Астанада Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі Қайырбек Сүлейменовтің төрағалығымен Республикалық жемқорлыққа қарсы іс-әрекет жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы болып өтті. Іс-шара барысында РЖҚК мүшелері Шығыс Қазақстан облысындағы кәсіпкерлерді сыбайлас жемқорлықтан қорғау мәселелерін талқылады.
Қазақстан, Ресей және Беларусь елдері Еуразиялық экономикалық одақ құрудың алдында тұрғанда сыбайлас жемқорлықтан қорғау және отандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету мәселесінің өзектілігі бұрынғыдан да арта түсті. Әсіресе, мұның негізгі қызметі Ресей Федерациясының аумағында өтіп жатқан кәсіпкерлерге қатты қатысы бар.

Ашық аймақ жағдайында бизнестің бәсекеге икемделе алуына жағдай жасау партия мен бүкіл қоғамның міндеті болып табылады. Зор өндірістік әлеуеті бар Шығыс Қазақстан облысы Кеден одағындағы әріптес-елдердің компанияларымен тығыз қарым-қатынас орнатқан.
Қоғамдық кеңестің сараптама тобы Шығыс Қазақстан облысына сапары барысында аймақтағы 120-дан астам бизнес өкілдерімен кездесу өткізіп, аймақта кәсіпкерлерді сыбайлас жемқорлықтан қорғаудың жай-күйін тексерді.
Отырыста Қоғамдық кеңестің мүшесі, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің хатшысы Ғалымжан Қанатбеков жемқорлық құқық бұзушылықтың өсуінің жағымсыз үрдісін атап көрсетті. Бұл бір жағынан құқық фактілерін тіркеудің жолға қойылмағанына да байланысты, деді ол.
Оның ақпараты бойынша, аймақта пара алу 2009 жыл мен 2011 жыл аралығында 2 есе өскен, ал 2012 жылы аздап төмендегенімен, 2013 жылдың қорытындысы бойынша тағы да өсе бастаған. Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырған кезде жемқорлық көріністерінің өсуі байқалыпты.
Кәсіпкерлікті қорғау мақсатында 2011 жылдан бастап 2014 жылғы І тоқсан аралығында прокуратура органдары 190 тексеру жүргізді, бұл ретте 2,3 мыңнан аса заң бұзушылықтар анықталды, оларды жою үшін 200-ден аса қарсылықтар мен ұсыныстар енгізілді. Мәселен, оларды қарау нәтижелері бойынша мемлекеттік органдардың 230-дан астам лауазымды адамдары, оның ішінде 30 жемқорлық құқық бұзушылық үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Тәртіптік жауапкершілікке тартылғандардың саны бойынша жергілікті әкімдіктер мен ішкі істер органдарының қызметкерлері көш бастап тұр.
Отырыстың нәтижелері бойынша қаулы қабылданды, онда кәсіпкерлікті жемқорлықтан қорғау тиімділігін арттыруға бағытталған мүдделі құрылымдарға арналған нақты ұсынымдар баяндалған.
«Егемен-ақпарат».