволюциялық, сенімділік, ашықтық, толеранттылық және үнқатысушылық қағидаттарында өмір сүріп үйрену қажет, деп атап көрсетті Қазақстан басшысы. Жаһандану, сөз жоқ, бүкіл әлемді әр адам үшін анағұрлым жақынырақ, мөлдірірек және қолжетімдірек жасады. Бірақ қазір, ең ауыр жаһандық қаржы-экономикалық дағдарысты бастан өткерген әлемнің рецессия мен құлдырау жағдайына қайтадан батуы мүмкін. Халықаралық қатынастар жүйесін жаһандық үнқатысуды тоқтату сияқты ұстара жүзінде ұстау – қатерлі құбылыс.
Біріншіден, Қазақстанды жетекші державалардың жаһандық ядролық қауіпсіздік мәселелері бойынша үнқатысуды тоқтату ықтималдығы айрықша алаңдатады. Оның ядролық қатерді жою жөніндегі соңғы онжылдықтардағы барлық қол жеткізген жетістіктерді жойып жіберу қабілеті зор.
Екіншіден, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының Украинадағы дау-жанжалдарды шешуде әлсіздік білдіруі бізді алаңдатпай қала алмайды. Тіпті ЕҚЫҰ-ның 2010 жылғы тарихи Астана саммитінен кейін де оның басшылығы танытқан, осы ұйымды реформалау бойынша саяси ерік-жігердің болмауы оның басты себептерінің бірі болып табылады.
Үшіншіден, бүгінде кейбір елдердің ұстамсыздық рецидиві, дау-жанжалдарды күш тәсілімен шешуді ақтап алу сияқты өткеннің нашар мұраларын қайта тірілтуі Қазақстанның терең өкпе-ренішін туындатады. Бұл былайғы әлем үшін қауіп-қатерлер тудырып, мемлекетаралық дауларды шешу мәселесінде іс жүзінде объективсіздік формасын ынталандырады.
Төртіншіден, Қазақстан санкциялық саясат қолданудың іс жүзінде жаһандық ауқымда еркін сауда мен рынок қағидаттарын теріске шығаратындығына алаңдаушылық білдіреді. Мұндай тәжірибенің халықаралық қатынастарда ешқашан ықпалды болмағанын атап көрсетпекпін. Ол сөзсіз жаһандық экономикалық өсімді тежеп, әділетті жаһандық энергетикалық жүйе қалыптастыру үшін кедергілер келтіреді.
Әлемдік саясаттағы сенім табалдырығын төмендету – қатерлі үдеріс. Өйткені, ХХІ ғасырда жаһандық сенім дегеніміз – ол мейлінше экономикалық категория. Ол неғұрлым биік болса, әлемдік экономиканың ауқымды өсуінің тезірек қалпына келу мүмкіндігі де солғұрлым арта түспек, деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
ХХІ ғасырдың басы әлемдік тәртіп жақсарады деген үміттерге кереғар, қауіптерге және жаңа сын-қатерлерге толы болып шықты. Осыдан 6 жыл бұрын басталған жаһандық дағдарыс әлі ешқайда кеткен жоқ. Ол жыл сайын тек ұлғаю үстінде. Адамзат әлемдік дамудың жаңа жобасын зарыға күтуде. Мен бұл туралы өзімнің «Дағдарыстан шығу кілті» және «Бесінші жол» атты мақалаларымда 2009 жылы-ақ айттым. Уақыт мұның әлем өсуінің бүкіл ескі моделінің дағдарысы екенін, одан соң жаңа әлем тууы тиіс екенін көрсетуде. Біз оның бесігі жанында тұрмыз.
Қазіргі жағдайда G-GLOBAL жобасына ырғақтылық пен қолданбалы сипат беріп, Астана экономикалық форумы жұмыс істеген жылдары айтылған, сондай-ақ, оның порталына келіп түскен барлық идеялар мен пікірлерді бірлестіретін бірегей интеллектуалдық база құру қажет. Одан әрі жинақталған осынау айрықша білімдерді тақырыбы, жылдары мен авторлары бойынша топтастырып, оларды бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілер мен ғылыми еңбектерде тарату мен талқылау мәселесін қарастыру қажет. Сондай-ақ, барлық өзге экономикалық және саяси форумдарда біз БҰҰ атынан жасалатын ұсыныстар тізімін жасау керек. Мен осы форум әлемдегі инклюзивті өсу үшін жағдайлар жасау және дамыту жөніндегі халықаралық пікірсайыстарға өз үлесін қосады деп үміттенемін. Оған қатысушылар БҰҰ-ның 2015 жылдан кейінгі даму саласындағы Күн тәртібін қалыптастыруда және тұрақты дамуда жаңа мақсаттарға қол жеткізуде маңызды рөл атқаратын болады.
Бүкіл форумға қатысушыларға тағы да жемісті жұмыс тілеймін! Форумға қатысқандарыңыз үшін алғыс сезімін білдіремін, деп қорытындылады сөзін Қазақстан Президенті.
Елбасы сөзінен кейін пленарлық отырысқа модераторлық еткен Болгария Республикасының бұрынғы президенті Петр Стоянов маңызды тақырыптағы терең әңгімесі үшін Қазақстан Мемлекетінің басшысына отырысқа қатысушылар атынан алғысын білдіре келе, келесі сөз кезегін Малайзия Премьер-министрі Наджиб Тун Разакқа берді.
Ол өз сөзін қазіргі негізгі экономикалардың жағдайы мен оларды басқару ісіндегі әдістерден бастады. Осының алдында болып өткен үлкен дағдарыстардың алып экономикалардың өзіне үлкен әсер еткендігін айта келе, дағдарыстың ауыр салдарларынан құтылу үшін жаңа міндеттердің қажеттігіне тоқталып өтті. Бұл жерде дұрыс үйлестіру мен ұйымдастыру ісінің өте маңызды екендігін, сонда ғана келесі болуы мүмкін кикілжіңдер мен келеңсіздіктердің алдын алуға болатындығын атап көрсетті.
«1997 жылы бүкіл Азияны шарпыған үлкен экономикалық дағдарыс болғандығын өздеріңіз білесіздер. Бұл дағдарыс бізге көп дүниені үйретіп кетті. Ең алдымен біз жағдайға бейімделе білушілікке үйрендік. Қазір қиындықтарды еңсеруге икемді бола түстік. Осы тұстағы Малайзия тәжірибесі туралы әңгіме қозғайтын болсам, біз сол тұста банк секторын нығайтуға әжептәуір мән берген едік. Сонымен қатар, экономиканы әртараптандыруға ұмтылдық. Осының нәтижесінде жағдайымыз жақсарды. Қазіргі күні Малайзияда бюджет профициті қалыптасқан. Алтын-валюта қорымыз да едәуір нығайды. ІЖӨ-нің көлемі арта түсті. Оның үстіне 1,5 миллион адамды кедейшілік шырмауынан алып шықтық. Трансшекаралық сауда деңгейі барлық сауда көрсеткішінің 3,1 бөлігін құраса, енді жарым-жартысына дейін жеткізуге ұмтылып отырмыз», деді ол.
Мәртебелі мейман алдағы дағдарыстардан сақтану үшін Азия елдерінің экономикалық байланысының нығая түскендігінің маңызды екендігін айтып өтті. Міне, осындай жағдайда қатерлерді басқарып үйрену дұрыс болмақ. Мәселен, қазіргі күні көлеңкелі банкинг қатері бар. Мұның өзі капиталды басқару ісін институттандыруды қажет етіп отырғандай. Демек, бір сөзбен айтқанда, қазіргі заман реформалар заманы болып отыр. Дағдарыстар міне, осы тұрғыдан өз сабағын ұсынуда.
