Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
«Азат және Мен» деген қолтаңбадан аңыз туған. «Аз и Я»-ны екі дос селбесіп жазыпты-мыс. Жәнібек те бұған талай рет жауап беріп, әккі болып алған. Ақсары түрі қуақыланып, сөзінің басын айтып, аяғын жұтып қояды. Кейін аңызға айналған ырду-дырдуға толы күндердің көріністерін әңгімелегісі келіп, көзі жылтырай қалатыны да бар. Ақырында анасының сондай бір әңгіменің шетін шығарғанын қалжыңға сүйегендей болып қиялап жеткізеді де. Бірақ ол – анасының әкесінің достарына деген назы, сондықтан пәлендей назар аударудың қажеті де жоқ.
Бұл – үлкен ата Біләл мен ұлы әже Фатиманың аңызымен қатар, шулы да дулы ортаның дақпыртына да қанық отбасы. Жәнібек өзі де орыс тілінде жазатын танымал көсемсөзші болғандықтан, жаңағындай аңыздардың қайдан туатынын да жақсы біледі. Аңызды жоққа шығарғысы келмейді, бірақ шындық одан да қымбат. Басын бір қайырып қоймасаң, түбі тірілер ренжіп, аруақ назалануы мүмкін. Өмірбян жолдарында: «Атақты Біләл Сүлеевтің ұлы Азат Сүлеев 1930 жылы туып, 1997 жылы дүниеден өткен. Олжас Сүлейменовке «Аз и Я» туындысының идеясын берген адам» деген жазу тұр. Қазір идея жоғары бағаланатын заман келді. Оның үстіне «Азат және Мен» деген қолтаңба да біраз жұртқа маза бермейтін сияқты.
Иә, сондай қолтаңба бар, болған. Алайда оның «Аз и Я»-ға қатысы құр қауесет қана дейтінмін. Жәнібек те іші жақсы көріп тұрғанмен, саналы ұрпақ ретінде әлгіндей әңгіменің жетегінде кеткен емес. Олжас Сүлейменов бастаған топтың үйлеріне дуылдап келетіні, сонда дастарқаннан қалбыры қаңсыған майшабақ та табылмай қалатыны есінде екен.
Ол Мұхтар Әуезовтің мерейтойына ілік-шатыс туыстығы арқылы шақырылып отырғанын есіме салды. Бұл арада Біләл Сүлеев пен Фатима Ғабитова тақырыбын қайта қозғаудың басы артық шығар. Бірақ қазақ зиялылары, олардан тараған элита, бүгінгі немере, шөбере, шөпшек бар. Мен Жәнібектің әлгіндей қаңқу сөзге мысқылмен қарайтынын байқадым. Демек оны растайтын ешқандай дерек-дәйек жоқ деп ойладым. Десе де қаңқу сөздің де өмір сүруге қақысы бар. Өйткені біз жабық қоғамда өмір сүрдік. Жабық қоғамның өзінің құпиясы болу керек. «Бұл қоғам бізден не жасырып келді?» деген сұрақ үнемі көкейімізде тұратыны рас.
Мен ішімнен осындай тақырыптар неге зерттелмейді деп ойладым. Тұлға деген біреуді біреумен салыстырғанда ашыла түседі. Ал өз замандастарының арасында Олжас Сүлейменовпен салыстыратын тұлға болған жоқ. Егер жоқ болса, ондай тұлғаны неге ойлап таппасқа! Ендеше, Сүлейменовпен салыстыруға, Сүлеев деген жұмбақ тұлға өзі сұранып тұр емес пе?!.
Ол да осы сәтте ішінен әкелерінің жас күндері туралы неге кино түсірілмейді деп ойлап отырыпты. Олар аусар таутандар құсап қалай алысып-жұлысып өсті? Екеуінің де әкелерінің 1937 жылы саяси қуғын-сүргін құрбаны болғаны тағдырларына қалай әсер етті? Екеуі де өгей де болса әке орнын басқан ұлы адамдардың алақанының жылуын қалай сезінді?
Мен болсам, өзіме үйреншікті ойлардың жетегінен шыға алар емеспін. Олардың жастық шақтары қазақ элитасының жаңа буыны қалыптасқан уақытқа тура келді. Қалалық жастарға орысша сөйлегенмен, орыстілді ортаны жарып шығу оңай болған жоқ. Әрі олар талант пен білім жағынан мысы басым мәскеулік, диссиденттікке бейім ленинградтық құрбы-құрдастарымен бәске түсті. Кешегі «халық жауының» ұрпақтарын өгей әкелер осы сынаққа салу үшін де әдейі бауырға басқандай әсер береді.
