Астана форумына қатысушылардың көңілінен шықты
Бұрнағы күні VII Астана экономикалық форумы аясында өткен жаһандық конференция барысында мемлекеттік қызмет персоналын басқарудың жай-күйі мен келешектегі мүмкіндіктері қазақстандық және халықаралық сарапшылар арасынан кең талқылауға түсті. Нәтижесінде оған қатысушылар мемлекеттік қызмет саласының қазақстандық моделіне жоғары баға берді.
Мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіру қазіргі таңда кез келген елдің үкіметі үшін өзекті мәселе. Мұны конференцияны ашарда сөйлеген сөзінде Қазақстан Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы Әлихан Байменов ерекше атап өтті. Оның айтуынша, ғаламдасу мен жаңа сынақтар, қоғамның талабының күшейе түсуі халыққа сапалы қызмет көрсететін тиімді мемлекеттік аппараттың болуын талап етеді. Бұған көз жеткізген әлемдегі көптеген жетекші елдер осы саланы жетілдіріп, оны батыл реформалауға белсене кірісіп кетті. Осы орайда, агенттік төрағасы мемлекеттік қызметті реформалауда, әсіресе, аймақтық мәнісі бар мәселелерді форум алаңдарында бірлесе талқылау мүмкін екендігіне тоқталды.
Бұл жаһандық конференцияның теориялық қана емес, тәжірибелік мәнісі бар. Өйткені, осы форумға қатысушылар, оның ішінде, аймақтардан келген мемлекеттік қызметшілер пікір алмасуға қатысып қана қоймай, мемлекеттік қызмет саласындағы ең соңғы жаңалықтармен, озық тәжірибелермен танысуға мүмкіндік алды. Мысалы, Германияның ішкі мәселелер министрлігінің мемлекеттік қызмет саласын реформалаумен айналысқан бөлімшенің бұрынғы басшысы, басқару мәселелері бойынша аға сарапшы Йоахим Вольмут жиында мемлекеттік қызметшілердің қызметін бағалау мәселелерін егжей-тегжейлі сараптады. Ал Әлихан Байменовтің пайымдауынша, Қазақстанда мемлекеттік қызметшілердің қызметін бағалаудың жаңа әдіс-тәсілдері әзірленіп, оны іске қосу көзделіп отыр. Бұл жаңа жүйе мемлекеттік органдар ішіндегі қарым-қатынастарға оң әсерін тигізбек. Себебі, әр деңгейдегі басшылардың қызметін бағалауда енді оның қарамағындағы қызметкерлердің де пікірі ескерілетін болады.
Жиында Еуропа Одағының Қазақстандағы өкілдік басшысы Аурелия Бушез Қазақстанның мемлекеттік қызмет саласындағы «өзінің маңызды реформаларында аймақ елдеріне үлгі» көрсетіп отырғанына айрықша назар аударды. БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Стивен Тулл осы тұста мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру мен меритократия қағидаттарын жүзеге асырудың маңыздылығына мән берді. Аймақта мемлекеттік қызметкерлердің білімін жетілдіріп, дайындауда, пікір алмасып, тәжірибе бөлісуде Астана аймақтық хабының рөлі жөнінде Австрия сауда палатасы экономикалық даму институтының бұрынғы директоры, басқару мәселелері бойынша бас сарапшы Стефан Хлавачек оң пікір білдірді. Бұл орталық арқылы аймақ елдері бір жағынан осы бағыттағы ең соңғы ақпараттармен танысса, екінші жағынан мемлекеттік қызметтің қазақстандық үлгісін кеңірек зерделеуге мүмкіндік алмақшы.
Конференция барысында сарапшылар Қазақстанның мемлекеттік қызмет моделінің аймақта озық екендігін бір ауыздан мойындады. Мәселен, Грузия, Армения, Қырғызстан, Тәжікстанның құзырлы орган өкілдері өздерінің мемлекеттік қызмет саласын реформалауда 1999-шы қабылданған қазақстандық заң мен агенттік институты құрылымын мұқият зерделеп шыққандарын жеткізді. Жоғарыда аталған Грузия, Армения, Қырғызстан елдерінен кейін Тәжікстан да жақында Қазақстан үлгісіндегі Мемлекеттік қызмет істері агенттігін құрған көрінеді. Ал Армения өкілі өздерінде мемлекеттік қызметкерлерді іріктеуде «А» корпусын құру бойынша қазақстандық әдіс-тәсілдерді пайдаланатындықтарын мәлім етті.
Жаһандық конференцияны Қазақстан Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, Еуропа Одағының мемлекеттік қызметті реформалау бойынша жобасы, БҰҰ Даму бағдарламасы өткізді.
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан».