26 Мамыр, 2010

САБАҚ

670 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
Өмірде не болмайды, бәрі болады. Алайда, соның бәрін бір ғана күйбең тіршілік тауқыметінің салдарына жатқызып, жабулы күйінде қалдыра беру шындықты да бүркемелей беру емес пе. Кез келген адам үшін қандай да бір амал қылар алдында жағдайды жан-жақты саралай білу артық етпейді. Бұл өткен істен қорытынды шығарып, кейінгілерге сабақ болу үшін қажет. Біздің әңгімелегелі отырған кейіпкеріміз тап қазіргі күйге түспес еді-ау, егер алдын ала заң талаптарымен ғана әрекет ете білгенде дейміз. Бірақ, Әдетов Семей қаласындағы үйін сатпақшы болғанда алдымен алушы адамның табылғанына қуанған. Себебі, расы керек о жақта үйді сату және оны жергілікті жердің бағасына сәйкес өткізу жартылай бақыт еді. Сондықтан ол бастапқыда екеуара ауызша байласқан уәде үрдісінен табылатындықтарына кәдімгідей сенген. Сөйтіп, Әдетов аталған үйін сататын болып Болатов дегенмен келіседі. Бастапқы баға 10 мың АҚШ долларын құрайды. Әдетов үйдің бар құжатын көр­сетеді. Бірақ оны сатар алдында жа­ңалайтындығын яғни қайсібірін қайта толтыратындығын айтады. Әри­не, құ­жат­тарды ауыстыру бір-екі күнде біте қоя­тын шаруа емес, оған біраз шап­қы­лау қажет. Сондықтан да құжат­тар­ды жаңалау секілді созылмалы ша­руа­ларды Болатов өз мойнына алады. Со­ның өтеуі ретінде бастапқы белгі­ленген баға 10 мыңнан 7 мың АҚШ дол­ла­ры­на кемиді. Әдетов үшін ең бастысы үйін тезірек сату. Өзі де, әйелі де бұл кез­де Астанадан қызмет тауып, тым тәу­ір жұмыс істеп жатқан. Оның елор­даға отбасымен түгел ауысқанын және оған қазір үйін тезірек өткізу қа­жет­тігін, сондықтан астанадан жаңа пәтер алу үшін де қаражат іздеп жан­та­ласып жүргенін Болатов жақсы түсінеді. Осыған сәйкес Болатовтың да өз көздегені болатын. Әдетов Семей қаласынан Астанаға қоныс аударып жатса, ол өзі алыс бір ауылдан Семей қаласына көшіп жатқан еді. Оған да баспана керек. Ал ақшаң болмаса үйді кім сата қоймақ. Ертең тауып берем дегенге ешкім келісе қоймайды. Тіпті пәтер жалдап тұру үшін де алдын ала төлеп қоймаса, жан баласы босаға аттатпайды. Міне, осындай қысылтаяң шақта оған іздегенге сұраған дегендей, Әдетов кезіге қалады. Болатов әзірге 250 мың теңгені кепілақы ретінде ала тұр, тамыз айында қалған ақшаны қолыңа судыратып санап беремін дейді. Бұл кез сәуір айының ортасы болатын. Тамыз айына дейін үйдің құжаттарын тап-тұйнақтай қылып дайындап қоятындығын, тек ол үшін сенімхат керектігін майдалап жеткізеді. Астанаға жұмысқа орналасқан Әдетов бұл шаруаны егер сатып алушы орын­дай алса және тамыз айында қалған ақшасын қолына тұтастай салатын болса, әрлі-берлі шапқылағаннан гөрі осы амал тиімді емес пе деп ойлайды. Сол ойының дұрыстығына және бек сенеді. Сөйтіп, екі отағасы өзара келіскен соң ұрыста тұрыс бар ма деп нотариусқа барып, сатып алушыға үйдің барлық құжаттарын дайындауға толықтай сенім артатындығын білдіріп заңды түрде сенімхат дайындайды. Амал не, тап осы арада Әдетов өзі­нің түзелмес қателік жібергелі тұр­ға­нын сезбейді. Мұнымен қоса ол бәрібір сататын болғандықтан Болатовқа үйге көшіп келіп, кіре беруіне рұқсат етеді. Әбүйір болғанда, ол сол күні әлгі се­нім­­хатты сатып алушының қолына ұс­та­та қоймайды. Неге екені белгісіз қа­бырғасымен кеңескісі келетіндігін ай­та­ды. Ал әйелі жағдайды саралап жі­береді де, егер он мыңнан төмендетіп, жеті мың долларға сататын болып келіскен екенбіз, сол тамыз айында қал­ған ақ­шаны санап алған кезде ғана сенім­хатты беру қажет деп ақыл қо­са­ды. Бәрі амал жоқ, осы