Ол маған әкелерінің жастық шақтарын әртүрлі ракурста көрсететін кино түсіру идеясын тықпалаумен отыр. Олардың жас күндеріндегі бейнелерінен түтін мен газдан таза қаланың ностальгиялық көріністеріне сүңгіп кеткісі келеді. Жаны жараланып өскен ұрпақтың өжеттігі мен өлермендіктері, өмірдегі өз орындары және адал махаббаттары үшін көше төбелесін де бастан өткергендері қиялын әлдеқайда жетелеп әкетіп барады. Бұл саған анау Ақан Сатаевтың «Районы» деп аталатын киносы емес, тағдыр жүктелетін кино, түсіндің бе?..
Бүгінде ауылдан шыққан данышпандар қалада туып-өскен кемеңгерлерді мойындай қоймайды. Сондықтан мен де бәрібір өз әсерімнен арылар емеспін. Оның көз алдына елестетіп отырған көше көріністерінен гөрі, өзімнің архив ақтарған сәттерімді артық санаймын. Кешегі одақтық әдеби өмір шежіресінен Парижге барып өлең оқыған ақындардың тізімін көргенім есіме түседі. Сол тізімде Вознесенский, Евтушенко, Окуджава, Высоцкийлермен бірге Олжас Сүлейменовтің де аты-жөні тұрғаны кеудеге сыймайтындай мақтаныш емес пе.
Текті тұқым Азат Сүлеев те сондай эрудит адам болған деседі. Бала күнінде Ілияс Жансүгіровтің тізесінде отырған. Жас күнінде Олжас Сүлейменовтің қасында жүрген. Бірақ ол заманда ғасыр дертіне иммунитеті мықтылар ғана төтеп берді. Соның кесірінен үлкен тұлға болатын небір талантты адамдар, әрі кеткенде өз ісінің қас шебері ғана болып қалды.
Оның кино ғып түсірсе деп отырғаны да сол аусар шақ. Жоқ, кино Азат Сүлеев пен Олжас Сүлейменовтің жастық шағы деп түсірілмеуі керек. Онда пафосқа кетіп қалуымыз мүмкін, бұл жерде ешқандай пафостың керегі жоқ. Тек кейбір эпизодтар қамтылса болды, қалғанын өмірдің өзі айтады. Қысқасы, сол жастар арқылы ұлттың бойына сіңген қала бояуы, оның түрлі көріністері, көше хикаялары. Қала өз романтикасын көрмейінше, кино бұлардың бойына бәрібір сіңбейді.
Осылай әңгіме соғып отырғанымызда, түннің бір уағы болды. Шындығында мұнымыз әңгімеден гөрі, түрлі ойлар мен штрихтарға ұқсайтын еді. Ұялы телефонға жазылған эссе, ұялы телефонмен кино түсірген парсы режиссерінің қасында ойыншық емес пе. Ол үстел басында жазылған эссенің басын оқып, астына: «Эссе удалось. Есть интрига, есть настроение» деп жазып қойды.
Бірақ орыстілді болса да, қазақы мінезбен шыдамай тағы бір сөздер қосты. «Но наверное стоит смягчить трагизм ситуации будто мы, потомки Азата, очень несобранного, не жёсткого, доброго до безвольности мягкого человека на что то обижены...».
Бұрын орыстілділер қазақтілділерді састыратын еді, қазір қазақтілділер орыстілділерді састыратын болды. Менің маңдайдан ұрғандай ғып қойып қалған сұрағым аз-кем қолайсыздық тудырды. Бірақ тілі орысша шыққандар ашық әңгімеге бейіл келеді. Міне, ол да бар комплексті бойынан сылып тастағандай серпіліп:
«Хвала Аллаху, что определенные знания Азата пригодились Олжасу и помогли ему презентовать, пусть и на русском языке (время такое было), казахов на всесоюзной арене в глухую пору расцвета брежневской эпохи...» деп қалды.
