Жеңіс – 65
Соғыс кезінде ерлікпен қаза болған снайпер Нұрбек Шаханұлы туралы дерек 65 жылдан соң белгілі болып отыр.
Қанды қырғын аяқталғалы бері 65 жыл уақыт өтсе де, ұшты-күйлі хабарсыз кеткен өз туыстары мен бауырларын іздеп, әлі күнге дейін арманда жүрген отбасылар аз емес. Көптеген қазақ жауынгерлері сол соғыста хабар-ошарсыз жоқ болып кетті. Не өлі, не тірі екені белгісіз болып қалды.
Әлі есімде, 1982 жылы Чехословакияға туристік сапармен барған кезімде бауырлас жауынгерлер бейітіне ат басын тірегеніміз бар. 200-дің үстіндегі бейіттердің 40-тан астамы белгісіз солдаттар қабірі болып шықты. Әрқайсысына көз тоқтата қарап, ең болмаса біреуінің аты жазылған болар деп үміттене үңілгеніміз бар. Ондағы ойым – сол қабірлер арасынан өз анамның соғысқа аттанып, сөйтіп із-түзсіз жоғалған ағатайының аты-жөнін тауып қалам ба деген үміт еді.
Әрине, ол жерден анамның бауырының есімін көре алмағам. Сөйтсе де елге келген соң, анамды хабардар етіп, “сол 40 жауынгердің біреуі сіздің ағаңыз болуы да мүмкін” деп жұбатқаным бар.
Өз анам Бекзада Шаханқызы осы күні 80-нің үстінде. Соғыс туралы сөз бола қалса, әрдайым ағасы Нұрбекті сағына еске алады. Сондайда: “Әттең, Нұрбек туралы әйтеуір бір дерек табылса ғой”, деп қиялдап қоятынмын. Бір хабары жетсе, анам сондай қуанар еді деп ойлайтынмын.
Таяуда бір тосын жаңалық болды.
Мәскеуліктер Қорғаныс министрлігінің орталық мұражайынан соғыс кезінде қаза болған жауынгерлер жайлы деректер жинап, “Мемориал” атты электронды дерекнамалық жүйе ашыпты. Қызметтес інім Қайрат Аймұхамбетов сол сайтқа кіріп отырып, кенет... кеңес жауынгері, мерген жігіт Нұрбек Шаханұлы туралы деректерді көріп, менен сүйінші сұрады. Өз көзіме өзім сене алар емеспін.
“Ойпырмай, осы Нұрбек – менің анамның бауыры болғаны ма?” деп ынтыға түстім. Дереккөздегі жазбаларды толқи отырып оқып жатырмын.
“Шаханов Нұрбек, Қазақ КСР-ы, Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Ақтөбе селолық кеңесінде туған. Соңғы әскери қызметі – 88-гвардиялық атқыштар дивизиясы, аға сержант, бөлімше командирі. Соғысқан жері – Украинаның Донецк облысы. 1943 жылы 22 шілдеде майдан даласында қаза болған. Жерленген жері – Славянск ауданындағы Голая долина селосы, 17 шақырым жердегі шығыс биіктігінің баурайы...”
Бәрі сәйкес келіп тұр. Туған жері дәл көрсетілген.
Осы деректерге сүйенсек, әлгі аталған жерде анау-мынау емес, 3744 жауынгер жерленіпті.
Менің бала күнімнен бері анамның қайта-қайта айтып келе жатқан арманы ғой. Құлағыма сіңіп қалған әңгімелер жадымда қайта жаңғырды.
Нұрбек Шаханұлы 1942 жылы Жаңақорған аудандық әскери комиссариатынан әскерге шақырылған. Кейінірек Алматыдағы атқыштар даярлайтын қысқаша курста оқып жатырмын деп екі-үш рет үйге хат жазыпты. Ең соңғы Алматыдан жазған хатында “біз енді майданға аттанамыз” депті. Содан кейін далалық почтадан тағы да екі-үш рет хат келген де, сосын хабар біржола үзілген.
Осы жерде ол кісі туралы аз-кем тоқталып өтелік. Нұрбек жас кезінде өте алғыр ұл болыпты. Мектепті 15 жасында аяқтап, Шымкенттегі Қапланбек зооветеринарлық техникумында оқиды. Алғыр жеткіншек бұл оқу орнын да мерзімінен бұрын аяқтап, елге оралып, мектепте директордың орынбасары болады. Анамның айтуынша, Нұрбек сол кезде-ақ орыс тіліне өте жетік болған. Жоғары жақтан арнайы жіберілген Розамет Мұқашев деген білімді директормен әрдайым сөз жарыстырып, әртүрлі тарихи тақырыптарда пікір таластыра алады екен.
Ұлы Отан соғысының нағыз қызған шағы. Ол мектепте жарты жыл ғана жұмыс істеп, өз еркімен майданға сұранады. Шешесі Көбелдесова Зәурекүлдің айтқанына көнбей, майданға аттанады. Әкесі Шахан Сыр бойына белгілі би болыпты. Ол 30-шы жылдары өмірден өткен. Ағалары Ілияс, Әкбар, Сәрсеннің де, апалары Мінайым, Ибагүл, қарындасы Бекзаданың да “елде жұмыс істей бермейсің бе” деген бауырлық тілек-сөзіне құлақ аспаған екен. Сөйтіп майданға аттаныпты.