Пленарлық отырысқа қатысушылар БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның Астана экономикалық форумына жолдаған бейнесәлемін тыңдады. Бас хатшы өз сөзінде әлем экономикасы 2008 жылдан бастау алған қаржы дағдарыстарының ауыр салдарларынан әлі де айығып болмағандығын атап көрсетті. БҰҰ экономикалық болжамы біршама оңға басуды көрсеткеніне қарамастан, әлі де болса көптеген күрделі проблемалар орын алып отыр. Соның ішінде, әсіресе, жастар проблемасы толғандырмай қоймайды. «Жастар арасындағы жұмыссыздықтың етек алуы күрделі сипатымен ерекшеленуде. Сондықтан мен үкіметтерді жұмыс орындарын құру бағытында күш-жігер жұмсауға шақырамын» деген Пан Ги Мун бүгінгі күні өзі басқарып отырған әлемдегі іргелі ұйымның алдына бір-біріне байланысы мол негізгі үш басым бағытты қойып отырғандығын атап көрсетті. Оның біріншісі, кедейшілікпен күресу және өмірді құтқару. Бұл істе табысқа жету мүмкіндіктері бой көрсетуде. Екінші басым бағыт жаһандық күн тәртібін қалыптастыруға негізделген. Әлем 2015 жылдан кейін қалай дамиды? Екінші бағыт осыған жауап беруді көздейді. Осы ретте Пан Ги Мун БҰҰ-ға қатысушы мемлекеттердің ортақ пікірлері кедейшілікпен, еңсені езген ауыр тіршілікпен күрес осы күн тәртібінің басым бағытына айналуы қажет те, ал тұрақты даму осы мәселенің өзегіне айналуы керек деген тұжырымға келіп отырғандығын жеткізді. Үшінші бағыт климаттық жағдайдың өзгеруіне байланысты көп қырлы келісімдер қабылдауға бағытталған.
Осы үш бағытты айта келіп, БҰҰ Бас хатшысы өзінің үстіміздегі жылдың 23 қыркүйегінде Нью-Йорк климатына арналған саммит шақыруды жоспарлап отырғандығын, бұл саммит шешімдер мен әрекеттерді үйлестіруге, оңтайландыруға мүмкіндік береді деп есептейтіндігін жеткізді. «Қазіргі уақытта елдер жетекшілері бірлесе отырып адамдар, біздің планетамыз жағдайына байланысты бірлесе жұмыс істеп, болашақ ұрпақтарға прогресті мұра етуге тиіс», деп атап көрсеткен БҰҰ Бас хатшысы Астана экономикалық форумына арнаған бейнесәлемінде.
Осыдан кейін сөз кезегін алған БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік кеңесінің (ЭКОСОС) президенті Мартин Сайдик өз сөзін Астананың аз уақытта жеткен жетістіктері мен табыстарынан бастады. Еуразия кеңістігінің қақ ортасында осындай әдемі де сәулетті қаланың пайда болуы үлкен мақтаныш екендігін жеткізді. Сонымен қатар, Астана экономикалық форумын ұйымдастырғандығы үшін Қазақстан басшысына алғысын айтты.
Мартин Сайдик өз сөзінде негізінен алғанда БҰҰ-ның алдына қойып отырған міндеттері мен олардың маңызына және әлемде қазіргі қалыптасып отырған жағдайларға тоқталды. Қазіргі әлемде әртүрлі сын-қатерлерге қарай ауытқушылықтар орын алып отыр. Соның соңғы мысалдарының бірі ретінде Украина мен Сирияда орын алған жағдайларды айтуға болады. Оның үстіне азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі де өткір сипат ала түсті. Жаһандық дамудың алдында күрделі міндеттер пайда болды. БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік кеңесі осы мәселелердің шешімін табу жолында белсенді әрекет етуде. Мұндай жағдайда әлем халықтарын біріктіретін ортақ мақсаттарды айқындау өте қажет болуда. БҰҰ өз қызметін осы бағытта өрістете түсуде. Мәселен, осыдан біраз жыл бұрын өткен Мыңжылдық саммитінде адамзаттың тұрақты дамуы үшін күрес алға қойылған болатын. Бұл мақсаттың терең сипаты бар. Өйткені, қазіргі өркендеген әлемде 1 миллионнан астам адам кедейшілік шырмауында өмір сүріп келеді. Жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі де қатты толғандырып отыр. Жастардың жұмыс пен білімге ие болуы қиындап барады. Демек, қиындықтан құтылудың жаңа шешімдері мен әдістері қажет. Мартин Сайдик осының бір жолы ретінде «жасыл экономикаға» көшу мәселесін атап көрсетті. «Жасыл экономикаға» көшу әлем халықтарының ортақ міндеті болуы тиіс. Мұнсыз болашақ жоқ. Міне, осындай жағдайда қазіргі көпполярлы әлем бірлесе отырып ортақ шешімдер қабылдауға ұмтылыс танытуының төтенше маңызы бар. Мейман осы ретте БҰҰ жүйесінің өзі көпполярлы сипатта екендігін атап көрсетті. Мұның өзі аталған ұйымның үйлестірушілік қызметін маңызды ете түскендей. Осы тұста әлемде байқалған жарқын идеяларға мән берудің, оларға жол ашудың маңыздылығына тоқталған Мартин Сайдик Қазақстанның Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың G-Global бастамасына өзінің барынша қолдау білдіретіндігін айтты. Сонымен қатар, Қазақстанның БҰҰ аясындағы қызметіне жоғары баға бере келе, оның БҰҰ-дағы тұрақты өкіл қызметін атқарған Бірғаным Әйтімоваға, қазіргі күні осы қызметті одан әрі жалғастырушы Қайрат Әбдірахмановқа алғысын білдіретіндігін айтты.
Сөз кезегі 2006 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты, «Grameen Bank» банкінің негізін қалаушы «Юнус» орталығының төрағасы Мухаммад Юнусқа берілді. Бангладеш елінен келген экономика профессоры кедейшілікпен күрес жөніндегі өзінің жаңалығы мол қызметімен көпшіліктің алғысына бөленген азамат екен. Мухаммад Юнус шағын несиелендірудің тиімді жаңа тұжырымдамасын жасап, оны жүзеге асырған. Бұл жүйе бойынша сыйақы пайызы өте төмен шағын несиелер кедей адамдарға беріледі. Сөйтіп, олар кедейлік шырмауынан шығып, бизнеспен айналысу мүмкіндігіне ие болады. Бангладештік профессор осы істі қалай жүзеге асырғандығы жөніндегі өз тәжірибесін ортаға салды.
