Іс-шараның ашылуында Астана қаласы мәслихатының хатшысы Ерлан Каналимов талантты ақынның өмірі мен шығармашылығына тоқталып, жылы ілтипатын жеткізді.
«Марфуға Бектемірова – қамшының сабындай қысқа ғұмыр кешсе де шығармашылықта өнімді еңбек етіп, ойлы, мұңлы өлеңдерімен қазақ поэзиясында өз қолтаңбасын қалдырды. Халқымыздың «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген тағылымды сөзін Марфуға апамызға арнап айтуға болады. Ақынның артында қалған әдеби мұрасы елімен бірге жасай береді. Былтыр елорда төрінен Алаш арыстарына ескерткіш ашылып, өнер мен руханиятымызға еңбегі сіңген бірқатар тұлғамыздың есіміне көше берілді. Бұл – біздің саналы өмірі мен қызметін туған халқына арнаған қайраткерлерге деген құрметіміз. Соның бір көрінісі ретінде бүгінгі өтіп отырған іс-шараны айтамын», деді мәслихат хатшысы.
Одан кейін сөз алған жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқаров Марфуға Бектеміровамен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бірге оқыған жылдарынан естелік айта келіп: «Бір жылдары «Аударма» баспасын ашып, шетел ақын-жазушыларының шығармаларын аударып, шығара бастадық. Марфуға орыстың атақты ақыны Анна Ахматованың өлеңдерін жақсы көреді екен. Тіпті жырларын жатқа оқиды. Сөйтіп, ол Ахматованың туындыларын қазақшаға мөлдіретіп аударды. Марфуғаны қазақтың дарынды ақын қыздарының бірі деп білемін. Ақынның мәңгіге жалғасқан өмірі осылай басталады», деп парасатты ой қорытты қаламгер.
Сондай-ақ іс-шарада «Amanat» партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Берік Жакенов, Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев, Ақмола облыстық Мәдениет, архив және құжаттамалар басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова, Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы сөз сөйлеп, ақын Ербол Бейілхан арнау өлеңін оқыды.