Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сәбила Мұстафина баяндама жасады. Ол 2022 жылдың 7 қазанында Орталық сайлау комиссиясына «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия» республикалық қоғамдық бірлестігі Нұрлан Әуесбаевты Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат етіп ұсынуға қатысты құжаттарды тапсырғанын хабарлады. Орталық сайлау комиссиясына кандидатты тіркеу үшін мынадай құжаттар ұсынылды:
– Нұрлан Әуесбаевтың және оның зайыбының активтер мен міндеттемелер жөнінде декларация тапсырғаны туралы мемлекеттік кірістер органының анықтамасы;
– тіркеуге кедергі келтіретін аурулардың жоқтығы туралы медициналық қорытындысы;
– облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Республика астанасының аумақтық сайлау комиссияларының Нұрлан Әуесбаевты қолдап жинаған азаматтардың қолдарын тексеру нәтижелері туралы хаттамалары.
Аталған хаттамаға сәйкес Нұрлан Әуесбаевты қолдау мақсатында еліміздің 15 өңіріндегі 120 908 азаматтың қолы жиналды. Тексеру нәтижесінде 119 197 қолдың дұрыстығы анықталды, яғни қажетті саны, кемінде 1% немесе 118 273 қамтамасыз етілді.
Нұрлан Әуесбаевты президенттікке кандидат ретінде тіркеуге қажетті барлық құжаттар Орталық сайлау комиссиясына ұсынылды және оларға қойылатын талаптарға толық сәйкес келеді. Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен Нұрлан Әуесбаев 2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасының Президентінің кезектен тыс сайлауында Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат болып тіркелді, оған тиісті куәлік берілді.