Әдебиет • 07 Қараша, 2022

Даңқты жылдардың дақпырты да қымбат

1786 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Олжас Сүлейменов – орасан зор түйсік иесі. «Аз и Я» кітабының тақырыбы оның өзіне ғана тән сол түйсікпен таңбаланды. Әркім­нің өз жауабы болуға тиіс сұраққа біздің ішіміздегі жауап та осы еді. Жақында өткен Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерей­тойында Жәнібек Сүлеевпен қатар отырып қалғанбыз. Жәні­бекті көрген сайын әкесі Азат Сүлеевтің есімі ойға оралады.

Даңқты жылдардың дақпырты да қымбат

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

«Азат және Мен» деген қол­таң­бадан аңыз туған. «Аз и Я»-ны екі дос селбесіп жазыпты-мыс. Жәнібек те бұған талай рет жауап беріп, әккі болып ал­ған. Ақсары түрі қуақыланып, сөзінің басын айтып, аяғын жұтып қояды. Кейін аңызға айналған ырду-дырдуға толы күндердің көрі­ністерін әңгімелегісі келіп, көзі жылтырай қалатыны да бар. Ақырында анасының сондай бір әңгіменің шетін шығарға­нын қалжыңға сүйегендей болып қиялап жеткізеді де. Бірақ ол – анасының әкесінің достарына деген назы, сондықтан пәлендей назар аударудың қажеті де жоқ.

Бұл – үлкен ата Біләл мен ұлы әже Фатиманың аңызымен қатар, шулы да дулы ортаның дақпыртына да қанық отбасы. Жәнібек өзі де орыс тілінде жа­за­тын танымал көсемсөзші бол­ғандықтан, жаңағындай аңыз­дардың қайдан туатынын да жақсы біледі. Аңызды жоққа шығарғысы келмейді, бірақ шын­дық одан да қымбат. Басын бір қайырып қоймасаң, түбі тірі­лер ренжіп, аруақ назалануы мүмкін. Өмірбян жолдарында: «Атақты Біләл Сүлеевтің ұлы Азат Сүлеев 1930 жылы туып, 1997 жылы дүниеден өткен. Олжас Сүлейменовке «Аз и Я» туын­дысының идеясын берген адам» деген жазу тұр. Қазір идея жоғары бағаланатын заман келді. Оның үстіне «Азат және Мен» деген қолтаңба да біраз жұртқа маза бермейтін сияқты.

Иә, сондай қолтаңба бар, бол­ған. Алайда оның «Аз и Я»-ға қатысы құр қауесет қана дейтін­мін. Жәнібек те іші жақсы көріп тұрғанмен, саналы ұрпақ ретінде әлгіндей әңгіменің жетегінде кеткен емес. Олжас Сүлейменов бастаған топтың үйлеріне дуылдап келетіні, сонда дастарқаннан қалбыры қаңсыған майшабақ та табылмай қалатыны есінде екен.

Ол Мұхтар Әуезовтің ме­рей­тойына ілік-шатыс туыстығы ар­қылы шақырылып отырға­­нын есіме салды. Бұл арада Біләл Сүлеев пен Фатима Ғабитова та­қы­рыбын қайта қозғаудың басы артық шығар. Бірақ қазақ зиялылары, олардан тараған элита, бүгінгі немере, шөбере, шөпшек бар. Мен Жәнібектің әлгіндей қаңқу сөзге мысқылмен қарайтынын байқадым. Демек оны растайтын ешқандай дерек-дәйек жоқ деп ойладым. Десе де қаңқу сөздің де өмір сүруге қақысы бар. Өйткені біз жабық қоғамда өмір сүрдік. Жабық қоғамның өзінің құпиясы болу керек. «Бұл қоғам бізден не жасырып келді?» деген сұрақ үнемі көкейімізде тұратыны рас.

Мен ішімнен осындай тақы­рыптар неге зерттелмейді деп ойла­дым. Тұлға деген біреуді біреу­мен салыстырғанда ашыла түседі. Ал өз замандастарының арасында Олжас Сүлейменовпен салыстыратын тұлға болған жоқ. Егер жоқ болса, ондай тұлғаны неге ойлап таппасқа! Ендеше, Сүлейменовпен салыстыруға, Сүлеев деген жұмбақ тұлға өзі сұранып тұр емес пе?!.

Ол да осы сәтте ішінен әке­лерінің жас күндері туралы неге кино түсірілмейді деп ойлап оты­рыпты. Олар аусар таутандар құсап қалай алысып-жұлысып өсті? Екеуінің де әкелерінің 1937 жылы саяси қуғын-сүргін құр­баны болғаны тағдырларына қалай әсер етті? Екеуі де өгей де бол­са әке орнын басқан ұлы адам­дардың алақанының жылуын қалай сезінді?

Мен болсам, өзіме үйреншік­ті ойлардың жетегінен шыға алар емеспін. Олардың жастық шақ­тары қазақ элитасының жаңа буыны қалыптасқан уақытқа тура келді. Қалалық жастарға орыс­­ша сөйлегенмен, орыстілді ор­таны жарып шығу оңай бол­­ған жоқ. Әрі олар талант пен бі­лім жағынан мысы басым мәс­кеулік, диссиденттікке бе­йім ленинградтық құрбы-құрдас­тары­мен бәске түсті. Кешегі «халық жа­уының» ұрпақтарын өгей әкелер осы сынаққа салу үшін де әдейі бауырға басқандай әсер береді.

Ол маған әкелерінің жастық шақтарын әртүрлі ракурста көр­сететін кино түсіру идеясын тық­палаумен отыр. Олардың жас күн­деріндегі бейнелерінен тү­тін мен газдан таза қаланың нос­тальгиялық көріністеріне сүңгіп кеткісі келеді. Жаны жараланып өскен ұрпақтың өжеттігі мен өлермендіктері, өмірдегі өз орындары және адал махаббаттары үшін көше төбелесін де бастан өткергендері қиялын әлдеқайда жетелеп әкетіп барады. Бұл саған анау Ақан Сатаевтың «Районы» деп аталатын киносы емес, тағдыр жүктелетін кино, түсіндің бе?..

Бүгінде ауылдан шыққан да­нышпандар қалада туып-өскен ке­меңгерлерді мойындай қой­май­ды. Сондықтан мен де бәрібір өз әсерімнен арылар емеспін. Оның көз алдына елестетіп отырған кө­ше көріністерінен гөрі, өзімнің архив ақтарған сәттерімді артық санаймын. Кешегі одақтық әдеби өмір шежіресінен Парижге барып өлең оқыған ақындардың тізімін көргенім есіме түседі. Сол тізімде Вознесенский, Евтушен­ко, Окуджава, Высоцкийлермен бірге Олжас Сүлейменовтің де аты-жөні тұрғаны кеудеге сыймайтындай мақтаныш емес пе.

Текті тұқым Азат Сүлеев те сондай эрудит адам болған деседі. Бала күнінде Ілияс Жансүгіровтің тізесінде отырған. Жас күнінде Олжас Сүлейменовтің қасында жүрген. Бірақ ол заманда ғасыр дертіне иммунитеті мықтылар ғана төтеп берді. Соның кесірінен үлкен тұлға болатын небір талантты адамдар, әрі кеткенде өз ісінің қас шебері ғана болып қалды.

Оның кино ғып түсірсе деп отырғаны да сол аусар шақ. Жоқ, кино Азат Сүлеев пен Олжас Сү­лейменовтің жастық шағы деп түсірілмеуі керек. Онда пафосқа кетіп қалуымыз мүмкін, бұл жерде ешқандай пафостың керегі жоқ. Тек кейбір эпизодтар қамтылса болды, қалғанын өмірдің өзі айтады. Қысқасы, сол жастар арқылы ұлттың бойына сіңген қала бояуы, оның түрлі көріністері, көше хикаялары. Қала өз романтикасын көрмейінше, кино бұлардың бойына бәрібір сіңбейді.

Осылай әңгіме соғып отыр­ға­нымызда, түннің бір уағы бол­ды. Шындығында мұнымыз әң­гімеден гөрі, түрлі ойлар мен штрих­тарға ұқсайтын еді. Ұялы теле­фонға жазылған эссе, ұялы теле­фонмен кино түсірген парсы режис­серінің қасында ойын­шық емес пе. Ол үстел басында жазылған эссенің басын оқып, астына: «Эссе удалось. Есть интрига, есть настроение» деп жазып қойды.

Бірақ орыстілді болса да, қазақы мінезбен шыдамай тағы бір сөздер қосты. «Но наверное стоит смягчить трагизм ситуации будто мы, потомки Азата, очень несобранного, не жёсткого, доб­рого до безвольности мягкого чело­века на что то обижены...».

Бұрын орыстілділер қазақ­тілділерді састыратын еді, қазір қазақтілділер орыстілділерді сас­тыратын болды. Менің маңдай­дан ұрғандай ғып қойып қал­ған сұрағым аз-кем қолайсыздық тудырды. Бірақ тілі орысша шық­қандар ашық әңгімеге бейіл келеді. Міне, ол да бар комплексті бойынан сылып тастағандай сер­піліп:

«Хвала Аллаху, что определенные знания Азата пригоди­лись Олжасу и помогли ему презен­товать, пусть и на русском языке (время такое было), казахов на всесоюзной арене в глухую пору расцвета брежневской эпохи...» деп қалды.

