Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
– Нұрлыбек Ақылбекұлы, Жолдауда айтылғандай, фискалды реттеу ісін қайта жаңғырту үшін келер жылы жаңа Салық кодексі әзірленеді. Оның ең түйткілді тұсы – салықтық әкімшілендіру мәселесі тұтастай қайта жазылмақ. Сондай-ақ салықтық бақылау қызметін толық цифрландыру жүргізілмек. Қысқасы, жаңа құжатта жаңашылдық көп болатын секілді. Әсіресе оны отандық кәсіпкерлер ерекше күтіп отыр. Олардың үміті қаншалықты ақталмақ?
– Әлбетте, негізгі міндет те үмітті ақтау болып тұр ғой. Жалпы, елімізде бұған дейін де бірнеше Салық кодексі қабылданған. Салыстырмалы түрде айтсақ, қазіргі қолданыстағы құжаттың жұмыс істеп тұрғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Ол 2017 жылдың желтоқсан айында қабылданып, 2018 жылдан бастап қолданысқа енгізілді. Бұл құжатта көптеген жеңілдік қарастырылған. Мәселен, микро және шағын бизнес субъектілері салықтан босатылған. Ынталандыру шаралары да бар. Сондықтан оны тиімсіз болды деп айтуға болмайды. Бірақ Мемлекет басшысы жаңа экономикалық саясатқа ерекше мән беріп отыр. Оның негізгі бір құралы ретінде Салық кодексін әзірлеу керектігін ескертті. Демек Салық кодексі – экономиканы дамытатын маңызды құрал. Сондықтан жаңа экономикалық саясатты қабылдап, ойдағыдай жүргізу үшін Салық кодексін өзгерту маңызды. Сондай-ақ Жолдауда арнаулы салық режімдерін реформалау туралы айтылды. Мұндай салық режімін кәсіпкерлер жиі пайдаланатынын ескерсек, олардың алдағы жаңашылдыққа үмітпен қарауы заңдылық. Олардың үміті ақталары анық.
– Жаңа кодекстің маңызды ерекшеліктері қандай болмақ?
– Жолдауда ең алдымен басымдық берілген дүние – салықтық әкімшілендіруді цифрландыру. Көп мәселе осыған қатысты туындайды. Басқа елдермен салыстырсақ, Қазақстандағы салық жүктемесі, салық мөлшерлемесі өте төмен. Халықаралық қаржы ұйымдарының негізінде жүргізілген талдаулар соны көрсетіп отыр. Яғни көршілес мемлекеттерге, Еуропа елдеріне қарағанда, бізде төленетін салықтың мөлшері аз. Бірақ мәселе салық төлеміне қатысты туындап отыр. Салықты төлеу мен есепті тапсырудың қиындығы, төлеуден жалтару, ақпараттық жүйелердегі деректердің сәйкес келмеуі секілді проблемалар бар. Сондықтан бұл жерде онсыз да төмен жүктемені одан әрі азайту мәселесі қарастырылып отырған жоқ. Көзделіп отырған дүние – салық төлеуді жеңілдету.
– Салықтық әкімшілендіру толықтай қайта жазылса, Салық кодексі қаншалықты өзгеруі мүмкін?
– Қаншалықты өзгеретінін дөп басып айтуға әлі ерте. Жұмыс енді басталды. Бірақ негізгі бағыт салықтық әкімшілендіруді ауыстыру екені рас. Ол жерде негізінен заңнамалық нормалар емес, ақпараттық жүйелердегі әкімшілендірудің тиімділігін арттыруға басымдық беріледі. Жоғарыда айтқанымдай, мақсат – салық төлеуді барынша жеңілдету. Негізі бұл бағытта көп жұмыс жүргізіліп жатыр. Мысалы, салық төлеушілерді онлайн тіркеуге болады. Салықты онлайн төлеуге мүмкіндік бар. Банк қосымшалары да салық төлеушілер үшін ыңғайлы етіп жасалған.
– Дегенмен жетілдіретін тұстар да бар ғой. Мәселен, салық төлеушілердің көбі деректерінің базаға дер кезінде енгізілмейтінін айтып жатады. Осының өзі азаматтар үшін қосымша қиындықтар туғызады.
– Деректер бірнеше ақпараттық жүйеде шоғырланады. Мысалы, бір жүйе арқылы салық төленсе, екінші жүйеде салық қарызы есептен шығарылады дегендей. Осы жүйелер арасындағы байланысты реттеу маңызды. Аталған бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Цифрландыру аясында салық төлеушілер қазір бетпе-бет келіп жүрген мәселелердің бәрі оң шешілетін болады.
– Президент салықтық ынталандыру шараларының тиімділігін арттыруға айрықша тоқталды. Ол үшін экономиканың түрлі саласында дифференциалды салық мөлшерлемесіне көшу маңызды екенін де еске салды. Бұл қалай жүзеге аспақ?
– Аталған мәселе соңғы жылдары көп көтерілді. Бұл дегеніміз – экономиканың салаларына байланысты салық мөлшерлемесін әртүрлі етіп белгілеу. Мәселен, экономиканың ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі секілді өнім шығаратын, басымдыққа ие салалары үшін салық мөлшерлемесі төмен болуға тиіс. Ал табыстылығы жоғары, бірақ өнім шығармайтын қаржы секторы, жер қойнауын пайдалану секілді салаларда мөлшерлеме жоғары болуы керек. Сондықтан дифференциалды салық жалпы салық жүйесіндегі әділеттілік үшін керек. Қай салада табыс көп, тиісінше соған салық та көп салынуға тиіс.
– Расында да, мұнай мен ауыл шаруашылығы салаларына салынатын салықты бірдей қылу әділетсіздік болар еді ғой.
– Иә. Ақпарат үшін айта кетейін, сіз мысалға келтірген екі саладағы салық мөлшерлемесі онсыз да бірдей емес. Айталық, ауыл шаруашылығында корпоративті табыс салығы 10 пайызды құрайды. Ал басқа салаларда бұл 20 пайызға тең. Сондай-ақ ауыл шаруашылығында арнаулы салық режімдері, яғни жеңілдіктер қарастырылған.
– Мемлекет басшысы салық реформасы аясында сән-салтанат салығын енгізуді ұсынды. Мұның орта тапқа қатысы жоқ екені белгілі. Бұл салық тек аса қымбат жылжымайтын мүлік және автокөлік сатып алған кезде салынады. Салықтың жаңа түрі туралы не айтар едіңіз?
– Біз халықаралық тәжірибені зерделеп қарадық. Әлем елдерінде әртүрлі тәжірибе қолданылады екен. Кейбірінде арнайы салық бар. Оған қымбат тұрғын үй, қымбат көліктер, белгілі бір зергерлік бұйымдар, қымбат өнер туындылары жатады. Қайсыбір елдерде арнаулы салық жоқ, бірақ белгілі бір салықтардың мөлшерлемесін арттыру тетігі қолданылады. Мысалы, қымбат үйлер үшін мүлік салығының жоғары мөлшерлемесі қарастырылады. Қымбат көлік сатып алғанда қосымша салық қолданылады. Негізі біздің елдің қолданыстағы заңнамасында да осыған ұқсас тәсілдер бар. Мысалы, 2014 жылдан бастап қозғалтқышының көлемі үлкен көліктерге салық мөлшерлемесі жоғарылатылды. Сол секілді қымбат үйлердің бағасы шарықтаған сайын салық мөлшерлемесі де өседі. Аталған мәселе енді қайта қаралмақ. Белгілі бір шектерді бекіту, сол шектен асқан жағдайда салық мөлшерлемесін жоғарылату ұсынылмақ. Әлбетте, бұл қымбат көлік иелеріне, яхта ұстайтындарға, жеке ұшақтары бар азаматтарға қатысты болуы керек.
– Мына бір жағдайды айтпасқа болмас. Біздің елде қозғалтқышының көлемі 4 мың текше метрге дейінгі көліктерге салынатын салық шамамен 50 мың теңгеден аспайды. Ал одан сәл асса, салықтық төлем шамамен 500 мың теңгеге дейін өседі. Елдегі жолдардың, әсіресе ауылдық жолдардың жағдайының нашар екенін ескерсек, асты биік, жол талғамайтын көліктерге сұраныс жоғары. Алайда мұндай көліктердің қозғалтқышының көлемі 4 мың текше метрден асып түседі. Тұрғындар жылы ескі, бірақ жағдайы жақсы әрі бағасы қолжетімді осындай көліктерді сатып алайын десе, жыл сайын шамамен жарты миллион теңге салық төлеуі керек. Мұны әділетсіздік деп ойламайсыз ба?