Қазақ жауынгерлері арасында соғыс кезінде мергендер аса көп болған жоқ. Аға сержанттың ерлік істері мен қанша жауды жайратқаны туралы деректер жоқтың қасы. Бұл орайда мерген Нұрбек Шаханұлы жайлы толыққанды деректер жинастырылып, алдағы уақытта кеңінен сөз боларына сенімдіміз.
Мерген қазақ 1943 жылғы шілде айында оққа ұшыпты. Қанды майдан даласында жер жастаныпты.
Енді осы бір елеусіз қалған есіл ердің есімін қайта жаңғыртып, оның ерлік істерін бүгінгі ұрпаққа жеткізу – біздің перзенттік міндетіміз болуы тиіс.
Тағы бір айта кетерлігі – ресейліктер жүйеге түсірген “Мемориал” электронды сайты қазақ жеріне де жетуі керек. Ең болмағанда өз жауынгерлерімізді өзіміз іздемейміз бе! “Елім, жұртым” деп уралап жауға шауып, қапияда жер жастанған боздақтардың аруағын асқақтату бүгінгі ұрпақ үшін аса жауапты іс.
Бұл жұмысты ең алдымен біздің ұлттық Қорғаныс министрлігі қолға алса, соғыста ұшты-күйлі жоғалып кеткен боздақтарды табуға зор қолғабыс тигізер еді.
Жолтай ЖҰМАТ, жазушы. Қызылорда облысы.
ЕРЛІГІН ҮЛГІ ТҰТАР ҰРПАҒЫ БАР
Ұлы Отан соғысына алғашқы күннен бастап соңына дейін қатысқан жанның бірі Айтқали Мәнкеев еді. Әскер қатарында жүргенде соғыс басталады. Ол кезде А.Мәнкеев небәрі 19 жаста болатын.
Алдымен Воронеж майданындағы соғысқа қатысып, кейін 1-ші Украина майданының құрамында Киев қаласын азат ету ұрысына қатысқан. Майдангер одан әрі жылжып, Карпат тауындағы шайқас кездерінде бір рет ауыр, бірнеше рет жеңіл жарақат алған. Барлаушылар ротасының командирі болып, талай рет ұрыс шебінен “тіл” әкелу үшін аттанып, өзіне жүктелген міндетті абыроймен орындайды.
Ол әрдайым сұрапыл соғыс жылдарындағы ауыр күндер жайлы еске алғанда, балаларына айтып беретін-ді. Сондай әңгіменің бірін қазір Астана қаласында тұратын ардагердің кенже қызы Рәзия Айтқалиқызы сағынышпен еске алады. “Кішкентай кезімізде әкеміз жұмыстан келіп, көңілді отырғанда, соғыс жайлы әңгіме айт деп жалынатын едік. Сонда әкем: “Бірде штаб бұйрығына сәйкес төрт жауынгермен “тіл” әкелуге шықтық. Жау шебіне жер бауырлап барып, дауысымызды шығармай, олардың окоптарына да жеттік-ау. Қарасақ, бір немістің жауынгері окоптың шетінде ойланып жайбарақат отыр екен. Төртеуміз оны жерге құлатып, аузына шүберек салып, үнін шығармай алып шықтық. Жау жақ та тым-тырыс. “Енді құтылдық қой” деп демімізді ала бергенімізде, немістер пулеметпен оқ жаудырды. Бір немісті ұрлап кеткенімізді байқаған ғой. Дегенмен бекінген жерімізге аман-есен оралдық, тек екі жауынгеріміз жараланды. Ал алып келген неміс өте құпия сақталған біраз құнды мәліметтерді айтты, – деп оқиғаны айта келіп, – Бірақ, барлық операциялар да олай сәтті бола бермейтін еді. Соғыс кезінде талай түрі басқа болса да, тілегіміз бір жолдастарымнан, достарымнан айрылдым”, – деп күрсінетін әкем.
А.Мәнкеев 1943 жылы Вена қаласындағы шайқаста жараланып, кейіннен Подольск қаласындағы сержанттар мектебіне жіберіледі. 1945 жылдың қараша айында ғана елге оралады.
Қатал уақыттың тезіне шыңдалған қажыр-қайратын адал еңбек жолында жұмсаған Айтқали Мәнкейұлын ел-жұрты, араласқан ортасы парасатты азамат деп үлгі тұтатын. Өзі басшылық жасаған кеңшардың әрбір тұрғыны оның талапшылдығымен қатар адамдардан қолдан келер көмегін аямайтын мейірімділігін де жақсы білуші еді. Зайыбы Хадиша Өтениязқызы екеуі 7 бала тәрбиелеп өсірді. Олардың бәрі жоғары білімді, сан салада еңбек етуде. Ата-анасының өз ортасына көрсеткен құрметі балаларына да өнеге-ғибрат болып дарыған. Бүгінгі таңда Айтқали Мәнкейұлының ұрпақтары тыныштық орнаған тәуелсіз елдің берекелі шаңырағының астында бақытты өмір сүріп, тәлімді тәрбие алып келеді. Отан қорғаған аталарын мақтаныш тұтады.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, АСТАНА.