
Қазақтанудың ең жоғары сатысы ұлттық идеяны табумен өрнектеледі. Егер ұлттық идеяның мәні – ұлттың тағдыр анықтағыш тілегі, ниеті, оны ілгері қадам басуға жұмылдырушы фактор, күн тәртібіндегі басты мәселені шешуге бағышталған мазмұнды әрі кесек ой десек, осылардың жиынтық формуласы М.Дулатұлы дәйектеген «Оян, қазақ!» тұғырнамасында жатыр. Бұл ұран емес, Міржақыптың өлеңдер жинағы да емес. Халық қасіретін, замана келбетін дәлме-дәл айқындаған сәуегейлік. Шынында да, екі ғасырға жуық созылған отарлау, қорлық пен зорлық халықтың дүниетанымына, мінезіне, өмір салтына, шаруашылығына орасан зор нұқсан келтіріп, еңсесін түсірген еді, алды-артын бағамдау қасиеттерінен айыра бастаған-тын.
«Оян, қазақтан!» өзгеше жаңа ұлттық идеяны дәйектеу 1917 жылғы Ақпан төңкерісі жеңісімен шешімін тапты. Монархияның құлауы ішкі Ресейдегі тәрізді Атырау мен Алтайдың, Жетісу мен Омбының арасын теңіздей толқытқан еді. Осының өзі «Оян, қазақ!» идеясының пәрменділігін және бір айғақтағаны өз алдына, жаңа саяси күштердің күрес сахнасына шығуына түрткі болды. Кемел ұлттық идеяны табу жолындағы доданың алдыңғы шебінде Уақытша үкімет жақтастары, Кеңестерді қолдаушылар, панисламистер, пантүрікшілер, әрине, Алаш қозғалысы белсенділері жүрді. Әрқайсысы өз нұсқасын дәйектеп ұсынды. Дегенмен интеллектуалдық ізденістердің шырқау биігі бірінші жалпықазақ съезінде ұсынылған «Қазақ автономиясы» идеясы екені сөзсіз. Осылайша, ұлттық идеяны кемеңгерлікпен түзу Алаш қозғалысын аспандатты, дұрыс ұлттық идеяға табан тіреген Алаш зиялылары мен оқығандары қазақ қоғамы тарихының жаңа белесін ашты.
Кеңестiк Қазақстандағы ұлттық идеяның тарихы мен тағдырын бiр ауыз сөзбен шиырып айтар болсақ, ол – ұлтжанды тұлғалардың қасiретi мен қуғын-сүргiнге ұшырағаны, кешегi әралуан ұлттық идеяны әу бастағы тартымды мән-мағынасынан жұрдай болған утопиялық социалистiк идеяның алмастырғаны, ол – өз елiндегi, өз жерiндегi біраз қазақтың күшпен таңылған саяси-идеологиялық тапшыл ұрандар мен адасулар әсерiнен қазақтан жатсынуға бет түзегенi. Ұлтын сүйген, социалистiк эксперименттерден қара бұлттай төнiп келе жатқан апаттың сұмдығын қапысыз ұғынған рухы биiк ақын-жазушылар, ғалымдар, жекелеген тұлғалар туған халқының тiлi, дiнi, мәдениетi, жерi үшiн отқа күйiп, суға түскенімен, қылышынан қан тамған тоталитарлық жүйе Қазақстанда тiлге жеңiл, жүрекке жылы ұлттық идеяны түзуге де, халыққа ұсынуға да жеткiзбедi, көктей солдырды. 20-30-жылдары Алаш зиялылары құрбандыққа шалынғаннан кейiн ұлттық идеяны табу бағытындағы талпынысты «ЕСЕП» партиясының, «Жас тұлпар» қозғалысының дүниеге келгенiнен, «Қазақ әдебиетi», «Зерде» газет-журналдарындағы ұлт тарихы, тiлi, мәдени мұрасы жайлы жарияланымдардан, Ш.Смаханұлының қазақ мектептерiн ашуға жанталасынан, 1979 жылғы Целиноград, 1986 жылғы Алматы оқиғаларынан көргенiмiз ләзiм. Әйткенмен, бағыт – мақсатқа тура жеткiзетiн даңғыл жол емес. Кеңестік 70 жылдың ішінде қисапсыз қасiреттi басынан өткiзген, демографиялық азшылықтың әсерінен ұлттық болмыс-бітімінен ажырай жаздаған біздің ел тәуелсiздiктiң табалдырығынан кемел ұлттық идеясыз аттай салды.