Осы тағдырдың бәрін отбасымен бірге басынан өткерген адам жалған айтпаса керек. Біз бұл арада тағы бір ерекше дарынды адамның орнын жоқтағандай болып отырмыз. Әйтпесе, бүкіл кеңестік кеңістіктен өз бағасын баяғыда алып қойған ақында не шаруамыз бар. Егер Олжас Сүлейменов болмаса, «Аз и Я» секілді кітапты қазақ та, орыс та, ешкім де жазбас еді. Сондықтан біреу сөзімізді бұрмалап кетпес үшін екеуміз де ол туралы өз ойларымызды ашық айтқанымыз жөн. Менің алқымдаған сұрағыма ол дәйегі мықты дерегін алдыға тарта жауап берді.

«Азербайджанцы до сих в шоке и почитают казахов, персо­наль­но Олжаса именно за «Аз и Я» – есть такой феномен)))! А сами азербайджанцы так и не родили такой публицистическо-­научной книги, несмотря на то, что у них в Баку была редакция академического журнала «Советская тюркология». Тут казахи всех советских тюрков обог­нали. А если говорить о журнале «Советская тюркология», который отец всегда – наверное единственный в Союзе писателей брал из библиотеки и читал...».

Олжас Сүлейменовтің қандай тұлға екені біз айтпай-ақ жақсы белгілі болса, Азат Сүлеевтің кім болғаны міне, енді айқындала бастады. «Апыр-ай, мынау қан­дай шетін мәселе еді?» деп ойла­дым мен ішімнен. Есіме Олжас Сүлейменовтің өзінің «Тау­лар­ды аласартпай, даланы асқақ­татайық» деген сөзі түсті. Ол сөздің бұл араға ешқандай қатысы жоқ болса да, бізге бір еркіндік беріп тұрғандай сезіндім. Ал сол кезде «Аз и Я» біз әңгіме етіп отырған орыстілді қазақтарға қалай әсер етті, бұл да бір ойға түйіп қоятын мәселе болса керек-ті. Ол бұл тақырыппен етене жа­қын болғандықтан, Олжастың даңқын өз әкесінің де тағдырымен сабақтастыра былай деді:

«Стоит напомнить, что «Аз и Я» дала хоть какие то ориенти­ры городской казахской (шала-­ка­захской) молодежи, которая ощу­тила свою национальное отли­чие, свое скрытое в веках былое могу­щество предков... не стоит забы­вать, что сначала до «Аз и Я» были бурные стихи молодого Олжаса, которые несмотря на язык написания трудно назвать «русскими» стихами...».

Азат Сүлеев қазақша шығар­маларды орысшаға жолма-жол аударуға жүйрік болған деседі. Оған Ілияс Жансүгіровтің де, Олжас Сүлейменовтің де тілі іштен таныс.

Жәнібек есімді кішкене бала­қан дулы кештерде бұрышта отырып, арыстандай күркіреген ақын дауысына талай құлақ түрген болар. Сонда «Сенің тілің орысша болса да, мына өлеңдегі рухың – қазақ!» деген өршіл үндерді де сан мәрте естіген шығар.

«Эй, половецкий край,

Ты табунами славен,

Вон вороные бродят

В ливнях сухой травы.

Дай молодого коня,

Жилы во мне играют,

Я проскачу до края,

Город и степь

Накреня...» –

деген жыр жолдары талай орыс­тілді қазақтың да қанын ойнатты емес пе?!

Осы өлеңді Әбіш Кекілбайұлы да, Қадыр Мырза Әли де, Ұлық­бек Есдәулет те аударды. Солардың ішінде түпнұсқаға жақыны Ұлық­бектікі болып шықты.

«Ей, Дешті-қыпшақ даласы,

Даңқың шыққан табынмен.

Үйірлерді қарашы,

Жүзіп жүрген сағыммен.

Бір асауды бер маған,

Тамырым тұр бұлқынып.

Дөңгеленсін жер-ғалам,

Қала, дала ұмтылып...»

Тілі орысша бола тұра, ділін қазақша сайратқан осындай ұлы түйсік «Аз и Я»-ны да айнытпай тапты. Өнер мен ғылымда талмай-танбай ізденетіндерден, шығармашылық түйсігіне сене­тіндердің жұлдызы жоғары тұра­тыны дәлелдеуді қажет етпес те! Менің эссемнің тінін тап басып таныған ұлылардың ұрпағы да жақтан жаңылған жоқ:

«Чтобы написать «Аз и Я» ему необходимо было некие общения не просто с носителями спе­циальных академических знаний, а людьми которые могли бы эти знания популярно объяснить... У отца это очень хорошо получалось, какое-то время был бесплатным проводником по части новинок – что писали журналы от «Иностранной литературы» до журнало «Нева», «Дружба народов» и т.д. в баре Союза писателей...», деп ойымызға тағы бір тамызық тастады.

