Президент • 07 Қараша, 2022

Президент Маңғыстау облысында туризмді дамытуды тапсырды

348 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Маңғыстау облысының туризміне қатысты бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың ресми парақшасына сілтеме жасап. 

Президент Маңғыстау облысында туризмді дамытуды тапсырды

«Аймақтағы туризмді дамыту қажет. Қазір бүкіл әлемде туризм экономиканың маңызды саласына айналды. Біз де еліміздің туризм индустриясын дамытуға баса мән беріп отырмыз. Бұл ретте Маңғыстаудың алатын орны айрықша.

Оның ең ұтымды тұсы – Каспий теңізінің жағасында орналасуы. Соның арқасында жағажай туризмін дамытуға мол мүмкіндік бар. Ақтауда іске асырылып жатқан «Жылы жағажай» инфрақұрылымды дамыту жобасы аяқталып келеді. Үкімет туризм саласындағы инвестициялық жобаларды қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруы керек», деді Мемлекет басшысы Маңғыстауға барған сапарында.

Сондай-ақ Президент Каспий жағалауындағы мемлекеттермен бірлескен халықаралық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Әсіресе, круиз туризмін дамыту қызығушылық тудыратынын айтты. 

«Жалпы Маңғыстау көптеген киелі орындарымен әйгілі. Бекет ата, Шопан ата, Шақпақ ата жер асты мешіттерін ерекше атап өтуге болады. Мұндай бірегей нысандар дүние жүзінде де бірен-саран. Тарихи-мәдени қорықтар мен музейлерге де баса мән берген жөн. Әсіресе төл мәдениетімізде ерекше орны бар Мұрын жыраудың және Серікбол Қондыбайдың мұражайы назардан тыс қалмауы керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан соң «Арғықазақ мифологиясы» атты төрт томдық іргелі жұмыстың авторы Серікбол Қондыбайдың ғылыми мұрасы жөнінде пікір білдіріп, Тарас Шевченконың мемориалды музейін шетелдік туристердің қызығушылығын туғызатын нысан ретінде атап өтті.