Қазақстан • 04 Қараша, 2022

Қазақстан-Иран экономикалық байланыстары жаңа деңгейге жетті

251 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада АХҚО алаңында Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ ұйымдастырған Қазақстан-Иран инвестициялық дөңгелек үстелі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан-Иран экономикалық байланыстары жаңа деңгейге жетті

Шараның мақсаты – елдер арасындағы инвестициялық және сауда қатынасын тереңдету.

Дөңгелек үстелге ирандық іскер топ делегациясы, екі елдің мемлекеттік мекемелері, ұлттық даму институттары, салалық және аймақтық бизнес қауымдастық өкілдері қатысқан.

Бүгінге дейінгі статистика бойынша, Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы 2021 жылы 440,1 млн доллар, 2022 жылдың бірінші жартысында – 303,1 млн долларды құраған. 2005 жылдан бері Ираннан Қазақстан экономикасына құйылған тікелей инвестиция көлемі шамамен 159 млн долларды құрады, оның басым бөлігі экономиканың аграрлық және өнеркәсіптік секторларына бағытталған. Ирандық кәсіпкерлер 4 жобаны іске қосты, одан өзге 9 жоба әзірлену сатысында.

Дөңгелек үстелді ашқан Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Елшісі Маджид Самадзаде Сабер елдер арасындағы қарым-қатынастың маңыздылығына тоқталып, бұл шара инвестициялық байланыстардың кеңеюіне, сондай-ақ жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруда белсенді қатысуға ықпал ететініне сенім білдірді. 

Өз кезегінде ҚР Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Ардақ Зебешев тату көршілік қарым-қатынастың нығаюы, екі елдің үлкен экспорттық әлеуетті ескере отырып Азия мен Еуропаның нарықтарын байланыстыратын Қазақстан-Түркіменстан-Иран-Түркия темір жолының іске қосылуы екі елдің экономикалық дамуына оң әсер ететін айтқан. Сондай-ақ екіжақты қарым-қатынастар барлық салаларда жоғары өсу динамикасын көрсетіп отырғанын айтты. 

«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Жандос Темірғали өз сөзінде Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері, мемлекеттік қолдау шаралары, сондай-ақ ұлттық компанияның қызметі туралы айтты. Сонымен қатар ол биыл Иранның Сауда-өнеркәсіп палатасымен бірлесіп Тегерандағы инвестициялық форумда 230 миллион доллардан асатын 12 құжатқа қол қойылғанын атап өтті. 

Айта кетейік, қазір Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық делегация Иран Ислам Республикасында жұмыс сапарымен жүр, оның негізгі мақсаты сауда-экономикалық және транзиттік-көліктік салаларындағы ынтымақтастықты дамыту.