Экономика • 07 Қараша, 2022

Креативті экономика – өзгеріс өлшемі

580 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазір әлем елдері креативті индустрияны пандемия салдарынан діңкелеген экономиканы қайта қалпына келтірудің басты тетігі ретінде қарастырып отыр. Тіпті дағдарыс қос өкпені қысып тұрған 2020-2021 жылдары әлемдік экономиканың ерекше секторындағы өсім 14-15 пайызға жеткен.

Креативті экономика – өзгеріс өлшемі

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Әлемде шамамен 30 млн-ға жуық адам экономиканың креативті секторында. БҰҰ 2021 жылды «Халықаралық креативті экономика жылы» деп жариялады. Біздің ел де индустрияның дәл осы түрінің мүмкіндігін молынан пайдаланбақ ниетте.

Үкіметтің Креативті экономиканы дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжы­рымдамасын бекітуінде де үлкен мән бар. Тұжырымдаманы іске асырудың нәтижесінде 30 мың жаңа жұмыс орны ашылып, эскпорт 200 млн долларға жетеді деген үміт бар. Ұлттық экономика министрлігінің Экономикалық зерттеулер институты ұсынған деректерде 2020 жылы Қазақстандағы жалпы ішкі өнімнің 2,8 пайызы креативті ин­дустрияға тиесілі екені айтылған. Әлем­дік экономиканың креативті даму дең­гейіне баға беретін Ғаламдық инновация индексінің (Global Innovation Index) былтырғы рейтингінде біздің ел 77-орында тұр. Демек назар  аударатын тұстарымыз жетерлік.

Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаевтың пікірінше, креативті индустрияның «тауары» – ақыл-ойдың жемісі. Мұнда басымдық идеяға беріледі.

– Өткен жылдың соңында Үкімет индустрияны дамыту тұжырымдамасын қабылдады. Қазір ол жүзеге асырылып жатыр. Тұжырымдамаға сәйкес, Алматы, Астана және Шымкент шығар­машылық саласында заңды және жеке тұлғалар ең көп шоғырланған басым қалалар саналады. Кәсіпкерлік кодексі­не және «Мәдениет туралы» Заңға шығармашылық салаларға қатысты өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатыр. Кодексте креативті салалар жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың негізгі бағыттарына енгізілген. Бұл ретте министрлік түрлі заңдар мен кодекс­терге өзгерістердің кеңейтілген пакеті қамтылған жоспардан тыс заң жобасын әзірлеуге кірісті, – деді ол өткен аптада Алматыда ұйымдастырылған І Креативті индустриялар апталығында.

Е.Еркінбаевтің айтуынша, креатив­ті индустрия өкілдері мемлекеттік қол­дауға ие болып қана қоймай, кейбір салық түрлерінен де босатылуы тиіс. Бұл бағытта қолдаудың жеке қоры болуы керек. Ол тек мемлекет есебінен ғана емес, меценаттар мен бюджеттен тыс төлемдер есебінен де қаржыландырылмақ. Бұл жаңалықтардың барлығы заң жобасында қарастырылатын авторлық және сабақтас құқықтар туралы нормаларды жетілдірумен қатар жүруі тиіс.

– Заң жобасының тұжырымдамасы осы жылдың соңына дейін жұртшылыққа ұсынылады. Сондай-ақ Үкімет жыл соңына дейін креативті салалардың ішінен жеңілдетілген қаржыландыру ретін­де қолданыстағы мемлекеттік қол­дау шараларына жататын басым қызмет түрлерінің тізбесін айқындауға кірісті. Басым бағыттағы қалаларда кәсіпкерлікті қолдаудың өңірлік бағдарламалары аясында қазірдің өзінде жергілікті қолдау бағдарламалары әзірленуде, – деп нақтылады вице-министр.

Е.Еркінбаев былтыр қабылданған тұжырымдама жасампаз экономика тұжырымдамасын айқындаған алғаш­қы құжат екенін атап өтті. Құжат заң­нама­лық тұрғыдан бекітілгеннен кейін жасам­паз экономика бағытына жататын 50 қызмет түрінің қайсысына қолдау көрсету қажет және олардың қайсысында перспектива бар екенін анықтау қажет.

