Беларусь Республикасының Еуразиялық экономикалық комиссиядағы мүшесі С.Н.Румаспен сұхбат
– Құрметті Сергей Николаевич! Белорус жері өз басым үшін өте қымбат: өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының аяғында менің туған ағам осында әскерде қызмет еткен еді, сол екі жылдың ішінде ауылда «Минск» деген штемпелі бар конвертті асыға күтумен жүргенбіз. Одан кейін Мәдениет министрінің бірінші орынбасары кезімде Мәдени ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық кеңестің мүшесі ретінде Белоруссияға бірнеше рет келдім. Әр келген сайын елдегі татулыққа, тыныштыққа, тұрақтылыққа тәнті болатынмын. Мұның өзі қазір сіздерге көрші мемлекеттегі жағдаймен салыстырғанда тіпті айрықша көрінеді. Біз едәуір дәрежеде белорус достарымыздың арқасында Еуразия құрлығындағы интеграциялық үдерістер серпінді дамып жатқанына қуаныштымыз. Алғашқы сұрағым мынандай: Еуразиялық экономикалық одақ Беларуське не береді?
– Елім туралы жылы сөздеріңізге рахмет. Ал енді Еуразиялық экономикалық одақ Беларуське не береді дегенге келсек, интеграцияның жаңа кезеңінің – экономикалық одақ құрудың аясында тауарлардың, қызметтердің, капиталдың, еңбек ресурстарының мүмкін болғанынша еркін қозғалуы қамтамасыз етіледі. Біздің экономикамыз табиғи монополиялар қызметтеріне, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыруға, бәсекелестіктің ортақ тәртіптеріне, өнеркәсіптегі, көліктегі, энергетикалық, аграрлық және басқа салалардағы шаруаларды жүзеге асыруға тең мүмкіндіктен қосымша артықшылықтар алады. Осының бәрі ішкі жалпы өнімнің өсімін қамтамасыз етуге жағдай жасайды, түптеп келгенде біздің азаматтарымыздың әл-ауқат деңгейін арттырады.
– Еуразияшылдық идеясының жаңа негіздемесін біздің Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев жасағаны, оны алғаш рет осыдан жиырма жыл бұрын Мәскеу университетінде сөйлеген сөзінде жария еткені белгілі. Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің «Еуразиялық экономикалық одақ: теория әлде нақтылық» деген мақаласында: «Бүгінде, Достастықтың барлық елдері әлемдік дағдарысқа қарсы тұрудың жолдарын іздестіріп жатқанда, экономикалық проблемаларды жеке-дара жүріп еңсеруге болмайтынына көз жеткен кезде тағдыр еуразиялық интеграция тұжырымдамасының көкейкестілігін тағы бір рет тиянақтап отыр» деп жазған еді. Сіздің ойыңызша, бұл тұжырымдаманың мәні неде?
– Менің ойымша, оның мәні мынада: біздің елдеріміз өздерінің ұлттық экономикаларының орнықты өсуін тек бірлесу, күш-жігерлерін жұмылдыру және халық шаруашылығының барлық салаларындағы көзқарастарын өзара келісе, бір-бірін толықтыра жүру арқылы ғана қамтамасыз ете алады.
Ал жақсы жұмыс істейтін экономика –
ел азаматтарының әл-ауқаты мен қоғамдағы тұрақтылықтың негізі. Міне, сондықтан да Беларусь Республикасы кеңестен кейінгі кеңістіктегі интеграцияның белсенді жақтаушысы болып келген және бола да береді.
Одақтық мемлекет, Кеден одағы, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы сияқты ықпалдасу деңгейі, яғни жылдамдығы әртүрлі интеграциялық құрылымдардың сан қилы пішімдеріне белсенді қатыса отырып, Беларусь Республикасы бір мезгілдік қысқа сәттік пайда табуды көздемейді, өзінің әріптестерімен қарым-қатынастарын ұзақ уақыт бойы өзара тиімді ынтымақтастыққа есептеп, халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында алға қарай бірте-бірте, табанды жылжуға негіздеп құрады. Бұл орайда біз бейне бір локомотивтей өзара іс-қимылдың ғылым, мәдениет, спорт сияқты басқа да салаларын сүйреп кететін экономиканың мүддесін алдымен көздейміз.
