Өткен аптада шалғайдағы Жәнібек ауданы Жақсыбай ауылының шығысында орналасқан Айдарлы елді мекені тұсында дала еркесі – киіктердің қырылғаны Ақжайық өңірі жұртшылығын қатты алаңдатты. Соңғы деректерге қарағанда ажал құшқан ақбөкендердің саны 3271 басқа жеткен. Оның дені – аналық ешкілер. Сонымен бірге аталған ауыл тұрғындарына қарасты бір жасқа жақындаған алты бұзау да жер жастанған.
Оқиға орын алған жерге Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов пен тосын жағдайға орай Астанадан арнайы келген Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің төрағасы Ерлан Нысанбаев бастаған жұмыс тобы тікұшақпен шұғыл аттанған болатын.
Осындай оқиға орын алғаны белгілі болғаннан кейін арнайы комиссия құрылған еді. Осы жедел жұмыс тобы қазір өзінің алғашқы қорытындыларын шығарды. Олар жоғарыда сандары көрсетілген киіктер мен бұзаулардың өліміне душар еткен – пастереллез ауруы деп тауып отыр. Мұндай диагноз әзірге бір бас бұзаудан анықталған. Дегенмен мамандар қалған бұзаулардың да түбіне жеткен осы ауру екеніне күмән келтірмейді.
– Бұл хайуанаттар арасында кездесетін жұқпалы аурулардың бірі. Киіктер арасында оның өткір түрі тараған деп айта аламыз. Бұл қорытынды өлген киіктердің ішкі құрылысынан алынған сынамалар мен сараптамалардан кейін белгілі болды. Ал топырақ пен шөптің, судың құрамын тексеру жұмыстары одан әрі жалғасуда. Осылардың толық қорытындылары шыққан кезде бұл аурудың киіктерге қайдан жұғып, қалай тарағанын айтып беруге болады, – деді газет тілшісіне облыстық аумақтық инспекцияның аумақта мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық бақылау ұйымдастыру бөлімінің бас маманы Фарух Мұқанов. Пастереллез жұқпалы, мал, хайуанаттар аурулары тізімінде бар. Бірақ Үкіметтің қаулысы бойынша бекіген өтемақы төленетін тізімде жоқ. Сондықтан алты бұзаудың иесіне өтемақы төленбейді, – деді ол одан әрі.
Қазір киіктер өлген аумақта профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде. Оған арнайы шектеу жарияланған. Оның мерзімі ең аз дегенде бір ай. Осы уақыт аралығында бұл аймаққа сырттан мал кіргізуге немесе шығаруға тыйым салынады. Сондай-ақ мал азығын әзірлеп тасымалдауға да рұқсат жоқ.
Жоғарыда айтылғандай, бүгінде шалғайдағы Айдарлы ауылында киіктердің қырылуына байланысты құрылған комиссия өз жұмысын жалғастыруда.
Темір ҚҰСАЙЫН,
Батыс Қазақстан облысы,
Жәнібек ауданы.