негізге тоқтайды. Сонан тамыз айы да келіп жетеді. Астанадан Әдетов Семейдегі үйінде тұрып жатқан сатып алушыға телефон соғады. Баяғы қалған ақша дайын ба, бар болса барайық, әйтпесе бос жүріске салынбайық дейді. Оған Болатов ақша табылғанын айтады. Бірақ Әдетов сонау алыстан жұмысынан сұранып же­тіп келгенде маңдайы тасқа ұрылған­дай болады. Болатов оларға 700 000 орнына 70 мың теңгені ұсынып тұр. Бары осы, несие ала алмай нанға ақша таба алмай отырмыз дейді. Әрине, бұ­дан кейін Әдетов те күдіктене бас­тайды. Егер бұлар ішер асқа жарымай отырса, пәленбай мың доллар тұратын үйді қай ақшасына сатып алмақ? Ал Болатов екеуі адамша келіскендігін, қалайда осы үйді сатып алатындығын айтып жалықпайды. Сонан о баста қол алысып, уәде беріп келіскендіктен Әде­тов те сол сөзінен тая алмайды. Бо­ла­тов тағы да біраз уақытқа мұрша бер, несие алып қарызымды өтеймін дейді. Астанада төрт баласымен пәтер жалдап тұрып жатқан Әдетовті қарызы қысып барады. Соны ойлаған ол Болатовтан қалған ақшаны келесі жылдың сәуір айына дейін қалайда толықтай беремін деген қолхат жаздырып алады. Әне-міне дегенше сәуір де келеді. Екі қаланың арасында байланыс жақсы. Астанадан Семейге бірнеше сағатта жеңіл көлікпен зыр етіп жетіп баруға болады. Одан тәуірі алдын ала хабар алысып тұруға телефон байланысы тіп­тен жақсы. Әсіресе, шұғыл түрде табан астында тікелей тіл қатысуға ұялы теле­фонның мүмкіндігі зор. Міне, осын­дай алыстан жылдам хабар алдыратын техника құдыретіне сенім артқан Әдетов ақша дайын болды деген жақсы хабарды асыға күтеді. Оның Семей қаласындағы туыстары мен көршілері де ақша дайын деген қуанышты сөзді естісе сүйінші сұрап бірінші болып жет­кізуге дайын жүрген еді. Бірақ со­лар­дың бірде біріне Болатов ақша жи­налды, төлеуге мүмкіндігім туды деп айтпайды. Өйткені, ақшасы болмаған соң айта алмайды. Сондықтан Әдетов қолхатта көрсетілген мерзім күні қала­аралық телефонмен өзі сөйлеседі. Бо­латов төленетін ақша мөлшері толық­тай жиналмағанын айтады. Менімен хабарласпады деп айтпасың деген оймен Әдетов қалааралық теле­фонмен қай айда, қай күні сөйлескенін айғақ­тайтын түбіртектерді алып қояды. Со­нан бұл оған тағы бір ай мұрсат беріп, отбасымен мамыр айында жетіп келеді. Ондағасы не қалған ақшаны алу, не үйді басқа біреуге сатуды қарастыру. Келсе Болатов 150 мың ғана бар дейді. Содан арада аз-кем ашу туындап, арты әйелдердің ұрысына айналады. Дегенмен, Болатов тағы бір жыл уақыт беруін сұрайды. Қаншаға бағаласаңыз да қыруар несие алысымен бәрін, яғни тұрған пәтерақыны да төлеймін дейді. Әдетов оның шын қиналып тұрғанын көріп, екінің бірінің басына түсер іс қой, осындайда адамшылық таныт­па­сам адамдығым қайсы деп ақыры бұл өтінішке де келіседі. Сөйтіп, не керек төленетін ақша дауы үшінші жылға ұла­сады. Әдетов оған тұрған уақыты үшін міндетті түрде пәтерақы тө­лейтін­діктерін және үйдің құжаттарын өзі жаңалауға кірісетіндігін, өйткені одан әрі күте алмайтындығын, сон­дық­тан бір жылдан кейін бұл тағы ақшам жоқ десе онда, басқа алушы іздеуіне тура келетіндігін түсіндіреді. Әдетов өзге шаруаның бәрін жиып қойып, үйдің ішінара құжаттарын жаңалауға кіріседі. Жылжымайтын мүлік орталығынан қыркүйек айында тиісті адамдар келіп, жер теліміне қайта өлшеу жүргізетіндігін сатып алушыға айтады. Сонымен жағдайды біршама реттеген соң ол Астанадағы жұмысына қайтып оралады. Алайда, ол қыркүйек айында өзінің тағы да бір қателік жі­бер­генін анық біледі. Болатов жыл­жы­майтын мүлік орталығының қыз­мет­керлерін үйді сатып алған соң құ­жат­тарды