Беларусь Республикасы үшін Еуразиялық экономикалық одақты толық ауқымдағы Кеден одағының негізінде, яғни алып тастаусыз, соның ішінде баждарсыз, экономикалық сипаттағы сандық және басқа да шектеулерсіз құру қағидатты түрде маңызды болып табылады. Тауарлардың еркін қозғалуы Біртұтас экономикалық кеңістіктің шарттық-құқықтық арқауы шеңберінде ортақ рынок құрудың басқа үш еркіндігін (қызметтердің, капиталдың, жұмыс күшінің еркіндігі) жүзеге асыру жөніндегі міндеттерді шешудің қисынды үлгісі болуға тиіс.
– Сіз қазір, шартқа қол қою қарсаңында соңғы жылдарда дәстүрлі сұраққа айналған мына сұраққа қалай жауап берер едіңіз: еуразиялық интеграцияның жаңа кезеңінің мәні неде?
– Кеден одағы/Біртұтас экономикалық кеңістік пен Еуразиялық экономикалық одақтың арасында экономикалық сипатта елеулі және іргелі айырмашылықтар жоқ, өйткені, ЕЭО-ның функциялық бөлігі негізінен Кеден одағы/Біртұтас экономикалық кеңістіктің, белгілі бір дәрежеде ЕурАзЭҚ-тың қолда бар шарттарының кодификациясына арқа сүйейді.
Сізге мұндай шарттардың 68-і кодификацияланатынын айтпақпын.
Негізгі айырмашылықтар ЕЭО-ны құру жөніндегі шарттың институттық бөлімінде көрініс тапқан, онда Одақтың құқықтық мәртебесі, мақсаттары, органдар жүйесі, олардың құзыреті, өкілеттіктері мен қызмет аясы көзделген. Оның сыртында бұрын КО/БЭК шеңберінде реттелмей келген білім беру, ғылым және басқа салалардағы интеграция нақтыланған.
Тұтастай алғанда, қайталап айтайын: интеграцияның жаңа кезеңінің – экономикалық одақ құрудың аясында тауарлардың, қызметтердің, капиталдың, еңбек ресурстарының мүмкін болғанынша еркін қозғалысы қамтамасыз етіледі.
– Сізбен кездесуге дайындала жүріп, Беларусь мемлекеттік университеті шығаратын «Экспертиза» атты талдамалық хабаршымен танысқан едім. Сонда Президент А.Г.Лукашенконың «Известия» газетінде 2011 жылдың 17 қазанында жарияланған «Біздің интеграциямыздың тағдыры туралы» деген мақаласынан дәйексөз келтіріліпті. Сіздің елдің Президенті еуразиялық интеграцияның болашағы туралы: «Егер біз БЭК көздеген мақсаттарды жүзеге асырсақ, онда Еуразиялық одақты құруға кірісе аламыз. Беларусь оны қалыптастыруға барынша белсенді қатысатын болады... Бүгінгі таңда алдымыздан ашылып отырған қуатты да терең интеграция шын мәнінде өзіне тартып, еліктіреді. Алайда, осы құрғалы жатқанымыздың өмірлік өзегі – біздің мемлекеттеріміздің егемендігі, оны ең тығыз интеграцияның өзі де ығыстырып шығара алмайды», деген болатын. Жақында Александр Григорьевич: «Беларусь Еуразиялық экономикалық одаққа тең емес жағдайда кірмейді», деп мәлімдеді. Бұл арада не айтылып тұр?
– Біз қорғайтын қағидаттар Кеден одағының арқаулық құжаттарында, сондай-ақ, басқа да халықаралық шарттарда белгіленген.
Интеграциялық дамудың әлемдік практикасы ықпалдастықтың бір деңгейінен екінші, анағұрлым жоғары деңгейінен ауысу бұдан бұрын құрылған толыққанды ықпалдастыққа арқа сүйеуге тиісті екенін көрсетеді.
Бұл орайда ЕЭО «ғимаратын» тұрғызудың басты кірпіші толыққанды Кеден одағы болуға тиіс.
Бұлай етпейінше болашақ экономикалық одақ берік іргетасынан айырылады.
Оның үстіне, ЕЭО туралы шарттың жобасымен жұмыс істеу барысында Беларусь Республикасы бұл құжат Тараптардың интеграцияның негізгі бағыттары бойынша бұрын қол жеткізілген уағдаластықтарынан артқа шегіну немесе бас тарту болмауға тиістігін басшылыққа алған, соны алдағы кезде де басшылыққа ала береді.
Сіз білетін шығарсыз, Беларусь Республикасының ЕЭО-ны құру сияқты терең интеграцияға араласуын құптайтын ең мәнді уәждердің бірі қуат көздерінің ресурстарына Ресей Федерациясы резиденттерінің шарттарына тең (немесе тең жағдайға жуық) шарттармен қол жеткізу болған еді.