«АҚШ-тағы банктер біздің елімізде талай рет өздерінің несиелендіру жүйесін жүзеге асыруға әрекет етіп көрді. Бірақ осылардың барлығынан ештеңе шыққан жоқ. Сонан кейін бұл тәсіл неге жүзеге аспайды деген сұраққа жауап іздеу мақсатында үлкен конференция өтті. Онда біздің еліміздің жағдайы жан-жақты талқыланды. Осы конференцияға қатысып сөз алған мен өз ойларымды ортаға салдым. Сонымен қатар, осы ойларымды жүзеге асыруға көмектесулерін сұрадым. АҚШ-тағы қаржы ұйымдары менің ұсыныстарымды тыңдай келе ақыры өз келісімдерін берді. Сөйтіп, 2008 жылы біз «Grameen Bank» банкін құрып, іске кірісіп кеттік. Бастапқы капитал, әрине, АҚШ қаржыгерлерінен болды. Еліміздің ішкі жағдайын, адамдардың мінез-құлқын жақсы білгендіктен алғашқы кезден-ақ ісіміз сәтті басталды. Бірақ, бұған АҚШ-та басталған дағдарыс өз кедергісін келтірді. Сонда да біз алған бетімізден қайтпай, ісімізді одан әрі жалғастыра бердік. Шағын несиелендірудің жаңа түрін қалыптастырып, оны одан әрі жетілдірдік. Біздің бұл істегі барлық мақсатымыз шағын несиелендіру арқылы пайда табуға емес, оның орнына адамдарға нақты көмек көрсетуге бағытталды. Кедей адамдардың жағдайын барынша ескеріп, несиенің сыйақы пайызын тым төмен белгілегендіктен, алынған қарыз уақытымен қайтарылып отырды. Адамдардың бізге деген сенімі артты. Олар біздің ниетіміздің адалдығына сенді. Осы қалыптасқан сенім біздің ісімізді мызғымастай берік ете түсті. Ақырында не болды дейсіздер ғой? Ақырында дағдарыс салдарынан АҚШ-тағы ірі банктердің өзі дағдарыс шырмауына шалынып, біразы құрып кетті. Ал біз болсақ, одан нығайып шықтық. Осы ретте мен банктердің құлдырауына негіз болатын дүние олардың адамдарға көрсететін сенімсіздігі дер едім. Үлкен банктер тек қана пайда табу мақсатын көздейтіндіктен кедей адамдарға сенбейді. Олардың қолында бізге беретін кепілдік заты жоқ, ертең жағдайы нашарласа біз ақшамызды қайтара алмай қаламыз дейді. Менің ойымша, бұл ұстаным қазіргі қоғамда орын алып отырған үлкен проблеманы көрсетеді және дамуға кесірін тигізіп отырған үлкен кеселдердің бірі болып табылады. Өйткені, негізінде банктер адамдарға баға бермеулері керек. Керісінше, адамдар банктер қызметін бағалай алатындай мүмкіндіктерге ие болуы керек. Міне, сонда ғана жағдай оңалатын болады. Біз өз қызметіміз арқылы осыны дәлелдеп шықтық.
Сонымен қатар, біз өзіміздің қызметімізді кедейшілік қана емес, қараңғылық шырмауында қалған адамдардың сауатын ашуға қарай бағыттадық. Осы үшін өзіміздің арзан несиелерімізді берудің бір шарты ретінде кедей адамдарға өз балаларын мектептерге оқыту міндетін ұсындық. Олар болса, «Біз балаларымызды оқыта алмаймыз, оған жағдайымыз жоқ», десті. Біз бұл уәжге жауап ретінде білім алу несиелерін ойлап таптық. Бұл несие де өте жеңіл және оған кепілдік қажет емес. Сөйтіп, біздің қызметіміз арқылы ұрпақтан ұрпаққа сауатсыз болып келе жатқан кедей адамдардың балалары оқып, жетілді. Жуықта менің алдыма екі адам келді. Анасы мен қызы. Олардың түрі, мінез-құлқы бір-біріне өте ұқсас. Айырмашылық сол, анасы – сауатсыз да, қызы – дәрігер. Сонда мен анасының сауатсыз болып қалуына кім кінәлі деген ойға кеттім. Ананың өзі кінәлі ме? Жоқ. Себебі, кезінде оның білім алуына жағдайы болмады. Сонда кім кінәлі? Менің ойымша, бұған қоғам кінәлі. Қоғам тек пайда табу мақсатында өмір сүрмеуі керек. Адамдар тек ақшаның соңынан жүгірмеуі керек. Ақшаны бәрінен жоғары қоятын сананы кім ойлап тапты? Менің ойымша, осы істе қазіргі банктер жұмыс істейтін қағидаттардың әсері мол. Президент Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде қазіргі әлемдік қаржы жүйесін өзгерту керек деді. Мен осы ұсынысты белсене қолдаймын», деп аяқтады өз сөзін Мухаммад Юнус.