– Осыдан кейін мемлекеттік қолдау тетіктерін құру маңызды. Оның ішінде Мәдениет және спорт министрлігі жанынан шығармашылық экономиканы дамытатын корпоративтік қор құру керек. Корпоративтік қор еліміздің таланттарын іріктеуге, тәрбиелеуге, жеделдетуге, оларды оқытуға, содан кейін халықаралық платформаларға ілгерілетуге әрі экспорттауға және олар­дың шығармашылығын үлкен беделді платформаларда жүзеге асыруға ақша бөлетін болады. Корпоративтік қор ақшалай инвестициядан қайтарым күтпейді. Бұдан бөлек венчурлық қор құру маңызды. Бірінші кезеңде біз Астанадағы жұмыс істеп тұрған қорға қосымша мандат береміз. Қорда жобалар арасында бөлінетін белгілі бір қаражат болады, – деп түсіндірді Е.Еркінбаев.

Вице-министр алдағы 5-10 жылда бұл сала локомотивке айналады және мемлекеттік қолдау шаралары қазіргідей қажет болмай қалады деген пікірмен келісетінін айтты.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыровтың айтуынша, шығармашылық индустрияны дамыту үшін тиісті жағдай жасау керек. Бұл ретте Алматыда шығармашылық салаға жата­тын 22 мыңнан астам кәсіпкерлік субъек­тісі тіркелген. Өткен жылы бұл кәсіп­орындар 5,4 млрд теңге салық төлеген.

– Біз креативті индустрияның эко­номикалық тұрғыдан маңызды бол­ғанын қалаймыз. Бүгінде көптеген адамдар электронды түрде жұмыс істейді. Біздің міндетіміз – жасампаз экономиканы мегаполистің қуатты экономикалық кілтіне айналдыру. Алматы – қызмет көрсету қаласы. Мұн­дағы экономиканың жартысына жуығын шағын және орта бизнес құрай­ды. Қала әкімдігінің бірқатар бастамасы бар. Алдымен өзіндік экожүйені құру қажет. Хабтар мен кластерлердің қалыптасуына мемлекет қолдау көрсете алады. Осындай орындар көп болуы керек, – дейді Ә. Әбдіқадыров.

Расында да, мегаполистер экономи­каның дәл осы сегментінің күре тамыры саналады. Алматы – ЮНЕСКО-ның креативті қалалар желісіне қосылған Орталық Азиядағы жалғыз қала. Ә.Әбдіқадыров айтып өт­кендей, креативті индустрия эконо­мика үшін маңызды. Тіпті Лондон, Нью-Йорк, Токио, Гонконг, Берлин, Барселона, Мәскеудегі креативті экономика нарық, бизнес және шығармашылық арасында қалыптасты. Демек бұлардың мүмкіндіктерін үйлестіру барлық саланың дамуына жол ашады.

Алматыда соңғы жылдары ақ­па­рат­тық жүйелерді жобалау, бағдар­ламалық қамтамасыз ету, веб-портал­дарды әзірлеу, музыка, киноиндустрия, жарнама, маркетинг, білім беру және мәдениет саласындағы қызметтер саны өсіп келеді. Былтыр креативті индустрия саласындағы бизнес субъектілері 5,4 млрд теңге салық төледі. Көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 5 пайызға өскен. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың көбі Бостандық (5 862 субъект), Алмалы (5 214), Медеу (3 845) аудандарының, ең азы Алатау (1 138) және Наурызбай (773) аудандарының үлесінде.

– Арнайы жүргізілген сауалнама қорытындысы бойынша Алматыда креативті индустрияның дамуына кедергі келтіріп отырған бірқатар мәселе анықталды. Алматыда креативті кәсіпкерлердің 85 пайызы инфрақұрылым жеткіліксіздігін бастан кешіп отыр. Ал 56 пайызы бизнесті жүргізу құзыретінің деңгейі төмен екенін айтқан. 31 пайызына қаржыландыру жетіспейді. 10 пайызы білікті кадрлардың тапшылығын айтқан. Бұл проблемалар креативті индустрияны дамыту үшін инфрақұрылымды қалыптастыру, креативті индустрияға кәсіпкерлікті ынталандыру, білім, тәжірибе мен құзы­реттерді қалыптастыру, оны тарату жолымен ғана шешіледі, – дейді Алматы қаласы әкімінің орынбасары.