Осы тағдырдың бәрін отбасымен бірге басынан өткерген адам жалған айтпаса керек. Біз бұл арада тағы бір ерекше дарынды адамның орнын жоқтағандай болып отырмыз. Әйтпесе, бүкіл кеңестік кеңістіктен өз бағасын баяғыда алып қойған ақында не шаруамыз бар. Егер Олжас Сүлейменов болмаса, «Аз и Я» секілді кітапты қазақ та, орыс та, ешкім де жазбас еді. Сондықтан біреу сөзімізді бұрмалап кетпес үшін екеуміз де ол туралы өз ойларымызды ашық айтқанымыз жөн. Менің алқымдаған сұрағыма ол дәйегі мықты дерегін алдыға тарта жауап берді.
«Азербайджанцы до сих в шоке и почитают казахов, персонально Олжаса именно за «Аз и Я» – есть такой феномен)))! А сами азербайджанцы так и не родили такой публицистическо-научной книги, несмотря на то, что у них в Баку была редакция академического журнала «Советская тюркология». Тут казахи всех советских тюрков обогнали. А если говорить о журнале «Советская тюркология», который отец всегда – наверное единственный в Союзе писателей брал из библиотеки и читал...».
Олжас Сүлейменовтің қандай тұлға екені біз айтпай-ақ жақсы белгілі болса, Азат Сүлеевтің кім болғаны міне, енді айқындала бастады. «Апыр-ай, мынау қандай шетін мәселе еді?» деп ойладым мен ішімнен. Есіме Олжас Сүлейменовтің өзінің «Тауларды аласартпай, даланы асқақтатайық» деген сөзі түсті. Ол сөздің бұл араға ешқандай қатысы жоқ болса да, бізге бір еркіндік беріп тұрғандай сезіндім. Ал сол кезде «Аз и Я» біз әңгіме етіп отырған орыстілді қазақтарға қалай әсер етті, бұл да бір ойға түйіп қоятын мәселе болса керек-ті. Ол бұл тақырыппен етене жақын болғандықтан, Олжастың даңқын өз әкесінің де тағдырымен сабақтастыра былай деді:
«Стоит напомнить, что «Аз и Я» дала хоть какие то ориентиры городской казахской (шала-казахской) молодежи, которая ощутила свою национальное отличие, свое скрытое в веках былое могущество предков... не стоит забывать, что сначала до «Аз и Я» были бурные стихи молодого Олжаса, которые несмотря на язык написания трудно назвать «русскими» стихами...».
Азат Сүлеев қазақша шығармаларды орысшаға жолма-жол аударуға жүйрік болған деседі. Оған Ілияс Жансүгіровтің де, Олжас Сүлейменовтің де тілі іштен таныс.
Жәнібек есімді кішкене балақан дулы кештерде бұрышта отырып, арыстандай күркіреген ақын дауысына талай құлақ түрген болар. Сонда «Сенің тілің орысша болса да, мына өлеңдегі рухың – қазақ!» деген өршіл үндерді де сан мәрте естіген шығар.
«Эй, половецкий край,
Ты табунами славен,
Вон вороные бродят
В ливнях сухой травы.
Дай молодого коня,
Жилы во мне играют,
Я проскачу до края,
Город и степь
Накреня...» –
деген жыр жолдары талай орыстілді қазақтың да қанын ойнатты емес пе?!
Осы өлеңді Әбіш Кекілбайұлы да, Қадыр Мырза Әли де, Ұлықбек Есдәулет те аударды. Солардың ішінде түпнұсқаға жақыны Ұлықбектікі болып шықты.
«Ей, Дешті-қыпшақ даласы,
Даңқың шыққан табынмен.
Үйірлерді қарашы,
Жүзіп жүрген сағыммен.
Бір асауды бер маған,
Тамырым тұр бұлқынып.
Дөңгеленсін жер-ғалам,
Қала, дала ұмтылып...»
Тілі орысша бола тұра, ділін қазақша сайратқан осындай ұлы түйсік «Аз и Я»-ны да айнытпай тапты. Өнер мен ғылымда талмай-танбай ізденетіндерден, шығармашылық түйсігіне сенетіндердің жұлдызы жоғары тұратыны дәлелдеуді қажет етпес те! Менің эссемнің тінін тап басып таныған ұлылардың ұрпағы да жақтан жаңылған жоқ:
«Чтобы написать «Аз и Я» ему необходимо было некие общения не просто с носителями специальных академических знаний, а людьми которые могли бы эти знания популярно объяснить... У отца это очень хорошо получалось, какое-то время был бесплатным проводником по части новинок – что писали журналы от «Иностранной литературы» до журнало «Нева», «Дружба народов» и т.д. в баре Союза писателей...», деп ойымызға тағы бір тамызық тастады.
– Олжас Сүлейменов Мұхтар Әуезовтің де, Ілияс Жансүгіровтің де, Ораз Жандосовтың да ұрпақтарымен өте жақын дос болды, – деп мен де жанықтым. – Осылардың бірімен біліс, бірімен туыс Азат Сүлеев олар сияқты атақ-абыройға бөленген жоқ. Бірақ Азат Сүлеев туралы аңыз бар. Сонда Олжас Сүлейменовтің «Аз и Я»-сы болмаса, ондай аңыз тумайтын ба еді?
– Жоқ, неге? – деп қарсылық білдірді ол. – Знаменитая монография «Кобыз и копьё» между прочим отец тоже принял какое то участие... есть автограф с благодарностью отцу, типа без тебя этот труд не вышел бы, причем написано на русском языке...».
Ол бір отты сөндірмей жатып, екінші шоқты қолымен ұстаған баладай селт еткізді. Ата-тегі бізге белгісіз «Аз и Я»-ның жөні басқа. Ал мынау «Кобыз и копье» төл еңбек емес, әрі кетсе аударма ғой. Дегенмен Азат Сүлеевтің түркітанушы һәм оған еншілес фольклордың білгірі екені де ел мойындаған шындық. Әйтеуір бұл тарапта оның сол кезеңдегі орыс-қазақ руханиятына ортақ тұлға болғаны айдай ақиқат. Бірақ...
– Екеуміз сұхбатымыздың кульминациясына жеттік-ау деймін. Мен де ашық сұрайын, сен де ашық жауап беріп көр. Бір қарасақ, Азат Сүлеев алақанға салып-ақ ұстайтын адам екен. Онда неге ол баяғы бір аңызбен қалды? Неге жаңа аңыздардың тууына себепкер болмады? Жалпы, осындай оқымысты адамның трагедиясы неде?
– Трагедия отца в другом – советскому Казахстану ни в 60-ые, ни в 70, ни в какие другие послевоенные десятилетия оказались не нужны тюркологи, либо им не давали развернуться... и удар пришел по такой позиции совсем с другой стороны...
– Жақсы, түсіндім. Тоталитарлық қоғамға ұлт республикаларынан таланттардың көп шыққаны керек болған жоқ. Оларға жол бермеудің түрлі амалдары жасалды. Жалғыз-жарым жұлдыздарды ғана бетке ұстады. Оған елдің бәрі білетін ғасыр індеті қосылды. Бірақ айтпағым ол емес. Бүгінде сол азғантай аңызы да ұмытылып бара жатқан тектінің ұрпағынан не қалды?
– От отца осталась тоненькая-тоненькая книжица в мягком переплете «Тюркские заимствования в словаре В.Даля»...это студенческий реферат ...и ещё одна журнальная статья в защиту Олжаса уже в середине 90-х...
Сондайлық даңқ пен дақпыртқа себепші болған адамнан пышақтың қырындай ғана кітапша қалыпты. Бізге дейін де еске алғандар шамалы, бізден кейін де ешкім еске ала қоймас. Бұрын «Аз и Я» секілді атақты дүниелер айналасындағы аңыздарымен де даңқынан дақпырты асып, өз жарнамасын өзі жасап жататын. Кейде ұлы дүниелердің рухы тірі болуы үшін де қолдан аңыз ұйымдастырылатыны тарихта талай дәлелденген екен. Ал біз шындықпен шымқалған, дерекпен діттелген, тірі куәлары әлі де арамызда жүрген аңыздардың өзін ұмыта бастаптық. Бұл эссе-сұхбатты мүжілген қалам ұшымен түртпектеп жазғандағы түпкі мақсатымыз да сол ұмыт қалып бара жатқан аңыздарды қайта тірілту еді. Жәнібектің шамырқанған түріне қарап, аңызы семген аңызаққа жан біткендей күй кешкенімізді несіне жасырамыз.
Бәлкім, бұл да табиғат заңы бойынша ұлы дүниелер тудырған ұрпақтың демалып, рухы қайта оянар шақтағы бір жылт еткен үміт оты шығар, кім білген...
Мен кім туралы жазсам, сол адаммен туыс болғандай күй кешем. Міне, бір кеште ресми руханиятымызда орны белгіленбеген оқымысты Азат Сүлеевпен де туыс болып шыға келдім. Үйреншікті әдетпен оған да ескерткіш орнату керек деуден аулақпын, бірақ сондай бір ескерткіш көңілімнің төрінде берік орныққаны анық!