Оңтүстік Кореяның премьер-министрі Хан Дак Су ел тарихындағы ең ауыр апаттардың бірі - Сеулдегі Хэллоуин мерекесіне қатысты оқиғаны тексеруге уәде берді. Оңтүстік Кореяда бір апталық қаралы күн жарияланды.
Шенеуніктердің хабарлауынша, бір түнде қаза тапқандар саны 154-ке жеткен. Зардап шеккендер саны әлі де өсуде, 149-ы жараланып, 33-інің жағдайы ауыр деп бағаланған. Қаза тапқандар арасында кемінде жиырма елдің азаматтары бар.
«Үкімет бұл қайғылы оқиғаның себептерін мұқият зерттеп, мұндай жағдай қайталанбауы үшін қажетті институционалдық өзгерістерді енгізу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Біз отбасылардың пікірін ескере отырып, қажетті қолдау көрсетуге бар күшімізді саламыз», деді премьер-министр Хан Дак Су.
Бүгінде құрбандарға тағзым шаралары өтіп жатыр. Оңтүстік Корея халқы Итэвон метро станциясының жанына ақ хризантемалар мен шамдарды қоюда. Маңайдағы дүкендер мен дәмханалар жабылып, полиция оқиға орнын қоршауға алған.
Оңтүстік Корея билігі хабарлағандай, ұлттық аза тұту күні жарияланды. Президент Юн Сок Ёл апат болған Итэвон аймағына барып, құрбандарға тағзым етті.
Еске салайық, 29 қазанда Сеулдің әйгілі Итэвон ауданының көшелеріне мыңдаған адам Хэллоуин мерекесін тойлауға жиналған болатын. Адам саны көп жиналған аймақта, қысылып-тұншыққаннан 150-ден астам қаза тапты.
Сеул қаласының жедел штабы мен полициясының мәліметінше, Итэвон ауданындағы қайғылы оқиғадан зардап шеккендердің арасында Қазақстан азаматы да бар.