Білім • 21 Қазан, 2022

Зерттеу университеті – ерекше мәртебе

644 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Үкімет қаулысымен «Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» КеАҚ-ға зерттеу университеті мәртебесіне ие болып, оқу ордасының 2022-2026 жылдарға арналған даму бағдарламасы бекітілді. Осы құжат аясында ЕҰУ уни­верситет ғылымының ел экономикасының нақты секторындағы үлесін арт­тыруды көздейді.

Зерттеу университеті – ерекше мәртебе

Жоғары оқу орнын трансформация­лау алдында универ­ситет­тің ғылыми әлеуетін арт­­тыру бо­йынша кешенді жұ­­мыс жүргізілді. Қол­данбалы ғы­лы­ми-зерттеулерді күшейтуге ерекше на­зар аударылды. Жалпы, ЕҰУ әлем­дегі зерттеу уни­вер­ситет­те­рі­нің озық тәжіри­бесі негізінде за­манауи ғылыми-өндірістік эко­жүйені дамытуға, бизнес­пен және өндіріспен байланысты ны­ғай­туға басымдық беріп отыр.

Университет тарапынан жү­зе­­ге асы­рылып жатқан даму бағ­дар­­ламасының негізгі бағыт­тары – ғылыми және білім беру қыз­ме­тінің интеграциясы, кадрларды даярлау сапасын арттыру, ғы­лымның, өнеркәсіптің және биз­нестің байланысын нығайту, елдің әлеуметтік дамуына үлесті арт­тыру.

Университеттің ғылыми ин­фра­­құры­лымын кеңейту аясында Абай облысының Курчатов қа­ла­сында орналасқан «Ядро­лық техно­логиялар паркі» АҚ ЕҰУ-ға берілді. Бұл парк мамандарды даярлау, ғалымдардың зерттеулерін жүргізу, ғы­лы­ми әзірлемелерді коммерцияланды­ру алаңына айналады. Кәсіпорында сту­денттерге практикалық дағдыларын же­­тіл­діруге және ғылыми жұ­мыс­пен ай­на­лысуға мүмкіндік бе­рі­леді.

Университет белсенді түрде жеке бюджеті есебінен жас ғалым­­дар­дың үле­сін арттырып, зерт­теулер мен стартап-жо­ба­­лар­ға уни­верситеттік грант­тар бөлу­ге баса назар ауда­рып отыр. Ғылым бо­йынша ха­лық­ара­лық коллабора­цияны дамыту мақсатында шетелдік пост­док­­то­рант­тарға шәкір­тақы­лар қарас­ты­рыл­ған.

2020 жылдан бастап университет­те жалақысы көтерілген және ака­де­­миялық жүктемесі төмендетілген «оқы­­тушы-зерт­теу­ші» позициясы ен­гізілді. Биылғы оқу жылында мұндай мәр­тебені ЕҰУ-ның 20 жетекші ғалым-оқытушылары иеленді. Сонымен бірге биыл қолдан­ба­лы зерттеулермен, нәти­же­лерлі ком­мер­цияландырумен айналысатын «зерт­теуші-инноватор» деген жаңа пози­ция енгізілді.

Жалпы, университетте ғы­лым­ның қар­жы­ландыру көлемі біртіндеп артып келеді. Бұл көрсеткіш мемлекет тарапынан ғылыми-зерттеу жұмыстарын қар­жы­ландыру көлемінің ұлғаюы арқылы 2 есе өсті.

Биыл ЕҰУ-ның жетекші ға­лым­дары 100-ден астам ғы­лы­ми-зерттеу жұ­мыс­та­рын жүзеге асырып жатыр. Олар биология және биотехнология, ядро­лық физика, математика және ақ­па­рат­тық технологиялар, химия және жер туралы ғылымдар, инжиниринг және қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар сала­ларындағы 31 ғылыми бөлімшенің және жетекші ғылыми мектептердің база­сын­да жүргізіледі. Академиялық және университеттік ғылымды бірік­тіретін 6 ғылыми-білім беру кластері құрылған.

Бүгінгі таңда ЕҰУ-да ғылыми дәре­жесі бар профессорлық-оқы­ту­шылық құрамның үлесі 67%-ды құрайды. Ал Қазақстанда ғылыми кадрлардың дәрежелік орташа көрсеткіші 35%-ға тең. Бұл ретте профессорлық-оқыту­шы­лық құрамның 40%-ға жуығы – 39 жасқа дейінгі жас ғалымдар. 2021 жылдың қорытындысы бойынша еліміздің 50 ғалымы арасында университеттің 9 ғалымы «Үздік ғылыми қызметкер» сый­лы­ғын иеленді.

Соңғы бес жылда ЕҰУ ға­лым­да­рының жарияланымдық бел­сен­ділігі екі есеге артты. Мақалалардың жартысынан көбі Web of Science базасының Q1, Q2 журналдарында жарияланады. Университеттің бірқатар жетекші ғалымының жарияланымдары сала бо­­йынша жыл сайын әлемдегі ең көп сіл­те­ме жасалатын 0,1%-ға кіреді.

Университетте Scopus, Web of Science және басқа да ха­лық­аралық мәліметтер база­сына енгізілген 17 ғылыми журнал шығарылады. Биыл ЕҰУ QS World University Rankings 2023 халықаралық рейтинг­інде әлемнің үздік 300 универ­си­теттерінің қатарына еніп, 277-орынға ие болды. Соңғы үш жылда университет бұл рейтингте 141 саты алға жылжыды.