өзім реттеймін деп маңына жо­латпай қояды. Телефонмен мән-жайды естіген Әдетов енді бұған да көнеді. Бұлар соңғы мерзім деп уағда­лас­қан, күте күте сарғайған үшінші жыл­дың да сәуір айы келіп жетеді. Әдетов Семейге алақанын қасып, болса үйдің қалған ақшасын қалтаға басамын, болмаса пәтер ақыны санап аламын деп алқына келеді. Міне, қызықтың көкесі түйе сойғанда дегендей, оның алдынан үш жылдың нәтижесі енді біртіндеп көріне бастайды. Сатып алушылардың бет-пердесі сыпырылып түседі. Болатов оған үйіңді алмаймыз, келіскен былтырғы сәуір айында уақы­тылы келмедің, сонан ақшаны сақтай алмай қалдық. Енді сенің үйіңді алатын ақшамыз жоқ, дейді. Амалы құрыған Әдетов, жарайды онда үйімді тезірек босатыңыздар дейді. Аналар болар іс болды бір, екі күнге мұрсат бер, пана­лайтын саяжай болса да тау­ып алайық деп тағы өтініш жасайды. Мен елордаға жұмысыма қайтамын, сондықтан екі, үш күннен соң үйіме шешем кіреді, деп Әдетов Болатовтың сөзіне тағы да сеніп Астанаға қайтып оралады. Әдетовтің анасы екі күн өткен соң қол жүгін көтеріп үйге барады. Үйінің сырты өзгеріп кетіпті, құрылыс жұ­мысы басталайын деп жатқан секілді. Мұның келгеніне Болатовтар таңғала қарайды. Сөйтсе, бұл үй Әдетовтің, яғни мұның баласының атына тіркел­мепті. Бір сөзбен айтқанда, Өскемен қалалық әділет департаментінің анық­тамасы бойынша аталған үй жылжы­майтын мүлік орталығында тіркеуде жоқ, ал оның иесімін деп жүрген Әде­тов екі жылдан бері жасырынып, іздеуде жүрген алаяқ көрінеді. Мұны естігенде жасы жетпіске келген әжей талып қала жаздайды. О тоба, мұндай да сұмдық болады екен деп жүрегін ұстайды. Болатовтың қасындағы адамдар есікке құлып салады. Егер осы құлып бұзылса, онда миллиондаған доллар ұрланды деп айып тағамыз да, жауып тастаймыз деп ақ жаулықты әжейдің тіптен зәре-құтын ұшырады. Мұны естіген Әдетов елордадан екі өкпесін ұстап, қайта ұшып жетеді. Келсе анасы, бастан пәле садақа, үйге жоламаңдар, атып тастайды деп жылап отыр. Е, қалай атады? – дейді бұл түк­ке түсінбей. Солай, атады да тастайды, бұл үй енді сенің атыңда емес екен, аналардың қолдарында мөр басылған қағаздары бар, – дейді анасы ұлын шатақтан аулақ болсын дегендей сендіре сөйлеп. Сөйтсе, көпті көрген әжей қателеспепті. Болатов құзырлы органда істейтін туысқандарымен бірге жыл­жымайтын мүлік орталығын жаға­лапты. Содан қолдарына бір ілік табу мақсатымен Семей қалалық әділет бас­қармасына өзі сатып алмақшы болып тұрып жатқан үй көшесінің әдейі бұрынғы ескі атауын көрсетіп “Асанов көшесіндегі үй Әдетов атына тіркелген бе? Қандай құқықтық анықтаушы құжаттар негізінде?” деген сұрау сал­ған. Ондағылар тізімді қарап жібереді де, “тіркелмеген” деп жауап қайта­ра­ды. Е, ендеше үй ешкімнің меншігінде емес екен, оны өз атыма құжаттаймын деп әлгі қағазды жалау еткен Болатов атқа қонады. Мұның ақ-қарасын ан­ықтау үшін Әдетов Әділет министрлігі тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитетіне жүгінеді. Олар мәселені мұқият қарап жібереді де, Семей қаласы әкімінің 1993 жылғы тамыздағы шешімімен Калинин кө­ше­сі Асанов атына, ал ол кейін Қа­на­тай­ұлы атына ауыстырылғандығын анық­тап береді. Міне, осыған байланысты Семей қалалық әділет басқармасы тіркелмеген деген анықтама берген екен. Бұған қоса Әдетов Асанов көше­сі­нің Қанатайұлы көшесі болып өз­гертілуіне байланысты үйі мемлекеттік тіркеуде қалғандығын білу үшін жол­да­ған хатына көрсетілген мекен-жай бұ­рынғы күйінше оның өз атына тіркеліп тұрғандығын растаған анықтама алады. Бірақ, ол істің анық-қанығына жет­кенше