Президент • 07 Қараша, 2022

Президент: Ақтау – Қазақстанның теңізге шығатын қақпасы

519 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысының жұртшылығымен кездесуі барысында өңірдің көлік-логистикалық және инвестициялық әлеуетін арттыру қажеттілігіне назар аударды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Президент: Ақтау – Қазақстанның теңізге шығатын қақпасы

«Облыстың көлік-логистикалық және инвестициялық әлеуетін арттыру керек. Маңғыстау – географиялық тұрғыдан ұтымды жерде орналасқан өңір. Біз бұл өлкені әлемдік деңгейдегі көлік-транзит торабына айналдыруымыз керек», деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бүгінде Каспий теңізінің маңызы арта түсті.

«Портты қала Ақтау – Қазақстанның теңізге шығатын қақпасы. Жаһандық логистикалық жүйе қайта қалыптасып жатқан қазіргі кезде Каспий теңізінің маңызы күрт арта түсті. Порттың инфрақұрылымын дамыту үшін инвестиция тартуды, контейнерлік және көлік-логистикалық хаб құруды көздеп отырмыз. Біз үшін қазіргі әлемдік нарықтағы ахуалды ескеріп, Транскаспий бағдарын одан әрі дамыту өте маңызды. Осы мәселе бойынша серіктес елдермен өзара түсіністік бар. Ақтау және Құрық порттарының қуатын арттыратын болдық. Бұл олардың өткізу мүмкіндігін жетілдіріп, мұнай тасымалдау көлемін жылына 20 миллионға дейін жеткізу үшін қажет», деп қосты Қазақстан Президенті.