Видео • 07 Қараша, 2022

Мұхтар Мағауин оқушыға бата берді

940 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Вашингтонда тұрып жатқан қазақтар басқосу ұйымдастырды. Табиғат аясындағы кездесуге Қазақстанның Халық жазушысы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтар Мағауин де келген, деп жазады Egemen.kz.

Мұхтар Мағауин оқушыға бата берді

«Болашақ» бағдарламасы бойынша АҚШ-та магистратурада оқып жүрген журналист Жалғас Сәдібекұлы осы жиынға отбасымен бірге арнайы барыпты. Ол Сара есімді қызының қаламгерге өзін таныстырып, батасын алған сәтті видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялаған.

«Сара қызымыз заңғар жазушыға өзін өлеңмен таныстырып, батасын алды. Атасы секілді «жазушы боламын» дейді», деп жазды Жалғас Сәдібекұлы.

Сара Жалғасқызының әдебиетке икемі бар. Бұл туралы бізге оның әкесі айтып берді.

«Астанадағы 66 мектепте оқыды. 4 сыныптың 1 тоқсанын бітіріп келді. Жақында төртінші сыныптар арасында күз ханшайымы сайысында бірінші орын алды. Жалпы өнерге жақын. Сурет салады, түрлі тағамдар жасайды. Үйде бос кезде парақ-парақ қып ертегі, әңгімелер жазады. Арасында өлең жазады. Әңгімелерінің блокноттарын жинап жүр. Өзі жазушы болам дейді. Міне жақында Америкаға келіп жатыр! Енді ағылшын тілін де жақсылап үйрен, әлемдік деңгейдегі балалар жазушысы боласың деп мамасы құлағына құйып жүр! Жазушымен Вашингтон қазақтарының күзгі пикнигінде кездесіп отыр», деді Сараның әкесі.

Еске салсақ, 28-қазан күні Вашингтонда Республика күніне арналған іс-шара ұйымдастырылды. Ол кезде де Мұхтар Мағауин жиынға қатысып, қазақстандықтарды айтулы мерекемен құттықтаған.