Ойы онға, санасы санға бөлiнiп отырған қазаққа ортақ ұлттық идеяны таба қою оңай мiндет емес. Ал қажеттiгiн отансүйгiш рухтағы әрбiр қазақстандық азамат сезiнiп отырғаны айдай ақиқат. «Армансыз адам қанатсыз құспен тең», дейдi халқымыз. Бір кездері орнымен көтерілген «Мәңгілік ел» тұжырымдамасы бәсеңдей бастаған секілді. Ұлттық идеясыз қала берсек, қанатсыз ұлтқа айналарымыз сөзсiз. Ұлттық идеяны таппайынша елде жүрiп жатқан реформалар қарын тойдырудың ғана мiндетiн атқарып шығатындай көрiнедi. Ұлттық идеясы жоқ Қазақстанда өмiр сүру қазақтан басқаның бәрiне майдай жағатын шығар, бiрақ түптiң түбiнде өкiнiште қалатыны қазақтар. Өзiн-өзi жарылқамағанды басқалар ұшпаққа шығарады деудiң еш қисыны жоқ. Көлдей жайылып келе жатқан жаhанданудың табанында жаншылып қалмау үшiн де ұлттық идеяның өзектiгi мен қажеттiгi күн санап артып келедi. Демек қарап отыруға болмайды.
Алдымен бiзге қажет ұлттық идеяға қойылатын талаптарды пысықтап алу керек. Бiрiншiден, ол идея Ата Заңымызға қайшы келмеуге тиiс. Яғни нәсiлдiк, ұлттық, дiни, гендерлік кемсiту немесе дәрiптеуден алыс тұрғаны абзал. Екiншiден, ұлттық идея Қазақстанның атын анықтап отырған қазақ халқының мұратын ұлықтаумен қоса, басқа диаспоралардың тарихи, дәстүрлi, этностық ерекшелігіне, ар-намысына тимейтiнi былай тұрсын, қайта соған қуат беретiн факторға айналуын қамтамасыз ететiн болсын. Үшiншiден, ұлттық идеяның хронологиялық бастапқы сәтi белгiлi болғанмен, бүгiн де, ертең де шексiз жүзеге аса беретiнiн баса көрсеткенi жөн. Елдiң iшiндегi, жер-жаhандағы нақты ахуалға байланысты оның көздегенi өзгерiп, нақтыланып отыратыны айтпаса да түсiнiктi жайт. Мәселен, қазiрдiң өзiнде тарихи Отанында отырған қазақтар мен диаспора санатында шетте жүрген қазақтардың ұлттық мұраты бiрдей дей алмаймыз. Бiрiншiлерi үшiн Қазақстанның бүгiнi мен ертеңi басты мәселе болса, екiншiлерi жүрген ортасында қазақ болып қалу қамын көбiрек жейдi. Уақыт өткен сайын ұлт мұратындағы осынау айырмашылық ұлғаймаса, қабыспайтыны ақиқат. Қытайдағы қазақтардың кейiнгi толқыны қытайланып, Түркиядағылар түрiктенiп бара жақаны белгiлi. Мың өлiп, мың тiрiлумен азаттыққа жеткен қазақтың тағдыранықтағыш ұлттық идеясы Қазақстанда ғана өз жемiсiн бере алады. Табиғи-тарихи даму жолдарын әлдеқашан тапқан, iшкенi – алдында, iшпегенi артында жуан ата елдер үшiн ұлттық идея көп қажеттiлiктiң бiрi болса, ендi есiн жия бастаған қазақтарға, Қазақстанға ұлттық идеяны ұстану бұлжымас заңдылық деп пайымдаймыз. Тап осы заңдылықты сақтамағандықтан да елде тiлге, дiнге, БАҚ-қа байланысты дау-дамайлардың басы қайтпай тұрғанын мойындауымыз керек.
Идея алғашқыда болжам, ой, жоспар түрiнде дүниеге келедi. Уақыт үдесiнен шыққаны жойқын күшке айналады. Бiрақ «әр кәллада бiр қиял» дегендейiн, өмiрде не көп – идея көп. Оның бәрiне тиiстi көңiл бөлiп, жақсы-жаманын ажыратып отыруға жалғыз-жарым адам емес, тұтас мемлекеттiң мұршасы келе бермейдi. Әйтпесе, фашизмге, тоталитаризмге, нәсiлшiлдiкке әкелетiн идеяларды жөргегiнде тұншықтыруға болар едi ғой. Өскелең идеялардың да жолы бiрден бола қалмайды. Араға ғасырлар салып танылатын идеялар бар. Қазақстандық ұлттық идеяның бүгiнгi әлеуетi де осы тақылеттес. Кезiнде Керей мен Жәнiбекке, Тәуке мен Абылайға күш берген ол азаттықтың 30 жылы бойы елес болып, Алтай мен Атырауды, Жетiсу мен Сарыарқаны, Түркiстан – Тұранды кезiп жүрді. Билiктiң, байлықтың қолдауынсыз елестiң бағы ашылатынына көзіміз жетті. Ал тап сол елеске лаңкестiк пиғылдағы күштер иелiк етiп кетсе, қоғамға аз қасiрет әкелмейтiнiн тарих әлденеше дәлелдеген.