Біз бұл мәселені ЕЭО туралы шарттың жобасымен жұмыс істеу барысында шешкіміз келген, алайда, Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы өздерінің рыноктарын толық түрде ашуға дайын емес. Осыған орай ЕЭО туралы шарттың жобасында мұнайдың, мұнай өнімдерінің, газ бен электр энергиясының ортақ (біртұтас) рыноктарын құру 2025 жылға ысырылған, алдымен оларды қалыптастырудың Тұжырымдамасы мен Бағдарламасын қабылдау көзделген.
– Еуразиялық экономикалық одақ құрудан Беларусь Республикасы табатын экономикалық пайдалардың арасынан қайсыларын алдымен атауға болар еді?
– Оларды мен санамалап та берейін. Беларусь Республикасының ЕЭО-ның құрылуына негізгі мүдделерінің арасынан мыналарды бөле айтуға болады.
Энергия ресурстарына (мұнайға, газға) Ресей Федерациясының шаруашылық жүргізуші субъектілерімен тең жағдайда қол жеткізудің мәні ерекше.
– Беларусь мұнай өңдеу зауыттарында Ресей мұнайынан өндірілген мұнай өнімдеріне экспорттық баждарды Ресей бюджетіне аударуды алып тастау өте маңызды.
Мұнан кейін мен Кеден одағының ішкі рыногын іштей пайдалануға да, сондай-ақ, өңдеуге де энергия ресурстарын сандық шектеусіз алдымен қамтамасыз етуді айтар едім.
Ауыл шаруашылығы үшін елдің агроөнеркәсіптік кешеніне тікелей берілетін дотация деңгейін сақтап қалу да маңызды.
Сондай-ақ, Беларусь Республикасының транзиттік әлеуетін барынша пайдалану мақсатында «резиденттік қағидат» алынып тасталатын болады.
Ресей Федерациясының белорус тасымалдаушылары үшін жүк тасудың рұқсат беру жүйесін алып тастау да өте пайдалы.
Еуразиялық экономикалық одақ құрылғаннан кейін өнімнің осы түрін жеткізу көздерін барынша әртараптандыру мақсатында мұнай мен газды тасымалдаудың құбыр жүйелеріне бірдей қолжетімділік болады.
Еліміз үшін мемлекеттік қорғаныс тапсырысының ресейлік рыногына жол ашылуы да маңызды.
Біз Беларусь Республикасының инвестициялық тартымдылығын жақсартуға (нашарлатуға емес), соның ішінде шетел инвесторларына қолданыстағы жеңілдіктерді сақтауға және басқа жағдайларға үміт артып отырмыз.
– Сіздің бір сұхбатыңызды Интернеттен оқып, мына бір сөздеріңізді жазып алдым. «Тарихи ауқым тұрғысынан алғанда еуразиялық экономикалық интеграцияның қарқыны шынында да, қайран қалдырады: «үштіктің» елдері Кеден одағынан Біртұтас экономикалық кеңістікке дейінгі жолды бірнеше жылдың ішінде жүріп өтті – біздің еуропалық әріптестеріміз мұндай жолға ондаған жылдарын жоғалтқан еді», деп айтыпсыз. Бұған қалай қол жетті?
– ТМД елдерінің экономикалық әлеуетінің негізгі бөлігі Беларусь Республикасының, Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының үлесіне тиеді. Бұл елдердің аумағы оған кіретін мемлекеттердің негізгі сұраныстарын іс жүзінде толық қамтамасыз ете алатын аса зор табиғат ресурстарына бай.
Экономикалық интеграцияның қарқыны расында да өте жылдам. Бәрі де – экономикалық интеграцияның алғашқы кезеңінің – Еркін сауда аймағының аясында жүргізілген жұмыс та, Беларусь Республикасы мен Ресей Федерациясының Одақтық мемлекет шеңберіндегі интеграциясы да, сондай-ақ, ЕурАзЭҚ аясындағы жұмыс та, құру барысында Біртұтас экономикалық кеңістіктің шарттық-құқықтық арқауын қалыптастырған келісімдердің тұтас дестесін дайындау ісі қатар жүрген Кеден одағы ішіндегі өзара іс-қимыл да осыған жәрдемдесіп тұрды. Мұның бәріне үш мемлекеттің барлық мемлекеттік басқару органдары мен шаруашылық жүргізу субъектілерінің бұрынғыдан анағұрлым терең интеграция мәселесінде үйлесімді жұмыс істеуі көп көмектесті.
