Жаңа мектептің ашылуы ұлттық мереке – Республика күніне тұспа-тұс келді. Ауыл балаларына білім сыйлайтын ғимарат құрылысы үшін мемлекеттен 1 191,07 млн теңге қаражат бөлінген. Құрылысты өңірдегі белгілі компания «СКФ Отделстрой» ЖШС жүргізді.
Щапово – Орал – Атырау күре жолының бойында жатқан ірі елді мекен. Ауылдағы бұрынғы мектеп 120 балаға арналған, әрі 1974 жылы салынғандықтан, тозып, апат жағдайына тұрған еді. Соған қарамастан, мұнда осыған дейін, 2022-2023 оқу жылында 435 оқушы бірінші тоқсанды лаждап оқып шықты. Олардың ішінде көршілес Жаңатаң ауылынан автобуспен тасымалданатын 41 оқушы да бар. Жаңа мектеп ғимаратының ашылуын асығып күткен де осы оқушылар болғаны анық.
Білім ордасы 2021 жылы даңқты батыр Бауыржан Момышұлының есімін иеленген еді. Кейінгі 6 жылдан бері осы ұжымды басқарып келе жатқан Аймекен Бақтығалиева – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Аралас тілде сабақ беретін мектепте 293 оқушы қазақ тілінде, 142 оқушы орыс тілінде білім алады. Ауылдың демографиялық ахуалы өте жақсы: қазір бірінші сыныпта – 40 бала оқыса, мектепалды даярлық тобында 45 сәби тәрбиеленіп жатыр. Мектепте барлығы 67 педагог қызмет атқарады.
Жаңа ғимараттың ашылу салтанатына арнайы келген Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов ауыл тұрғындарын қуанышты жаңалықпен әрі Республика күнімен құттықтады. Ол мемлекетіміз өз халқының жақсы тұрмысы мен баянды болашағы үшін келешекте де жүйелі жұмыс жүргізетінін айтып, осындай заманауи білім ордасында білім алған өрендердің өз Отанын қалтқысыз сүйген патриот болатынына сенім білдірді.
Енді ашылған мектеп толығымен жаңа техникалық құрал-жабдықпен жарақталған. Ғимараттың 21 оқу кабинетінде 15 интерактивті тақта орнатылған. Сонымен қатар 1 смарт кабинет, 2 шеберхана, 2 информатика кабинеті, спортзал, кітапхана және 30 орындық оқу залы, 208 орындық мәдениет залы, 72 орындық асханасы бар. Мектеп ауласында бірнеше спорт алаңы орналасқан.
Мектеп даңқты батыр Бауыржан Момышұлының есімін иеленгендіктен, мұнда «Бауыржантану» атты сабағы да жүреді. Бұған қоса мектеп ұжымы оқу-тәрбие үрдісіне инновациялық әдіс-тәсілдерді батыл енгізіп, «Цифрлы мұғалім», «Домбыра party», «STEAM», «Эко мектеп», «Оқуға құштар мектеп», «Дебат» «Ақиқат» жобаларымен жұмыстанады. Республика бойынша Бауыржан Момышұлы есімін иеленген мектептермен де желілік байланыс орнатып, тәжірибе алмасып отырады.
Батыс Қазақстан облысы