– Олжас Сүлейменов Мұхтар Әуезовтің де, Ілияс Жансүгіровтің де, Ораз Жандосовтың да ұрпақ­тарымен өте жақын дос болды, – деп мен де жанықтым. – Осылардың бірімен біліс, бірімен туыс Азат Сүлеев олар сияқты атақ-абыройға бөленген жоқ. Бірақ Азат Сүлеев туралы аңыз бар. Сонда Олжас Сүлейменовтің «Аз и Я»-сы болмаса, ондай аңыз тумайтын ба еді?

– Жоқ, неге? – деп қарсылық білдірді ол. – Знаменитая монография «Кобыз и копьё» между прочим отец тоже принял какое то участие... есть автограф с благодарностью отцу, типа без тебя этот труд не вышел бы, причем написано на русском языке...».

Ол бір отты сөндірмей жатып, екінші шоқты қолымен ұста­ған баладай селт еткізді. Ата-тегі бізге белгісіз «Аз и Я»-ның жөні басқа. Ал мынау «Кобыз и копье» төл еңбек емес, әрі кетсе аударма ғой. Дегенмен Азат Сүлеевтің түркітанушы һәм оған еншілес фольклордың білгірі екені де ел мойындаған шындық. Әйтеуір бұл тарапта оның сол кезеңдегі орыс-қазақ руханиятына ортақ тұлға болғаны айдай ақиқат. Бірақ...

– Екеуміз сұхбатымыздың куль­минациясына жеттік-ау дей­мін. Мен де ашық сұрайын, сен де ашық жауап беріп көр. Бір қарасақ, Азат Сүлеев алақанға салып-ақ ұстайтын адам екен. Онда неге ол баяғы бір аңызбен қалды? Неге жаңа аңыздардың тууына себепкер болмады? Жалпы, осындай оқымысты адамның трагедиясы неде?

– Трагедия отца в другом – советскому Казахстану ни в 60-ые, ни в 70, ни в какие другие послевоенные десятилетия оказались не нужны тюркологи, либо им не давали развернуться... и удар пришел по такой позиции совсем с другой стороны...

– Жақсы, түсіндім. Тоталитар­лық қоғамға ұлт республикала­рынан таланттардың көп шық­қаны керек болған жоқ. Оларға жол бермеудің түрлі амалдары жасалды. Жалғыз-жарым жұл­дыздарды ғана бетке ұстады. Оған елдің бәрі білетін ғасыр індеті қосылды. Бірақ айтпағым ол емес. Бүгінде сол азғантай аңы­зы да ұмытылып бара жатқан тек­тінің ұрпағынан не қалды?

– От отца осталась тоненькая-тоненькая книжица в мягком переплете «Тюркские заимствования в словаре В.Даля»...это студенческий реферат ...и ещё одна журнальная статья в защиту Олжаса уже в середине 90-х...

Сондайлық даңқ пен дақ­пыртқа себепші болған адам­нан пышақтың қырындай ғана кітап­ша қалыпты. Бізге дейін де еске алғандар шамалы, бізден кейін де ешкім еске ала қоймас. Бұрын «Аз и Я» секілді атақты дүниелер айналасындағы аңыздарымен де даңқынан дақпырты асып, өз жарнамасын өзі жасап жататын. Кейде ұлы дүниелердің рухы тірі болуы үшін де қолдан аңыз ұйымдастырылатыны тарихта талай дәлелденген екен. Ал біз шындықпен шымқалған, дерекпен діттелген, тірі куәлары әлі де арамызда жүрген аңыздар­дың өзін ұмыта бастаптық. Бұл эссе-сұхбатты мүжілген қалам ұшымен түртпектеп жазғандағы түпкі мақсатымыз да сол ұмыт қалып бара жатқан аңыздарды қайта тірілту еді. Жәнібектің ша­мырқанған түріне қарап, аңызы семген аңызаққа жан біткендей күй кешкенімізді несіне жасырамыз.

Бәлкім, бұл да табиғат заңы бойынша ұлы дүниелер тудырған ұрпақтың демалып, рухы қайта оянар шақтағы бір жылт еткен үміт оты шығар, кім білген...

Мен кім туралы жазсам, сол адаммен туыс болғандай күй кешем. Міне, бір кеште ресми руханиятымызда орны бел­гіленбеген оқымысты Азат Сүлеев­пен де туыс болып шыға кел­дім. Үйреншікті әдетпен оған да ес­керткіш орнату керек деуден аулақ­пын, бірақ сондай бір ескерт­кіш көңілімнің төрінде бе­рік орныққаны анық!