Қырғызстандағы креативті индус­трияның өкілі Данияр Амана­лиевтің пайымдауынша, көрші елде заңнаманың жетілмеуі экономиканың дәл осы сегментінің дамуына кедергі болып жатыр. Сол себепті қырғыз компаниялары басқа елдерге барып тіркелгенді құп көреді. Бұл елде 2021 жылдың қазан айында креативті индустрия қауымдастығы құрылған. Әзірге оның құрамында 20-дан астам компания бар. Құрылтайшылар заңды тұлғаларды ғана емес, патентпен де, сертификатпен де жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлерді тарту арқылы олардың санын кемінде 5 есе арттыруды жоспарлап отыр. Орталық Азия елдеріндегі үлес салмағы артып келе жатқан жастарды осы салаға баулу арқылы жұмыссыздық проблемасын шешуге болады. 

– Бүгінде Қырғызстанның креативті экономикасында нақты қанша адам жұмыс істейтінін анықтау қиын. Олардың басым көпшілігі ютуберлер, блогерлер, иллюстраторлар, дизайнерлер, суретшілер деп болжауға болады. Бірақ қанша екенін растай алмаймыз. Нақты тұжырымдама болмағандықтан, ішкі жалпы өнімдегі үлесін де анықтай алмаймыз. Бірақ нарықтың осы сегментінде жүрген мамандарымыз шет елдерде үздік атанып жатыр. Өз басым сарапшы ретінде шекаралық аймақтардың әлеуетіне басымдық беруді құп көремін. Бізге шекаралық аймақтарда екі елге де ортақ тұжырымдамамен жұмыс істейтін креативті индустриалды-креативті хаб құратын кез келді. Бұл әлемдік креативті индустриямен интеграциялану процесін тездетеді, – дейді Д.Аманалиев.

Экономиканың креативтік секторы әлем үшін шығармашылық пен интелектуалдар тандемінің жаңа өнімі екені даусыз. Данияр Аманалиев атап өткендей, бұрын біз шығармашылықты адам­дардың сезіміне әсер ету үшін берілетін субсидия ретінде қарас­тыр­дық. Қазір ол жаһандық эконо­ми­ка­ның ең жылдам дамып келе жатқан сегменттерінің біріне айналды.

– Біз қазақстандық мамандармен тығыз байланыс орнатуды қалаймыз. Бұл креативті индустриядағы кедергі­лерді оңай еңсеріп, әлемдік нарықпен инте­грациялану үрдісін кеңейтеді. Алда­ғы халықаралық конференция Өзбек­станның Самарқан қаласында өтеді. Сол кезде Орталық Азияда креативті индус­триялық хаб құру мәселесін тереңірек талдайтын боламыз, – дейді ол.

Сaravan Cultura CreArt агенттігінің (Нидерланды) негізін қалаушы Елена Харитонова экономиканың бұл сегменті уақытпен бірге жаңарып тұратынын, сарапшылар оған сипаттама беруге үлгере алмай жатқанын айтты. Бұрын бұл саланың тек шығармашылық сипатына басымдық берілсе, қазір әр қырынан ашыла бастады. Аталған сегменттің басты айырмашылығы – шекараның бол­мауы және сыртқы нарыққа шығу жолдарының жеңілдігі. 

– Креативті экономика жұмыс орын­дарының генераторы ретінде қоғам­ның әл-ауқатын арттыруда маңызды функция­ны орындайды. Жеке адамның өзін-өзі бағалауын ынталандырады және жалпы өмір сапасын жақсартады. Осылайша, креативті экономика инклюзивті және тұрақты даму факторларының бірі болып саналады. Мәдениет – адам мен тұрақты дамудың қозғалтқышы әрі катализаторы. Ол адамдарға өз дамуын басқаруға мүмкіндік береді, инновациялар мен шығармашылықтың катализаторы ретінде әрекет етеді. Бұл өз кезегінде инклюзивті және тұрақты өсуге жол ашады, – дейді Е.Харитонова.

 

АЛМАТЫ