Болатов “аталған үй ешкімнің атына тіркелмеген” деген жалған қа­ғазды жалаулатып, сотқа арыз да беріп үлгереді. Ол қалайда осы үйді басып қалудың амалын іздейді. Әдетов болса елордада пәтер жалдап тұрғанда Семей қаласындағы сатылатын үйінің ақша­сы­на сенген еді. Сондықтан ол бар тап­­­қанын пәтерақы мен тамаққа жұм­сап, тақыл-тұқыл жүрген. Басы артық қаржысы жоқ. Мұны Болатов жақсы білді. Міне осы кезде Әдетовтен о баста алған кепілақыны қайтар десе, табан астында қайтара алмасы анық. Ал қай­тара алмаса Болатов үйден шықпайды. Бұл үшін не істеу керек? Оның жолы біреу: Әдетов үйді сатам деген уәдесінде тұрмады, сондықтан Азаматтық кодекс­тің 388-бабының 2-бөлімі бойынша кепілақы алған яғни міндетін орын­дамаған жауапты жақ оны екі есе етіп қайтаруға тиіс. Заң бойынша солай. Тек бұған соттың көзін жеткізе білу қажет. Ол үшін қалған ақшаны тұтас беру туралы уәделескен күні Әдетов келмей қалды, өйткені, жалпы үйлердің бағасы көтеріліп жатқандықтан, ол бастапқы уәдесінен тайқып, алаяқтыққа салынып қымбатқа сатуды ойлады десе жетіп жатыр. Бұған негіз бар. Әдетов үй алушы бір емес, екі емес бірнеше мәр­те ақшам жоқ, кейін берем дей бер­ген соң, ашумен үйді онда өзге бі­реу­ге қымбатқа сататындығын да ай­тып қалғаны бар. Сот процесі кезінде де оны жасырған жоқ. Міне, сот та осы­ны негізге алды. Астанадан Се­мейге телефон арқылы хабарласқаның дұрыс емес, осында болуың керек еді деді. Бұл елордада қызмет істеп жүр­генін, Болатов қолына ақша түскенін айтса, сол мезетте жетіп келуі үшін хабарласып тұрғанын түсіндіргенімен судья оны дұрыстыққа санамады. Сөйтіп, Әдетовке үйіңді сатып аламын деп онда үш жылдай уақыт тегін тұр­ған Болатовқа о баста берген ке­піл­ақысын түрлі қосымшалармен екі есе қылып төлейтін қауіп төнеді. Ондай ақшаны бұл қазір жерден қазса да таба алмайды. Бір-ақ жол бар, үйін Бола­тов­қа қалдырып, құтылуы қажет. Әйт­песе, бәрібір тартып алады, өйткені сот Болатовтың сөзін сөйлеп отыр. Содан амал жоқ, байтал түгіл бас қайғы дегендей, бастан үй садақа деп бала-шағасын ертіп, пәтер іздеп тентіреп кетуі керек секілді. Жағдайдың мүлде басқаша сипат алғанын енді анық түсінген Әдетов жанталаса жүгіріп, Болатовтың қолында толық төлейтін­дей үйдің ақшасы болмағандығын дә­лелдеуге кіріседі. Болатовтың төлейтін ақшасы болмағандығын, болса бар мәселе баяғыда ың-шыңсыз шешімін табатындығын айтады. Оны әупірімдеп дәлелдейді де. Соның арқасында ғана Әдетов сот шешімі бойынша алған кепілақыны ғана және арызданушыға, сотқа, қорғаушыға кеткен шығын­дар­ды барлығы 300 мың теңге қайтаратын болды. Бірақ бәрібір онда мұндай кө­лемде ақша жоқ еді. Соны білген Бо­латов ақшамды тұтастай төлегенде ғана үйді босатамын деп мұны жолатпайды. Амал жоқ, енді Әдетов бар шаруаны тастап, үйден айырылып қалмай тұр­ғанда деп сотқа өзі шағымданады, өз үйін босатып беруді сұрайды. Бір сот қар­сы шықса, екінші сот оның бұл та­ла­бын орындайды. Содан қайран ме­нің өз үйім деп келіп босағадан аттай бере тізесі бүгіліп отыра кетеді. Қақпа да, шарбақ та жоқ. Үй дегені сыртқы төрт қабырғасы ғана қалқиған тоқал там, шатыры жоқ. Еден тақтайлары тұтас сыпырылып алынған. Терезелер жақтауларымен жоқ, тек сыртына клен­ка керіліп қағылған. О, тоба, мұндай да болады екен деп жүрегін ұстайды. Иә, өмірде бәрі болады, соның ішінде осындай да жағдай болатындығын біліп жүру артық етпейді. Басқаларға сабақ болсын деп баяндап отырмыз мұны, ағайын. Сақ болайық. Құрғақ сөзге сенбейік. Өмірге сергек қарайық. Немқұрайды болмайық. Александр ТАСБОЛАТОВ.