Қазіргі таңда Беларусь, Қазақстан мен Ресей бірлесудің едәуір елеулі кезеңіне – Еуразиялық экономикалық одақты құруға тақау тұр. Үш елдің президенттері Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістікте қол жеткен шарттардың негізінде 2015 жылдың 1 қаңтарынан Еуразиялық экономикалық одақ құру үшін 2014 жылдың 1 мамырына дейін Еуразиялық экономикалық комиссиямен бірлесіп Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың жобасын дайындау жұмысын аяқтауды тапсырды, біз сол жұмысты атқарып шықтық.
Бұл үшін ЕурАзЭҚ-тың, Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістіктің нормалық-құқықтық арқауын құрайтын халықаралық шарттарды кодификациялау жұмысы жүргізілді.
Шарт жобасы құрылымдық тұрғыдан екі бөліктен тұрады. Институттық бөлімінде құрылатын халықаралық ұйымның арқаулық мәселелері анықталады, ал функциялық бөлімінде экономикалық қарым-қатынастардың салалық реттелуі тиянақталады.
Шарттың жобасында экономиканың энергетика, көлік, өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен сияқты салалары, сондай-ақ, реттеудің кедендік реттеу, техникалық реттеу, санитарлық, ветеринарлық-санитарлық және карантиндік фитосанитарлық шаралар, тұтынушылар құқықтарын қорғау, макроэкономикалық саясат, валюта саясаты, қызметтер мен инвестицияларды саудалау, қаржы рыноктарын реттеу, салықтар мен салық салу, бәсекелестік саясаты, табиғи монополиялар, мемлекеттік және муниципалдық қажеттіліктер үшін сатып алу сияқты салалары қамтылған.
– Осыдан бір айдай бұрын мен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Б.Ә.Сағынтаевтан сұхбат алған едім (айтқандай, таяу күндерде сұхбат беруге Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының бірінші орынбасары Игорь Иванович Шувалов та келісіп отыр), әңгіме барысында шарт жобасының көлемі 700 беттен астам екенін білдім. Бұл, әрине, өте егжей-тегжейлі, кең ауқымды жұмыс. Құжатта белорус тарапының ұстанымы қандай көрініс тапқан? Беларусь қандай жайларды, әсіресе, қатты қорғап еді?
– Жаңа айтып өткенімдей, Беларусь Республикасы үшін Еуразиялық экономикалық одақты толық ауқымды Кеден одағын құрудың негізінде алып тастау және шектеулерсіз құру қағидатты жай.
Беларусь тарапының стратегиясын қалыптастырудың негізі болып табылатын сөзсіз қағидаттар – тараптардың тең құқықтылығы, Беларусь Республикасының егемендігі мен Конституциясын құрметтеу, қабылданатын шешімдердің экономикалық негізділігі, бұрын қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылуы, Беларусь Республикасы саясатының көп векторлығының сақталуы.
– Кеден одағы – Біртұтас экономикалық кеңістік интеграциялық жобасының 2015 жылға қарай Еуразиялық экономикалық одаққа айналатындығына байланысты Ресей-Беларусь мемлекеттік құрылымының болашағы ерекше маңызға ие деген пікірмен келіспеу мүмкін емес. Артық айтсам айып етпеңіз, бірақ бізге сырттан қарағанда Одақтық мемлекетті дамытуға деген үміт онша ақталмаған сияқты көрінеді. Осы орайда, мені мынандай сұрақ қызықтырады: Еуразиялық экономикалық одақ Беларусь пен Ресейдің Одақтық мемлекетін алмастыра ма?
– Бұл сұраққа менің жауабым қысқа: жоқ, алмастырмайды. Неге? Неге десеңіз, бұдан арғы интеграция үш елдің мүмкіндігі мен ниетіне байланысты құрылады, елдердің біреуі қандай да бір мәселелер бойынша одан әрі ықпалдасуға дайын болмайтын жағдай да туындауы мүмкін. Оған қоса ынтымақтастықтың сауда-экономикалық, инвестициялық және басқа да түрлеріндегі екіжақты мәселелердің көкейкестілігі сақталатын болады. Бұл орайда, Одақтық мемлекет өзінің көкейкестілігін сақтайды және алдағы кезде де екіжақты мәселелерді шешудің алаңқайы ретінде қала береді дегенді атап айтқым келеді.
– Сұхбат бергеніңіз үшін рахмет.
Сұхбаттасқан
Сауытбек АБДРАХМАНОВ.