Экономика • 03 Қараша, 2022

Кәсіпкерлерге көмек

513 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елімізде кәсіпкерлікті дамыту үшін мемлекет тарапынан жүйелі жәрдем жасалып келеді. Кәсіпкерлікті қолдаудың танымал бағдар­ламаларының бірі – 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық кәсіп­кер­лікті дамыту жобасы, оның аясында «Даму» қоры кәсіпкерлерге қол­дау­дың екі түрі – субсидиялау және кепілдік беру көмегі ұсынылады.

Кәсіпкерлерге көмек

«Даму» қорының Батыс Қазақстан облыстық филиалы 2022 жылдың 9 айы ішінде 29 млрд теңгеге жуық несие сомасына субсидиялау құралы бойынша 800-ге жуық жобаға қолдау көрсетіп, 3,9 млрд теңге субсидия төлеген. Сондай-ақ кәсіпкер несие алу үшін банкке жүгінген және оның кепілі жеткіліксіз болған кезде «Даму» қоры оның кепілдігін бере алады. Жыл басынан бері 9 ай ішінде кепілдік құралы бойынша 10,2 млрд теңге несие сомасына 775 жобаға қолдау көрсетіліп, кепілдік сомасы 5,7 млрд теңгені құрады.

– Біз мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және цифрландыру бойынша жұмысты 2016 жылы бастадық. Ал 2020 жылы пандемия кезінде «Даму» қорына онлайн өтініш беру мүмкіндігі кәсіпкерлер үшін тиімді әрі ыңғайлы болды. Енді ауданда тұратын кәсіпкерлер облыс орталығына келіп, құжат тапсырып, келісімшартқа отырмай-ақ, электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қашықтан қызмет ала алады. 2020 жылдан бастап субсидиялар мен кепілдіктерге барлық өтінім онлайн түрде беріледі, – дейді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Батыс Қазақстан облысы бойынша облыстық филиалының директоры Балғын Оразова.

Біз «Даму» арқылы шаруасын дамытып, жетістіктерге жеткен бір­неше кәсіпорынды аралап, тыныс-тіршілігімен таныстық.

Айнұр Мұқанова – ұзақ жыл пери­наталдық диагностика саласында қызмет еткен жоғары санатты сарапшылардың бірі. Ұзақ жыл облыстық перинаталдық орталықта, кейін жеке медициналық кабинеттерде қызмет еткен тәжірибелі маман көптен бері көпсалалы медициналық орталық ашуды армандаған екен. Оны бұл арманына «Даму» қоры жеткізген.

– Біз ойлағандай орталықты ашу үшін арнайы ғимарат, заманауи жабдық қажет болатын. Оны алуға қажетті несие қаражатын «Даму» қоры арқылы таптық. Яғни «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бағдарламасы бойынша 155 747 000 теңге көлемінде қаржыны 18,5% пайыздық мөлшерлемемен алсақ, оның 12,5%-ын мемлекет субсидиялайды. Кепілдің жетіспейтін бөлігіне «Даму» қорының кепілдігі берілді, – дейді Айнұр Кенжетайқызы.

«Ақжібек» көпсалалы медици­налық орталығында әйел денсау­лығын бастан-аяқ тексеретін бар­лық мамандар мен құралдар – ультрадыбыстық диагностика, терапевт, педиатр, генетик, стоматолог, кардиолог, невропатолог, гастроэнтеролог, акушер-гинеколог және басқа да сауықтыру рәсімдері сияқты жоғары білікті мамандар қызметі көрсетіледі. Оның ішінде ана құрсағына біткен шарананы алғашқы апталарда-ақ тексеріп, ауытқу бар-жоғын анықтай алатын заманауи диагностикалық аппарат еліміз бо­йынша санаулы. Сондықтан да бұл жерге оралдықтар ғана емес, Қа­зақ­станның өзге өңірлерінен де қыз-келіншектер арнайы келеді.

к

«Даму» қорынан қолдау алған оралдық кәсіпкердің бірі – Александр Федоров. Ол басқаратын «АЛТАН» жеке кәсіпкерлігі ғимараттарды қаптайтын құрылыс материалдарын шығарады. Тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандарына эсте­ти­калық сән беретін әрі дыбыс­тан оқшаулап, жылу үнемдейтін мұндай қаптамалар инновациялық технологиямен жасалып жатыр. Компания шығаратын тауарлар ассортиментінде есік-терезені безен­ді­ретін сәндік элементтер де бар. 2021 жылы кәсіпорын «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағ­дарламасы шеңберінде ВТБ-Қазақ­стан банкінен 60 млн теңге несие алған. Бұл қаржы өндірістік цех ғима­ратын сатып алуға жұмсалған. Жылына 14,5% өсіммен алған несиенің 8,5%-ын мемлекет субсидиялайды. Жетіспейтін кепілді қам­тамасыз ету бөлігіне «Даму» қоры­ның кепілдігі берілген. Біз кәсіпорынның өндірістік цехын аралап, дайын өнімдер қоймасын да көрдік.

«Оралдың Айболит докторы» атанған Максим Страмоусовты көп адам жақсы таниды. Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін бітірген ол 20 жылдан бері ветеринарлық салада қызмет етеді. Максим басқаратын Zoodoctor ветеринарлық орталығы – Батыс Қазақстан облысында хай­уа­наттарға толық дәрігерлік қыз­­мет көрсететін жалғыз клиника. Мұн­да сертификатталған рентген ка­би­неті, операция үстелдері, реа­нимация бөлмесі, хайуанаттарды жуып, тазалап, кептіретін орын, туу бөлмесі, стерильді бокстары бар ве­теринарлық стационар, тіпті жан­уар­ларға арналған қонақүй де бар.

Максим Анатольевич өз ісіне шын берілген жан екен. Итін, мысығын алып келген қала тұрғындарын қабыл­дай жүріп, бізге Zoodoctor вете­ринарлық орталығын аралатып көрсетті. Бұл орталық үшін де ғи­марат пен жаңа жабдықтар «Биз­нестің жол картасы-2025» мемле­кеттік бағдарламасы аясында сатып алынған, сыйақы мөл­шерлемесі 14% болса, оның 8%-ын мем­лекет субсидиялайды. Несиенің жалпы көлемі 142 млн теңге болған. Кепілдің жетіспейтін бөлігін «Даму» қоры көтерді.

м

– Біздің орталыққа күн са­йын 120 адамға дейін көмек сұрап ке­ле­ді. Алыс ауылдардан үй жануарлары – жылқы мен сиыр, т.б. хайуанаттардың түрлі ауруын айтып, көмек сұрайтындар да бар. Барлығына да шама-шарқымызша көмектесеміз. Ең басты қиындық – ма­ман тапшылығы. Жастар бұл салаға қызықпайды. Өйткені жұмыс өте ауыр. Бұл жерге хайуанаттарға шынайы махаббаты бар жандар ғана тұрақтайды, – дейді Максим.

Міне, «Даму» қоры арқылы шаруасын дамытып, қанатын кең жа­йып келе жатқан кәсіпкерлер аз емес. Қор филиалының қызметкерлері жергілікті кәсіпкерлерге әр­дайым көмектесіп, мемлекеттік бағ­дар­ламалар жайында ақыл-кеңес бе­руге даяр.

 

Батыс Қазақстан облысы