Қазiргi Қазақстанда билiк пен байлық – егiз ұғым. Билiк байлыққа жол ашады, байлық билiкке жеткiзедi. Дұрысы – әрқайсының өз кеңiстiгi, өз ойын алаңы, ережесi болғаны. Келешекте бұлардың аражiгi ашылар. Сонда да айтарымыз мынау: билiк пен байлықтың қоян-қолтық астасып кетуi ат төбеліндей қауымның саяси-экономикалық эгоизмін алшаңдатып, қанаты қатаймаған демократия мен ұлттық қауіпсіздікке кесірін тигізеді. Түптің түбінде монополияны туғызбай қоймайды. Ал монополия iрiп-шiрудiң басы екенi бесенеден белгiлi. Мұның қауіпті зияны қаңтар оқиғасында бой көрсетті. Қазақстандағы билiк пен байлық иелерi ұлттық идеяға бастарын ауыртпағаны былай тұрсын, фирмаларына, кәсіпорындарына, казино-клубтарына қазақша атау беруді қимайды. Бұл аздай, билiк пен байлықтың басы-қасындағы адам факторы ұлттық, дәлiрек айтсақ, қазақтық дiлге, рухқа суарылмаған. Пассионарлық тұлғаларға зәрулiк ұлғайған мына заманда олардың арасында әдiл бәсекеде жеңiп шыққандар мейлiнше аз, көбi «бармақ басты, көз қыстымен» байлықты, билiктi еншiлегендер. Мұндайлардың ұлтжандылығы, ұлтшылдығы тiлiнiң ұшында ғана. Абайша айтсақ, өзi мал болған соң малдан басқа қызығы жоқ. Ал ендi бұған нарықтық қатынасқа көшу, әлемдiк экономикалық кеңiстiкке ену Қазақстандағы iрi буржуаны байырғы ұлт өкiлдерiнен емес, басқа этностар есебiнен қалыптастырғанын қосыңыз. Бай әрi көркем мемлекеттiк тiлдiң жұмыс iстемей тұрғаны да осыдан. Қазақ елінде мемлекеттік мәртебесін толық иеленген қазақ тiлiнсiз ұлттық идея сыңар қанатымен жер сабалаған дәрменсiз құстай. Ұлттық идеясы бұлыңғыр елдегi билiк оп-оңай қателесуге, байлық орынсыз шайқалып төгiлуге бейiм тұрады.
Ұлттық идеяның бары мен жоғын тиянақтауға жұрттан бұрын ғалымдар кiрiсiп кеттi. А.Айталы, А.Сейдiмбек, Ә.Ғали, А.Шәрiп, тағы басқа бiлiмпаздардың қаламынан туған еңбектер қоғамдық санаға игi әсер еткенi сөзсiз. Бiрақ бұл жеткiлiксiз болып шықты. «Тарих – тым жауапты iс, оны тарихшыларға сенiп тапсыруға болмайды», деген екен ағылшын саясаткерi Йан Маклеод. Ұлттық идеяның арқалап тұрған жүгi ғылыми ойтолғаумен жерден бiр елi де көтерiлмедi, қайта салмақтана түстi. Өйткенi ұлттық идеяға тап бүгiн керегi толағай сөз ғана емес, нақты iс. Ал iстiң жүзеге асуы үшiн саяси-мемлекеттiк шешiм қажет. 1991-2022 жылдар тәжірибесінен ұққанымыз: ұлттық идеяны анықтауға Президент, Парламент, Үкiмет ресми түрде араласқанда ғана оң нәтижеден үмiттенуге болады. Ашық та жария мемлекеттiк қолдаусыз ұлттық идеяның тамырына қан жүгiрмейдi. Сонда ғана бұл iстен зиялы қауым, саяси партиялар, қоғамдық бiрлестiктер, үкiметтiк емес ұйымдар, БАҚ тыс қалмай, қоғамдық санадағы бүгiнгi самарқаулық жойылар едi.
Кейбiр әрiптестерiмiздiң уәжiне құлақ қойсақ, ұлттық идея мәселесiн iс жүзiнде шешуге Ата Заңымыздың тиісті бабындағы идеологиялық плюрализмдi қуаттаған талап кесе-көлденең тұратын тәрiздi. Шынтуайтында бұл баптың еш кедергiсi жоқ. Тек идея мен идеология арасында жер мен көктей айырмашылық жатқанын ұғына бiлсек жарады. Идеология дегенiмiз – бiрiн-бiрi толықтыратын, бiрiнен бiрi туындайтын, арасынан қыл өтпейтiн идеялардың жиынтық жүйесi. Ондай жүйенiң маркстiк-лениндiк идеология деп аталатын таптық түрi кеше ғана құрдымға кеткен. Рас, бүгiнгi Қазақстанда ресми мойындалған мемлекеттiк идеология жоқ. Бiрақ мән-мағынасы ұлттық идеядан қылаудай ажырағысыз мемлекеттiк бағдарламалары жүзеге асқанын, асып жатқанын, аса да береді деп сенеміз.
Тарих ғылымының қанаты – деректер. Ұлттық идеяның болмысы мен мәні, жаңғыруы мен болашағы да ұлан-ғайыр деректерді ғылыми айналымға қосқанда ғана дәйектеледі. Ендеше, Әділетті Қазақстан тұсында ұлттық идеяны орнықтыру мен тарихи деректерді талдауды тең ұстайтын жаңа буын мамандарды даярлауға бәріміз де жауаптымыз.
Ханкелді ӘБЖАНОВ,
ҰҒА академигі