Аймақтар • 22 Қазан, 2022

Астықты өңірдегі әдебиет мерекесі

231 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қостанайда қазақ әдебиетінің апталығы өтті. Тобыл төрінде көптен бері болып көрмеген ауқымды рухани іс-шараны әдебиетсүйер қауым өңірдің мәдени өміріндегі үлкен оқиға ретінде қабылдады. Апталық аясында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының әдеби мұрасына арналған ғылыми конференция, жергілікті қаламгерлердің кітап көрмесі, сыршыл ақын Сырбай Мәуленовтің 100 жылдығына арналған әдеби кеш, кемел жазушы Төлен Әбдікпен кездесу, сондай-ақ алдыңғы аға буын мен қаулап өсіп келе жатқан кейінгі жас ақындардың шығармашылығына арналған поэзия фестивалі өтті.

Астықты өңірдегі әдебиет мерекесі

«Жырлайды жан жүрегім жақсылықты» атты фестивальді облыстық мәдениет басқар­масы мен Жазушылар ода­ғының жергілікті филиалы бірлесіп ұйымдастырды. І.Ома­ров атын­дағы қазақ драма театрын­да өткен поэзия кешінде Қос­танай, Арқалық қалалары мен шалғай ауыл-аудандардан келген екпіні ерек жас шайыр­лар Серікбай Оспанов, Ақыл­бек Шаяхмет сынды белгілі ақын­дармен қатар тұрып жыр оқыды. Жас­тардың арасында есімдері бүгінде ел көлеміне танылып қалған Абылай Мауданов, Жан­­на Ерекина, Жандос Жү­сіпбек, Дәулет Жадырасын, Ба­тырлан Са­ғынтаев сынды та­лантты ақын­дар бар.

– Биыл Қостанайдың қо­ңыр күзінде басталған әдеби апталықтың аясында әде­биет ғылымының ұстынын қа­лып­тастырып, сара жол салып берген ұлт ұстазы Ахмет Бай­тұр­сынұлының мұрасына көбірек көңіл бөлінді. Әдеби апталық аясындағы іс-шаралардың бәрі негізінен биылғы Балалар жы­лына орайластырылып, мек­теп оқушылары мен сту­дент-жастарға арналып отыр. Басты мақсат – асыл сөздің қадір-қасиетін жастарға ұғын­дыру, ұлт әдебиетінің інжу-маржандарын кейінгі ұрпаққа насихаттау, олардың көркем дүниеге деген ықылас-пейілін ояту. Ал енді бүгінгі поэзия кешіне жас буын, орта буын және аға буын қатысуда және негізгі басымдық жас буын­ға беріліп отыр. Осы кеш­тің негізгі лейтмотиві де жас­тар поэзиясы. Кеше Төлен Әб­дік­тің шығармасы желісімен «Өтел­меген парыз» спектаклі қойылып, қаламгердің «Адал­дық алаңындағы бәйтерек» атты шығармашылық кеші өтті, – деді Қазақстан жазушылар одағы филиалының төрағасы Жанұзақ Аязбекұлы.

Поэзия мерекесіне ешбір ресми шақырусыз-ақ келген жұрттың көптігі көңіл сүй­сінтті. Театрдың үлкен залы лық толып кетті. Кеш барысын­да жас ақындар оқыған өлең­дерге елтіп, бірнеше студент өздігінен сұранып сахнаға кө­теріліп, жыр оқыды.

Жыр фестивалін халық ақыны Әсия Беркенованың «Та­балдырық» атты өлеңін на­қы­шына келтіріп жатқа оқып бер­ген облыстық мәдениет бас­қар­­масының басшысы Ерлан Қалмақов түйіндеді.

– Жалпы, біздің өңірде қай кезде болмасын, жеке ақын-жазушылардың шығар­ма­шы­лық кештерін, мерейтойларын ұйымдастырып, кездесулер өт­кізіп тұру айнымас дәстүрге ай­налған. Бірақ мұндай әдеби апталық Тобыл-Торғай өңі­рінде тұңғыш рет өтіп отыр. осы бір аптаның төңірегінде Ахмет Байтұрсынұлы, Мұха­метжан Сералин, Сырбай Мәу­­ленов, Төлен Әбдік сынды алып тұлғаларымыздың шы­ғар­машылығына арналған кеш­терді, іс-шараларды өт­кіздік. Бүгінгі поэзия кеші де енді жыл сайын өтіп тұратын дәстүрлі іс-шараларымыздың тізі­міне ене­тін болады, – деді бас­қарма басшысы.

 

Қостанай облысы