Оның көзқарасында өнер өмірдің тек бар ғажабын көрсетуі керек. Адам картинаға қарап тұрып, эстетикалық ләззат алады, іші жылып, бір сәт жақсылыққа сенеді, арманын жалғайды. Суретшінің бұл ойы ақын Серік Ақсұңқарұлының «Өмір деген Күнді айналу» деген өлеңін еріксіз есіңе түсіреді.
Ренуар қаламындағы табиғи күй оның барлық туындысында сезілетін бақыт күйі еді. Суретшінің шығармашылығынан жалыққан, шаршаған, қажыған, жауыр болған образды, яки өмірдің қоңырқай бір тұстарын кездестіру қиын. Қаз-қатар тізілген полотно ашық түстер мен күн сәулесіне толы.
Ренуарды әрқашан адамдар қызықтыратын. Сондықтан да оның кейіпкерлері, негізінен, әйелдер, балалар және раушан. Суретші олардың бейнелерінде тыныштық пен рухани еркіндік күйін беруге тырысты. Портретті де көп жазды: туған-туыс, достарының, тапсырыс берушілердің, атақты адамдардың, тіпті көшеде немесе кафеде жолыққан бейтаныс жандардың бейнесін бір көрген әсермен сала беретін. Автордың картиналарының ішінде, әсіресе «Мулен де ла Галеттегі бал», «Қайықшылардың таңғы асы», «Жанна Самаридің портреті», «Әткеншекте», «Қолшатырлар», «Шарпантье ханым балаларымен» портреті әмбеге аян.
Мәселен, Париждегі «Комеди Франсез» театрының актрисасы Жанна Самаридің портретіндегі бояулардың үйлесімі, реңктер тоғысы мен жылылықтың, жастықтың, сезімнің, күншуақтың, табиғи сұлулықтың әсері қалай шебер өрілгеніне таңғаласың. Тұрмыс құрғанға дейін Самари Фрошо көшесіндегі суретшінің студиясы жанында тұрыпты. Сонда сурет салдыруға жиі келетін. 1877 жылы Ренуар оның ең әдемі портреттерінің бірін жазды. Күлімсіреген, енді бір қарағанда, терең ойға батқан, жасыл-көк көйлектегі актриса ашық қызғылт фонда тұр. Автор оның образындағы ең әсерлі жақтарына бояуын қоюландыра түсіп, айшықтап көрсетеді. Нәзік сымбаттылық, суық ақыл, көгілдір жанардағы сәл-пәл қулық һәм нұр шашқан күлкі, үлпілдеген қызыл шаш. Суретшінің шеберлігі сол, кейіпкердің сыртқы келбетіндегі ішкі рухани өзгерістердің әрең байқалатын тұстарын да жай ғана күлімсіреуден, дымқыл көздің оттай жарқырауынан-ақ байқатады. Осы детальдар арқылы бауратады. Шын мәнінде, Жанна Самари өмірде асқан сұлу емес деседі. Ренуар актрисаның бойындағы табиғи реңктерді тереңдете көрсете отырып, портретті әйгілі еткен.
Сол Ренуар таза ақылдан шыққанның бәрін жаны сүймейтін: сандарды, теорияларды, формула, ереже, идея, қорытынды. Зиялыларды да, олар аса жоғары мәртебемен айтатын өнер туралы әңгімелерді де жақтырмайтын. Ал кездейсоқта жолыққан адамы кескіндеме туралы салиқалы әңгіме бастаса, Ренуар шыдамсызданып, кейде тіпті дөрекілік көрсетеді. Бірде ол сондай біреуге: «Кешіріңіз, мен асыл өнерден ештеңе түсінбеймін, тіпті хабарым жоқ. Мен порнографиялық жанрда жұмыс істеймін», деп шошытады.
Иә, суретші ешқашан көркемдік принциптермен шектелген емес, қалағанын өз қалауынша салды. Содан да болар, оның картиналарында ерекше бір еркіндік сезіледі.
Тігінші Леонард Ренуардың отбасындағы алтыншы бала осы Пьер Огюст болды. Кішкентай Пьер-Огюст Ренуар алғашқы суреттерін тігінші борымен үйдің еденіне салып бастады. Жас таланттың даусы да ерекше еді. Тоғыз жасында Чарльз Гуно оған опера хорында орын ұсынып, бәлки әнші болар деп ойлады. Алайда Огюст қылқаламды таңдады. Сөйтіп, 15 жасында ыдыс-аяқтарды бояп, перделерге Інжіл көріністерін салып, сұмдық ақша тапты. Әке-шешесіне үй алуға көмектесіп, шала байыды. Өнер академиясына түсу конкурсында 80-нің ішінен 68-орынды Огюст Ренуар иеленді. Сонда да ол өнер академиясымен қатар Глейрдің шеберханасында екі жыл оқыды. Ренуардың суретшілік білімі осымен аяқталды.
Оның киім бөлмесінде әрқашан үш костюм тұратын. Екеуі жолақты сұр түсті, үшіншісі кешкі фрак. Ең ескісін күнде киетін, ал екіншісі жұмысқа арналған. Екінші костюмі әбден тозып, үйкелген кезде Ренуар оны көшедегі қайыршыға береді. Яғни суретші ешқашан пальто немесе смокинг кимеген.
Ол француз-пруссия соғысында сегіз ай болды. Суретші Фредерик Василий сияқты шабуылға қатысқан жоқ және Берта Моризо, Дега мен Мане сияқты Париждің төрт айлық қоршауына түспеді. Ренуар жөндеу ротасында қызмет етті.
Суретшінің «Жаңа көпір» картинасы 1875 жылы Друо қонақүйінде өткен аукционда 300 франкке бағаланды. Бұл Ренуардың сол кездегі жақсы бағаға сатылған шығармасы еді. Ал қалған 19 картина мардымсыз тиынға – 50-ден 90 франкке дейін өтіп жатты.
Жалпы, Огюст Ренуардың аукционда сатылған ең қымбат картинасы 78 миллион тұрады. Бұл «Мулен де ла Галеттедегі бал» картинасының қысқартылған авторлық көшірмесі. 1990 жылы сатылым кезінде бұл жұмыс ең қымбат картиналар тізімінде екінші орында болды.