Қазақстан • 02 Қараша, 2022

Алматыда сержант өзінің өліміне кінәлілерді жазалауды сұрады

217 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда екінші санаттағы сержант өз-өзіне қол жұмсаған. Бұл іске баруға себеп болған үш кісінің есімін қағаз бетіне жазып қалдырған, деп хабарлайды Egemen.kz Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап. 

Алматыда сержант өзінің өліміне кінәлілерді жазалауды сұрады

Қазан айының басында болған бұл оқиғаның зерттелмеген тұстары көп. 

Патриот және әділдік үшін күресуші. Ербол Мұсабалановты туған-туыстары мен достары дәл осылай еске алады. Өмірінің 23 жылын әскери қызметке арнаған азамат өзінің шыншылдығынан басшылыққа ұнамай қалған дейді туыстары. Бұл туралы қоштасу хатында да айтылған.

«Менің өліміме Қабақовты, Ілиясовты – тікелей оның командирі – екінші дәрежелі старшина Мәжитовті кінәлауыңызды сұраймын», деп жазған марқұм.

Басшылық тарапынан болған қысым туралы Ербол жақындарына бірнеше рет айтқан. Жетіген әскери құрылымында жұмыс істегісі келмегендіктен, үш ай бойы Алматыдағы басқа бөлімге ауыспақ болыпты. Құжаттарын жинағанымен, басшылары қол қоймаған.

«Біз Боралдайдағы кадр бөліміне қоңырау шалдық. Ол «Маған ештеңе байланысты емес, басшы қалай дейді, солай болады» деді. Құжаттарын да өткізбей қойған. Кейін өзінен сұрамай, сыртынан Серебрянскке ауысу туралы бұйрық шығарған», деді ағасы Уәлихан.

Сержант қайтыс болған күні, 6 қазанда оны аудару туралы бұйрық шығады. Жақындарының айтуынша, бұл суицидке себеп болған.

Одан бөлек, бірнеше күн бұрын Ербол Мұсабаланов үйінде әскери бөлімдегі жемқорлық туралы ақпарат сақталған қатты диск барын туыстарына айтқан. Бұл туралы алдын ала үшінші тарап та білген болуы керек, 11 қазан жақындары тергеушімен барғанда Мұсабалановтың үйіне бөгде адамдар кіріп тінтігенін аңғарған. Қатқыл диск сол күйі табылмады. 

Қазіргі таңда  екінші санаттағы сержант Ербол Мұсабалановтың өліміне қатысты ҚК 201-бабы «Өзін өзі өлтіруге дейін жеткізу» бойынша іс қозғалған.