– Бұл мәселе пысықталып жатыр. Оны ел азаматтары да көп көтерді. Негізі көлік салығы техниканың жылына байланысты емес. Мұнда қозғалтқыштың көлеміне ғана қарайды. Бұл жерде екі түрлі пікір айтылып жүр. Сіз айтқандай, көліктің бағасы арзан әрі ескі, бірақ салығы көп делік. Алайда техниканың ескілігі үшін салықты төмендетуге болмайды. Бұл ескі көлік алуға деген ынталандыру шарасы секілді болып кетеді. Мұндай қадам тиімсіз, әлбетте. Ескі көліктің экологияға, басқа да дүниелерге кері әсері көп. Сол секілді қоғамда ескі көлікке төлейтін салық жоғары болмауы керек деген де пікір бар. Сондықтан бұл жерде ортақ теңгерім тауып, нақты бір шешімге келу маңызды. Бұл да жаңа Салық кодексінде қаралатыны даусыз.
– Сарапшылардың айтуынша, жаңа Салық кодексінде «кешенді тексеру» (должная осмотрительность) деген жаңа ұғым пайда болған. Мұндай тексеру ертең кәсіпкерлердің жұмысын қиындатып жібермей ме?
– Бұл – тиісті сақтық қағидатын енгізу жөніндегі норма. Ол Мәжілісте қаралып жатқан Салық кодексіне өзгерістер енгізу туралы заң жобасында бар. Оның мәні мынадай. Салық төлеуші экономикалық операцияларды жүзеге асырғанда, яғни тауарды сатып алғанда немесе тауарды өткізгенде өзінің контрагентін тексеруі керек. Яғни серіктесі адал салық төлеуші ме, соған көз жеткізуі маңызды. Егер мұндай тексеру жүргізбесе, серіктесі адал салық төлеуші болмай, жауапкершілікке тартылған жағдайда онымен бірге жұмыс істеген салық төлеуші де белгілі бір деңгейде зардап шегеді. Сондықтан ол өз серіктесін тексергені туралы анықтама алуы керек. Мұндай жағдайда оған ешқандай жауапкершілік артылмайды. Бұған қатысты да талқылау жүріп жатыр. Пікір екіге жарылып тұр. Талқылауға депутаттар, экономистер, қоғам өкілдері, мемлекеттік органдардың мамандары, жалпы мүдделі тараптардың бәрі тартылған. Сондықтан алдағы уақытта бұл мәселе бойынша да ортақ шешім шығады деген ойдамыз.
– Жоғарыда біздегі салық жүктемесі өзге елдермен салыстырғанда әлдеқайда төмен дедіңіз. Демек болашақта елімізде салық жүктемесі көтерілуі мүмкін бе?
– Салық жүктемесін көтеру туралы әңгіме айтылған емес. Бұл жерде дифференциалды салыққа баса назар аударылатын болады. Қазақстанда қосылған құн салығының мөлшерлемесі – 12 пайыз. Бұл – барлық салаға ортақ мөлшерлеме. Ал басқа елдерде негізінен аталған мөлшерлеме 20 пайызды құрайды. Бірақ белгілі бір әлеуметтік салаларға төмен мөлшерлеме қарастырылған.
– Президент пайданың технологиялық жаңғыруға және ғылыми әзірлемелерге жұмсалған бөлігіне салынатын корпоративті табыс салығын төмендету немесе одан босату тәсілін енгізу керектігін айтты. Осыны түсіндіріп берсеңіз.
– Осыған ұқсас норма қолданыстағы заңнамада да бар. Шағын кәсіпкерлер тапқан табысының бір бөлігін өзінің өндірісіне немесе ғылыми жаңалықтарға жұмсады делік. Міне, осы мақсатқа жұмсаған қаржысына салық төлемейді.
– Жолдауда айтылған бөлшек сауда салығы дегеніміз не?
– Президент Жолдауда сауда-саттық заман талабына сай дамуы үшін мөлшерлемесі ойға қонымды әрі рәсімдері қарапайым бөлшек сауда салығының қолдану аясын кеңейту керек екенін айтты. Бөлшек сауда салығы – 2021 жылы қолданысқа енгізілген арнаулы салық режімі. Ол әуелде пандемия кезінде зардап шеккен бизнес субъектілерін қолдау мақсатында 2021-2023 жылдарға арналып еді. Енді оның қолданылу аясы 2025 жылға дейін созылды. Тек қоғамдық тамақтану саласы үшін екенін атап өткен жөн. Арнаулы салық режімі болған соң қосылған құн салығы, әлеуметтік салық төленбейді. Кәсіпкер тек өзінің тапқан табысынан үш пайыз мөлшерінде салық төлейді. Бұл шағын және орта бизнес субъектілеріне арналған. Оны қолданатындардың арнайы тізімі бар.
Әңгімелескен
Фархат ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»