Руханият • 02 Қараша, 2022

Әдебиеттің Талаптаны

541 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жазушы-драматург Талаптан Ахметжан тірі болса, былтыр алпыстың асқарына шығар еді. Алпыс жылдығын уақтылы атап өтуге шектеу шаралары тұсау болды. Десек те игіліктің ерте-кеші жоқ. Кеше облыстық А.Пушкин кітапханасында Талаптан Ахметжанның 60 жылдық мерейтойына орай «Таңғажайып Талаптан» атты естеліктер жинағы мен «...Ғұмырын қишы жасынның!» атты қос кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.

Әдебиеттің Талаптаны

Әдеби кешке жазушының жерлестері, туған-туыстары және жары Риза Әділбекқызы мен қызы Әйгерім қатысты. Кітапхана залында бас қосқан меймандар жазушыны еске алып, жылы естеліктер айтты. Әлбетте, сыйлы қонақтар қос кітаптың тұсауын кесті.

Салтанатты жиынға келген қонақтар Талаптанның талантына бас иіп, оның адамгершілік, кісілік келбетін әңгімеге арқау етті. Шығармашылығынан бөлек, адалдығы мен адамгершілігі, табандылығы мен азаматтығы, қарапайымдылығы мен қайырым­дылығы көпшіліктің есінде екен.

– Талаптанмен алғаш 1992 жылы дәмдес болдым. Барақ ба­тырдың 290 жылдық мерейтойы өтіп, аяғымыздан тік тұр­дық. Ауданға Қабдеш Жұма­ділов, Советқазы Ақатаев, Қа­сым Қайсенов, Оралхан Бө­кей, Талаптан Ахметжан сынды мәшһүр жазушылар келді. Сонда Талаптан Оралханның жанында жүрді. Тойды өткерген соң «Egemen Qazaqstan» газетінде істейтін жерлесіміз Айдарбек Ғазизов, Талаптан Ахметжан, Орал­хан Бөкей бар, Шірікаяққа кетіп, әрі қарай Шыңғыстай түсті. Кейін он жылдан соң, 2002 жылы Барақ батырдың 300 жылдығында ауданға тағы да он шақты жазушы келді. Сөйтсек, ол делегацияны Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Талаптан Ахметжан бас­тап келіпті. Қуандық. Білері көп азамат еді. Бұл жерде бір шын­дықты айтқым келеді. 2013 жылы республика болып Орал­хан Бөкейдің 70 жылдығын тойла­дық. Бірақ өмір бойы құлы­ным деп аңсап өткен жалғыз ұлы Айхан келмеді. Айтпағым, Әйге­рім, әкеңнің атын көтеріп жүрген саған рахмет! – деген Бақытқан Өлмесеков жазушының қызына ризашылығын білдірді.

Айта кетсек, Талаптан Ах­мет­жанның алғашқы әңгімесі облыстық «Дидар» газетінде жа­рық көрген. Ол туралы естелікпен белгілі журналист Айтмұхамбет Қасым бөлісті.

– Талаптанмен студент кезімде таныстым. Алғашқы кітабыма Та­лаптан алғысөз жазған екен. «Ал­ғашқы тырнақалды әңгімемді облыстық «Коммунизм туы», қазіргі «Дидар» газетінің редак­­циясына жасқаншақтай апар­ғанымда, Айтағаң жылы қабыл­дап еді. «Менің жазған шат­пағымды оқып шығуға уақыты жоқ шығар. Қолына дереу берем де кетем ғой» деп барғанмын. Бірақ Айтағаң бар жұмысын ысырып тастап, оқып шықты. Пікірін айтты. Жиі-жиі жазып тұруыма кеңес берді», деп жазыпты алғысөзінде. Сол кез әлі есімде. «Айқасқа» деген әңгі­месін әкелген еді. Өзі құры­лыс­шының оқуында оқиды екен. «Құдай берген дарының бар» деп ақыл айтқаным да рас. Әңгімесі газетке шықты. Кейін оқуын бітірген соң Самар жаққа кетті. Екеу­­міз хат жазысып тұрдық. Не­гізі, Талаптан мен туралы есте­лік айтуы керек еді ғой. Өкінішке қарай тағдырдың жазуы сол, – деп еске алды.

Әр жазушының өмірі мен шығармашылығын үнемі назарда ұстап, оны оқырманға жет­кізуді міндетім деп білетін кітап­ханашы әрі осы кештің жүр­гізушісі Зиза Слямова Күр­шім өңірінен шыққан ақын-жазу­шыларға тоқталып өтіп, өзекті мәселенің ұшын шығарды.

– Бүгінгі күні Күршім өңірінің табиғатын шығармаларына ар­қау етіп жүрген жазушы Ас­қар Алтай, қазақ прозасында шығар­машылық табиғаты ешкімге ұқсамайтын өзіндік өрнегімен ерекшеленетін қаламгер Тұ­рыс­бек Сәукетаев, «Қыстау Күр­шім, ойымнан шық­пай жүр­сің...» деп жырлаған фи­лология ғылымдарының докторы, мар­құм Асқар Егеубаев, Күр­шім-Марқа өңірінің жыршысы Көпен Ерқасов қай ақыннан, қай жазушыдан кем еді?! Ғылым саласында еңбек етіп жүрген азаматтарымыз бір төбе. Осылардың қай-қайсының мерейтойларын туған жерінде атап өттік?! Рас, естімедік. Олардың әрқайсысы «Күршім ауданының Құрметті азаматы» деген атқа әбден лайық. Өмірден өтіп кеткендерге көше атауын берсе де, артық емес, – деп ұсыныс-пікірін білдірді.

Өте орынды пікір дер едік. Күршімнен шыққан ұлт зия­лы­ла­рының атаусыз қалып келе жатқанын мойындамасқа амал жоқ. Бұл пікірді Күршім ауда­нының атқамінер азаматтары ескерусіз қалдырмас деп сенейік.

Әдеби кеш соңында сонау Алматыдан ат арытып келген Та­лап­тан Ахметжанның жары мен қызы Әйгерім кешті ұйым­дастырған кітапхана қызмет­керлері мен жерлестеріне алғыс­тарын жеткізді.

– Бірге 25 жыл тұрыппыз. Артында үш қызы, бір ұлы қал­ды. Әуелде Әкім Тарази шығар­масына жоғары баға берді. Сон­да «Таразиды таңғалдырған Талап­тан» деп мақала шықты. Үнемі Оралхан Бөкей, Қалихан Ысқақ, Дидахмет Әшімханұлы ағаларына риза болып отыратын. Есімде, «Айналайын Талаптан, қабырғаң қара жерге тигенше талаптан!» деп Оралхан Бөкей кітабына қолтаңба қойып берген. Сол сөзі қанаттандырды ма, өмірінің со­ңына дейін жазушылығына адал болды. Атын өшірмей, шы­ғар­­­маларын насихаттап жат­қан кітапхана ұжымына рахмет, – деді жазушының жары.

 

Шығыс Қазақстан облысы