Пленарлық отырыстың модераторы Болгария Республикасының экс-президенті Петр Стоянов баяндамашылар сөзін қорытындылай келе, спикерлерді пікірсайысқа шақырды. Ол алғашқы сұрағын Елбасымыз Н. Назарбаевқа бағыттады. Құрметті Президент мырза, жаһандық дағдарыс пен одан шығудың жолдары қандай? Сіз ХХІ ғасырдағы жаһандық әріптестіктің негізгі қағидаттары мен дамуын қалай бейнелер едіңіз? G-GLOBAL алаңының алар орны қандай? Елбасы орынды қойылған сұрақтарға рахмет айта келе, жауаптарына тоқталды. «2007-2009 жылдары орын алған ең қуатты қаржылық-экономикалық дағдарыстан кейiн әлем оны шешу мәселесiмен айналыса бастады. «G7» ұлғая келе «G8» кейiн «G20» болды. Осы жиырма ел дағдарыс мәселесін қарастырып, шешу жолдарын жасай бастады. Алайда, қаншама уақыт өтсе де тұшымды шешiмдер ұсынылған жоқ. Мен соғыстан кейiнгi кезеңнен берi келе жатқан Бреттон-Вудс келiсiмi тұсында құрылған экономиканың қаржылық сәулет құрылымы ескiрдi деп санаймын. Әлем экономикасы 70 жыл iшiнде қарыштап қадам басты. Жаңа технологиялар жасақталып, заман кейпі мүлдем өзгерді. Ал қаржылық құрылым сол баяғы қалпында қалды. Әлем бiр ғана валютаға тәуелдi, ол – доллар. Доллар болса жұмыс iстеймiз, барлығымызды доллар дендеп алды. Және сол қағаз доллар АҚШ экономикасын қоректендiруде. Дүние жүзіндегі барлық қаржы аударымдары доллар арқылы жүредi. Сондықтан әлемге мүлдем жаңа құрылым беру мәселесі бойынша АҚШ-тың өзi де ойланып, әлемдi осы мәселеден арылтудың жолын қарастырса деген пікірдемін.
Әрине, бұл соншалықты оңай емес, мен түсiнемiн», дедi Президент. «Бiз жаһандық дағдарыс мәселесiнiң өзегіне үңілу үшiн тұрақты түрде осы бағытта жылжып келемiз. Түйткiлдi шешу үшiн талқылаулар жүргiзiп, ұсыныстар жасаймыз. Бiрақ оның түп-тамыры әлi шешiмiн таппай келедi. Ол тамыры зақымданған дүниежүзiлiк қаржылық жүйесi. Сондықтан оны санаулы 8 мемлекет емес, әлем елдерi тартылып шешім табуы тиiс. Бiз шақырған жаһандық жиын осы мәселеге қатысты нақты шешiмдердi табуға септiгiн тигiзедi деп ойлаймын. Бұл проблеманы БҰҰ аясында шешу қажеттiгiне сенiмдiмiн. Әлемнiң әрі қарайғы даму жоспарын құру, зерттеу және талқылау жұмыстарын жүргiзетiн арнайы комитет жұмыс істеуге тиiс. Мемлекеттер арасындағы қақтығыстарға қатысты мәселе де осы. Бiр қарағанда, «қырғи-қабақ соғыс» баяғыда жойылған сияқты, ал адамзат өзара әрiптестiк жағдайында өмiр сүрiп жатқан тәрiздi, жаһандану үдерiсi жүруде, алайда, түйткiлдер сол қалпында қалуда. Ал Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің ұсынысына келетін болсақ, бұл шешімге осы секілді ұйым батыста Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы бар болғандықтан келдім. Олай болса, неліктен Азия бұл істен шеткері қалған?! Егер Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес пен ЕҚЫҰ өзара тығыз әріптестік байланыс орнатса, еуразиялық субқұрлыққа тек жақсылық әкелер еді. Себебі, Еуропа Азия ресурстарынсыз тұрақты түрде ұзаққа дами алмайды. Азиядағы жер және адам ресурсы өте үлкен. Сол себепті, Еуропа Азияның әріптестігінсіз, ал Азия Еуропаның технологиясы мен инновацияларынсыз дами алмайды. Біз бір-бірімізбен жұмыс