Әдебиет • 31 Қазан, 2022

«Қалғып кетпе, қазақы қағанатым!»

166 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазіргі қазақ поэзиясының шоқтығы биік ақындарының бірі, Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың екі мәрте лауреаты Жүрсін Ерманның таңғы шықтай мөлдіреген өлеңдері ойшылдығымен, сыршылдығымен бірден баурап, оқырманды елітіп әкетеді. Оны басқа ақындардан даралап тұратын тағы бір қасиеті – шынайылығы болса керек. Ол не айтса да «жүрегінің түбіне кір жасырмай» ақтарылып жазады.

«Қалғып кетпе, қазақы қағанатым!»

Жалпы, кез келген  суреткердің болмысын оның шығармасынан жазбай танисыз. Бір қарағанда, Жүрсін ағамыз – ешкімге кеудесін бастырмайтын өр мінездің иесі. Бірақ солай бола тұра, ақынның отты жырларынан жаны­ның қылдай нәзік екендігін  сезінесіз.

Сондай бір өлеңін оқып көрейікші:

Райы баяғыдан басқа күздің,

Дәмі де айнығандай ақ сағыздың.

Шөп тартып жүруші едік сонау белден,

Жабысып арқасына қасқа өгіздің.

Құм сағыз,

Қара сағыз,

Аққан сағыз,

Зыр қағып жүгіруші ек тапқанша біз.

Қырларын Құлжанбайдың кезуші едік,

Кірпікке қарашада қатқанша мұз.

Шал қайда – күрең атты борбайлаған?

Ел қайда – сырма айдаған, арба айдаған?

Есіңе бүгін ғана бәрі түсіп,

Несіне күрсінесің, сорқайнаған!

Ұяға болушы еді торғай да алаң…

Осы бір деммен құйылып түскен жыр шумақтары адамды әрі-сәрі ойға жетелей­ді. Біресе есіңізге туған ауылыңыз, қайтып оралмас балалық шақ, әлдеқашан дүниеден озған ата-әжең түссе, енді бірде, сол ауылдың бүгінгі жүдеу бейнесін ойлап, мұңға батасыз.  Оқырманды осындай алай-түлей сезімге бөлейтін парасатты жырлар – кез келген шайырдың қаламынан тумайды.  Ақынның қышқыл мұңымен өрілген өлеңдері сіздің ішкі «меніңізбен» үндесіп тұрады.

Енді «Абайға мұң шағу» топтамасындағы «Жиырма теңге» деген өлеңіне кезек берейік:

Абай аға, мен дел-сал болып тұрмын.

Жанарыңда сенің де толып тұр мұң.

Оқулықтан көретін дидарыңды,

Енді ақшаның бетінен жолықтырдым, – дей келіп:

…Сенің құның болғанда жиырма теңге,

Менің құным көк тиын ағайынға!,

деп түйіндейді.  Ақында осындай төрт аяғын тең басқан шымыр өлеңдер өте көп.

Тағы бірде:

Даңқымды емес, тәңірім, антымды бер,

Болжамасам халімді – халқым күлер.

Кешейін қойдан қоңыр тірлігімді –

 Өзінің шамасы мен шарқын білер.

Жайдақталып кеткенмен замана тым.

Өңмендеумен шықпасын жаман атым.

Шұға жауып жатса да көктен жерге

Қалғып кетпе, қазақы қағанатым!,

деп оқырманды жалынды жырларымен жіге­рін жанып, намысын қайрай түседі.

Ұлттық поэзияның қайнарына қанып өс­кен ақын жырларында көңілді селт еткізер тосын тіркестер, бұрын-соңды айтылмаған образды оралымдар, қазақы кейіпте қона кетер бейнелі сөздер жиі кездеседі. 

Кезінде көрнекті ақын Сәкен Иманасов Ж.Ерманды  «көбікте болса көп болсын», деп болсын-болмасын, оң жамбасына келсін-келмесін, оңды-солды қалам сілтеп, төпелеп ұрып жаза беретін «ақындар» санатынан емес дей келіп:  «Әуел бастан-ақ «аз болса да саз болсын» деген қағиданы қадір тұтып, айтары болғанда ғана лықсып келген ойды ірке алмай, шірей тартқан шабытына шамасы жетпеген тұста ғана барып қолына қалам алатынға ұқсайды. Содан да оның әр өлеңі қырық күн бабымен бауырына басып шығарған қыран балапандай шымыр келеді. Көз алдындағы нұрлы бояудың өз басы, өз көңіліне лайықтысын ғана таңдап, тауып ала біледі», деп бағасын беріпті.

Тұжырып айтқанда, қазақ поэзиясын үлкен бір теңізге теңесек, соның бір арнасын Жүрсін Ерман  ойлы да мұңлы, нәзік те сезімге бай жырларымен  толтырып тұрғаны анық.