Қоғам • 24 Қазан, 2022

Қоғам тірегі – жомарт жандар

400 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қандай заман болсын, халқымыз қанына сіңген, болмысына біткен шарапатшыл, мейірбан сияқты асыл қасиетінен ажырап қалмағанына бүгінгі күнімізден де көптеп мысал келтіруге болады. Арамызда осындай кеңпейілдігімізді іс жүзінде ізгі амалдарымен көрсетіп жүрген азаматтар баршылық. Олардың қайырлы істері қоғам тарапынан атаусыз қалған емес. Осы орайда халық алғысын арқалаған үздік меценаттар мен филантроптар Астананың төрінде «Жомарт жүрек» республикалық сыйлығымен марапатталды.

Қоғам тірегі – жомарт жандар

Қазақстанда қайырымдылық жасау мен оны дамытуға елеулі үлес қосқан қайырым­дылық жасаушыларды ескерусіз қалдырмау және ынталандыру, оларға қоғамның назарын аудару мақсатында Ақпа­рат және қоғамдық даму министр­лігі 2018 жылдан «Жомарт жүрек» сый­лығын табыс­тап келеді. Бұл рет­те биылғы конкурсқа 17 облыс пен республикалық маңы­зы бар қа­лалардың өкілдері қатыс­ты. Конкурс жеңімпаздары – онлайн-да­уыс беру қорытындысы бойын­ша халық таңдаған 50 адам «Жыл тұлғасы», «Жыл меце­наты», «Туған өлке», «Жылдың үздік ұйымы» және «Жылдың үздік қамқоршысы» деп аталатын 5 номи­на­ция бойынша анықталды.

Марапаттау рәсіміне Парламент Мәжі­­лі­сінің депутаттары, бизнес сала­сы­ның, қайырымдылық және еріктілер ұйым­дарының өкілдері қатыс­ты. Ал­қа­­лы жиында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің бай­қау же­ңім­паздарына арнаған ақжарма лебізін аталған сала вице-министрі Д.Қадыров жеткізді.

«Жомарт жүрек» сыйлығы­ның 50 же­ңім­­пазының әрқайсы­сы өз ауылын, қала­сын дамыту­ға зор үлес қосып, мұқтаж жан­дарға көмектескен. Атап айтсақ, «Жыл тұл­ғасы» номинация­сы бо­­йынша қайы­рым­­дылық қыз­ме­ті үшін марапатқа ие бол­ған­­дар­дың арасында ауыл мек­теп­тері мен балабақшаларға де­меу­шілік көмек көрсетіп жүрген Қы­зыл­орда облысының «Ер-Әли» шаруа қожалығының басшысы Әліби Бекжанов бар. Оның демеушілігімен А.Оңалбаев атындағы №117 орта мектебінің спорт залы мен ауылдық мәдениет үйінде 220 орындық көрермендер залы ашылған. Мақпалкөл ауылында демеушілікпен аз қамтылған отбасыларға арналған 4 үй салынды.

Ал «Жыл меценаты» номина­циясы бо­йынша Түркістан облы­сының атынан қатыс­қан «Күл­төбе» ЖШС директоры Шә­ріп­бек Саурықов Ақтас ауылы мен Бәй­дібек ауданы Шыбыт елді мекенінің мұқтаж отбасыларына тұрғын үй салуға қаражат бөл­ген. Шаян ауылдық округіндегі Шаян ауылының мүмкіндігі шек­теулі отбасылары мен мұқтаж тұр­ғындарына тұрғын үй салу­ға қаражат бөлумен қатар, осы ауылдың аз қамтылған отбасыла­рына тұрақты түрде азық-түлік және қаржылық көмек көрсетіп тұрады.

Туған жерді қолдау бойынша әлеу­мет­тік маңызды жобалар­ды жүзеге асырғаны үшін «Туған өлке» номина­циясымен мара­пат­талғандардың ішін­­де Ақтөбе об­лы­сының «Динар-Элек­тро­маш» ЖШС директоры Сергей Виш­няк бар. Ол мәдениет, білім және спорт мекемелеріне тұрақты көмек көрсетіп келеді. Ақжар кентінде ин­фрақұрылымды ұйымдасты­ру­ға және Жаңақоныс кентінде көгалдандыру үшін демеушілік көмек көрсетілді. 150 мүгедек жан­ға азық-түлік пакеттері түрінде көмек беріп, 5 адамның оңалту-емделуі үшін жағ­дай жасалды. Бала­ларды оңалту орта­лығының материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін демеушілік көрсетті.

«Жылдың үздік қамқоршы­сы» аталған жеңімпаздың бірі – Ақмола облысының «Балбөбек 2014» ЖШС басшысы Жанар Нау­ханқызы Хасенова. Ол ке­шенді қайы­рым­дылық қызметі мен елеу­лі әлеуметтік-маңызды өзгеріс­тер жасағаны үшін жеңім­паз атан­ған. Көпбалалы отбасылардан шық­­­қан 10 баланы балабақшаға тегін ­ба­ру­ға демеушілік көмек көрсеткен, аз қамтылған, көп­ба­лалы отбасыларға және мүм­кін­дігі шектеулі адамдарға қаржы­лық қолдау жасаған «балбөбектіктер» түр­лі мерекелік іс-шараларды өтеусіз ұйымдастыруға ұйытқы болып келеді.

Жалпы, қоғамда мұндай мысалдар көп­теп саналады. Барлық лауреатқа естелік сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді.