Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жас ұрпақтың болашағына аса мән беріп, осы жылды балаларға арнады. «Балалар – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі. Сондықтан да алдағы жылды Балалар жылы деп жариялау керек деп есептеймін. Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік шаралар туралы емес. Бірінші кезекте билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз», деген еді Президент. Осы орайда ғасырға жуық дара өнер жолында еңбек етіп, қуыршақшылардың бірнеше буынын дайындап шығарған Алматыдағы Мемлекеттік қуыршақ театры шығармашалығында дүркін-дүркін болып жатқан жетістіктерді атап өткен жөн.
Аталған ұжым жуырда қуыршақ театрларының даму тенденциялары, жаңашыл бағыттары мен заманауи ерекшеліктерін айқындау, қуыршақ театры өнерінің көркемдік-эстетикалық ізденісі арқылы театр жанрының көкжиегін кеңейту, отандық және шетелдік танымал театр қайраткерлері мен халықаралық кәсіби театр сыншыларымен өзара ынтымақтастықты нығайту мақсатында өткен республикалық және халықаралық сегіз театр фестиваліне қатысып, үздіктер додасында топ жарды.
Мәселен, қыркүйек айының 20-23 күндері аралығында Ақтөбе қаласында ұйымдастырылған VI Халықаралық «Ассалаумағалейкум» қуыршақ театрлар фестивалінде театр ұжымы М.Әуезовтің «Абай жолы» романы мен Абайдың қарасөздері негізінде ересектерге арналған «Мен бір жұмбақ адаммын... Абай» қойылымымен бақ сынап, бас жүлдемен бірге «Ересектерге арналған үздік қойылым» аталымын қанжығасына байлады.
Бұл спектакль дәстүрлі үрдістен ауытқыған жаңаша бағыт, заманауи форматтағы символикалық шешімдермен құрылып, ойшыл философиясының терең астарын өзгеше қырынан ашқанын фестивальда да дәлелдеді. Жас ұрпақтың бойына ақынның асыл мұрасын тұңғыш қуыршақ бейнесінде ұсынған спектакль режиссері Антон Зайцев тек Абай өмір сүрген кезеңді ғана емес, күллі адамзат тарихы мен тіршілігінен хабар беріп, барша ұлт табиғатын түрлі детальдар мен образдар жиынтығымен береді.
Еске салсақ, көктемде Қуыршақ театры Ақтөбе қаласында ересектерге арналған «Макбет. Иллюзия» қойылымымен V Халықаралық «balausa» эксперименталды спектакльдер фестивалінде «Үздік қойылым», «Үздік сценография» номинацияларын иеленіп, бас жүлдені жеңіп алған болатын.
Сондай-ақ 20-23 қыркүйек күндері Маңғыстауда II Халықаралық «Abish alemi» театрлар фестивалінде Қуыршақ театры кезекті мәрте топ жарып, У.Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» қойылымы үшін «Үздік режиссерлік жұмыс» аталымынан ие болды. Бұл байқауға шетелдік және отандық 9 театр ұжымы қатысқан еді.
Одан бөлек Болгария Республикасының Варна қаласында 1-7 қазан аралығында үш жылда бір рет ұйымдастырылатын беделді театр фестивальдарының бірі – XVII Халықаралық «Алтын дельфин» қуыршақ театрлар фестиваліне алматылық ұжым әлемнің 38 елінен 135 өнер мекемелері ұсынған 160 өтінім арасынан іріктеліп шықты. Болгария, Оңтүстік Корея, Италия, Қытай, Оңтүстік Африка, Түркия елдерінен барлығы 14 театр ұжымы додаға түскен байқауда театр ұжымына У.Шекспирдің классикасы «Ромео мен Джульетта» қойылымы үшін бас жүлде бұйырды.
Сонымен қатар Қуыршақ театрының талантты әртісі Шохан Құлназаров – Тибальт, Лоренцо, Капулетти, Монтекки, Бенволио рөлдері үшін «Ең үздік ер адам рөліне» ие болса, жас буын әртістер Ұлан Асанбек және Ұлпан Серік «Ең үздік дебют» номинациясымен жеңіс қоржынын толықтырды. Шырғалаңға толы махаббат, өшпенділік, сағыныш пен батылдықты заманына сай түлеткен қойылымның режиссері – Дина Жұмабай. Суретшісі – Юля Чернова, балетмейстері – Анна Цой, қуыршақтарды жасаушы шебері – Николай Проскурин.
Ал Анкара қаласында 19-25 күндері аралығында «Tempo» қуыршақ театрының ұйымдастыруымен өткен VIII Халықаралық «Анкара» қуыршақ театрлар фестивалінде Эрнест Хемингуэйдің алғаш рет қуыршақтар тілінде сөйлеген шығармасы ұсынылды. Телегей теңіздің таңғажайып сұлулығымен қатар, сұрапыл дауылы мен сұсты мінезін, өмір ішінен өлім, өлім ішінен өмір іздеген Сантьяго шал мен балық арасындағы алыс арманға ұмтылыс пен жанкешті күресті баяндайтын, адамның арманға деген адалдығы, оған жету жолындағы үзілмес үміт пен күдікке байланған тағдырын суреттейтін ересектерге арналған «Шал мен теңіз» (реж. Д.Жұмабай) қойылымы арнайы дипломды алды.
Өнер жарыстарының қорытындысы болған 25-29 қазан аралығында Көкшетау қаласында өткен IV Халықаралық «ТеART-Көкше» театр фестивалінде Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының ұжымы У.Шекспирдің «Макбет. Иллюзия» спектаклімен қатысып, Макбет образын сомдаушы Шохан Құлназаров Ақмола облыстық орыс драма театрының негізін қалаушы, белгілі режиссер, актер Яков Куклинский атындағы арнайы сыйлыққа ие болды.
Мұндай фестивальдар, ең алдымен өнерде бәсеке барын дәлелдейді. Шын талант, шын шеберлік әрқашан мойындалатыны да ақиқат. Сондай-ақ театрлар арасындағы додалар әр ұжымның деңгейін, шығармашылық әлеуетін көрсетеді. Әсіресе биылғы Балалар жылының қарсаңында қарашаңырақ Қуыршақ театрының аталған жеңістері көңіл қуантады. Балдырғандардың сүйікті театрының мәртебесі арта берсін дейміз.