істеуге міндеттіміз. Қазіргі жағдайда бөлініп, жаңа кикілжіңдер туындауда. Өйткені, ауаны «қырғи-қабақ соғыс» елесі кезіп жүр. Мемлекеттер мен адамдар арасында сенім жоқ. Экономикаға қарсы бағытталған санкциялар деген не?! Ол экономика үшін тежеуіш пен даму көздерін тұйықтау. Бір-біріне көңілі толмай, суысып кетуге, саясатпен айналысуға болады. Алайда, экономиканың бұл жерге қатысы қандай? Мұндай мәселелер өте көп, оларды БҰҰ аясында барлық мемлекеттер біріге отырып шешуі тиіс. Діндер съезі жөніне келсек, барлығы өркениеттер қақтығысы туралы айтады. Батыс пен Шығыс әлемі ешқашан бірікпейді деген пікірлер таралуда. Сауатсыз түсінік. Бұл әлемде барлығымыз пендеміз, адам баласымыз. Жер шары адамзат баласы үшін өте тарылып, кішірейіп барады. Осы орайда, діндердің қақтығысы міндетті түрде орын алуы керек деген дұрыс емес. Мен әлемдік және дәстүрлі дін өкілдері алғаш рет Астанаға жиылып, бейбіт басқосу өткізгендіктеріне куә болдым. Бұл кезең діндер арасында қарама-қарсылықтар туындап, майдандасып жатқан кезең болатын. Соған қарамастан, Иран молдасы мен Израиль раввині қол алысып, жайбарақат амандасып тұрды. Әңгімелесіп, жайма-шуақ сөйлесті. Олар дәл осылай басқа қай жерде істей алушы еді? Барлық жиылғандар бір әкеден тарағандықтарымызды айтып жатты. Ал қасиетті кітаптар ше? Қасиетті кітаптар мен діндер жақыныңа махаббат сыйлау, жақсылық жасау, зұлымдық жасамау туралы насихаттайды. Құранда бір адамды өлтіргенің адамзатқа қол көтергенің деп жазылған», деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев. «Ал шынайы жағдайда не орын алуда? Сондықтан түрлі дін өкілдерінің кездесулері өтіп жатқанда жиылғандар ортақ нәрсе туралы айтып жатса, осының барлығы болашақтың қамына жасалған жақсы негіз деп ойлаймын. Ғаламшарымыздың болашағы қақтығыс емес, әріптестікке құрылуы шарт», деп атап көрсетті Елбасы.
Бұдан соң модератор Малайзияның Премьер-министрі Наджиб Тун Разакқа дамушы экономикалар аясында жаһандық басқару қағидаттары қандай болмақтығы жөнінде сұрақ тастады. «Мен жаһандық экономика шеңберінде ұлттық экономика тұрақтылығын, бәсекелестіктің маңыздылығын атап көрсеткен болатынмын. Бұл болашақ тоқыраулар мен дағдарыстарға қарсы ең күшті қорғаныс дер едім. 1997 жылы Азияда болған дағдарысты еңсергенімізге қарасам, біршама сабақ алған секілдіміз. Ең алдымен, мемлекеттің өзіндік жүйелеріне назар аудару қажет. Мен жаһандық экономика жүйесінің ескіргендігі, архитектурасы өзгергендігі жөнінде Н.Назарбаев мырзамен толықтай келісемін. Сол себепті оны түбірімен өзгерту қажет екендігін айтқым келеді. Ол үшін не істеу қажет? Ең алдымен бізде, әр мемлекеттің ұлттық бәсекелестігі мықты болуына арналған ішкі саяси құралдар жиынтығы болуы қажет. Бюджет тапшылығын толтыру, қаржы жүйесін салықты тұрақты төлейтін компаниялармен қамтамасыз ету секілді сәттер нақтылануы қажет. Жақсы басқару кез келген жерде қонымды. Қаржылық институттарды жаңа принциптерге бейімдеу мақсатында жүйені реформалау қажет. Мен реформаның тез басталып кетуін қолдаймын, әрі қарай аймақта өзара қарым-қатынасты жолға қоюға болады. Одан соң бүкіл әлеммен байланыс жасау