Мазмұнды іс-шараның ашылуында Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп Алаш ардақтысының шығармашылығы мен қайраткерлігі туралы сөз қозғап, өнегелі шараның маңызына тоқталды.
– Біз айтулы тұлғаларымыздың өмір жолдарынан тағылым алып, жас ұрпақтың бойына дарытып, насихаттай беруіміз керек. Биыл ұлт ұстазының мерейтойы халықаралық деңгейде тойланды. Жыл соңына таман Астана қаласы әкімдігінің ұйытқы болуымен Анкара қаласында Алаш арысының ескерткіш бой көтереді деп жоспарлап отырмыз. Бүгінгі іс-шараның да жөні бөлек. Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдерін оқып, мысалдарын айтумен қатар оны театрландырылған қойылым арқылы көрсету балаларға ерекше әсер қалдырады, – дей келіп, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру мектебінің жетекшісі Тұрар Шәкеннің айтуынша, сайыстың басты мақсаты – көрнекті тұлғаның ағартушылық бағыттағы мұрасын насихаттап, жас ұрпақты ана тіліміз бен ұлттық құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелеу.
Сайысқа елорда мектептерінен 100-ге жуық оқушы қатысып, олар «Ұлтқа қызмет – әр қазақ баласына міндет», «Ұлт ұстазына хат» деп аталған екі бөлім бойынша сынға түсті. Бірінші бөлімде балалар А.Байтұрсынұлының шығармаларынан қойылым әзірлесе, екінші бөлімде ұлт ұстазына арнап жазған хаты арқылы болашаққа көзқарасын жеткізді. Оған тарих ғылымдарының кандидаты Изатхан Медешова, ардагер ұстаз Қажымұрат Нәсиұлы, Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Айгерім Молда-
баева, Білім басқармасының әдіскері Әлия Жаңабаева және «Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру мектебінің жетекшісі Тұрар Шәкен қазылық етті.
Сонымен, ұлт ұстазының шығармаларын дәріптеген сайыстың бас жүлдесін Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназиясы жеңіп алды. Бірінші орынды Жұмекен Нәжімеденов атындағы №93 мектеп-лицейі иеленсе, екінші орын Нәзір Төреқұлов атындағы №35 мектеп-лицейге бұйырды. Ал үшінші орынды Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «binom school» мектеп-лицейі қанағат тұтты. Сондай-ақ Мұхтар Әуезов атындағы №86 мектеп-гимназиясы «Көрермен көзайымы» аталымымен марапатталды.